Өңірдің өндірістік қуаты мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту күн тәртібінде

Oinet.kz 09-11-2026

Кентау қаласында «Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері өндіріс орнының қызметкерлерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасындағы негізгі бағыттарды таныстырды.

Screenshot_5.png

Алдымен Кентау трансформатор зауытының еңбек ұжымымен өткен жүздесуде өнеркәсіп саласын дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды. Кездесуге қатысқан облыстық филиал төрағасы әрі сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов өңірде жүзеге асыру жоспарланған жобаларға тоқталды.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында 2031 жылға дейін Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның ішінде Кентау қаласында алты жобаны жүзеге асыру арқылы 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өндірістік қуатты арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.

Бағдарламада еңбек нарығын қолдауға да басымдық берілген. Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарын ашу, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жастар практикасын дамыту және «Күміс жас» жобасы арқылы аға буын өкілдерін жұмыспен қамту шаралары қарастырылған.

Кездесуде зауыт қызметкерлері өндірісті өркендету мен еңбек жағдайына қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Бұдан кейін партия өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарларды кеңінен түсіндірді. Жиында табиғи газбен қамту, жол сапасын жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту, білім беру мен медицина нысандарын дамыту мәселелері талқыланды.

Screenshot_6.png

Сайлауалды бағдарламада белгіленген межелерге сәйкес, 2031 жылға қарай елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 75,6 пайыздан 97 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға арттыру көзделеді.

Әлеуметтік салада 25 жаңа білім беру нысанын салу, 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізу, 48 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру және 23 спорт кешенін тұрғызу міндеттері қамтылған. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағытында шағын және орта бизнес өндірісінің көлемін 30 пайызға ұлғайту межесі белгіленген.

Экономикалық өсімге ықпал ететін бағыттардың қатарында ауыл шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де бар. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік мүмкіндіктерді кеңейту және жұмыспен қамту мәселелерін шешу мақсатымен ұштастырылған.

Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу, бейнебақылау жүйелерін орнату және тұрғындардың өтініштерін қарау тетіктері де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, шалғай елді мекендерде «Әділет керуені» қоғамдық қабылдауларын өткізу және халықпен тұрақты кері байланыс орнату жоспарлары айтылды.

Партия өкілдері бағдарламадағы міндеттердің нақты көрсеткіштер мен мерзімдерге негізделгенін атап өтті. Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстарын жеткізіп, өңірдің дамуына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты.

Партия өкілдері тұрғындармен тікелей диалог орнатуда
Қала мен ауылдың дамуына бағытталған жоспарлар таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу