Партия өкілдері тұрғындармен тікелей диалог орнатуда
Түркістан облысында «Әділет» партиясының қоғамдық-саяси және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде.

Партия өкілдері еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларды талқылауда. Сонымен қатар жастар штабы да сайлауалды бағдарламаны кеңінен таныстыруға атсалысып келеді.
Осы бағыттағы кездесулердің бірі Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылдық округінің Низамабад елді мекенінде орналасқан «ЮГ СЛАДОСТИ» кәсіпорнында өтті. Басқосуға өндіріс қызметкерлері, ауыл жастары мен тұрғындар қатысып, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер жөнінде пікір алмасты.
Әңгіме өзегіне экономиканы әртараптандыру, отандық өнім өндірісін ұлғайту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және еңбек нарығын дамыту мәселелері арқау болды. Партия өкілдері жергілікті өндіріс орындарының өңір экономикасындағы рөліне тоқталып, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызын атап өтті.
Кездесудің кәсіпорында ұйымдастырылуы да тегін емес. Печенье өндіруге маманданған «ЮГ СЛАДОСТИ» бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндіріс орны тәулігіне бір тоннаға дейін өнім шығарады. Бұл – жергілікті кәсіпкерліктің дамуы мен отандық тауар өндірісінің нақты көрсеткіштерінің бірі. Жиынға қатысушылар кәсіпорынның алдағы даму мүмкіндіктері мен ауылдағы жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды.
Ал Шардара ауданында «Әділетті болашақ үшін» атты 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарлама тұрғындарға таныстырылды. Кездесуде білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттары түсіндірілді.

Тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу барысында жергілікті халықтың пікірін ескеру, әлеуметтік міндеттерді жүйелі шешу және өңірдің даму әлеуетін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Жалпы, партияның өңірдегі жұмысы тек тікелей кездесулермен шектелмейді. Ақпараттық науқанның ауқымын кеңейтуге жастар штабы да белсенді үлес қосып отыр. Облыстың аудан-қалаларындағы кәсіпкерлік нысандар мен арнайы ақпараттық орындарға сайлауалды бағдарлама туралы баннерлер орналастырылып, тұрғындарға басым бағыттар жөнінде мәлімет берілуде. Бұл жұмыстар нысан иелерінің келісімімен жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, облыстың 17 аудан-қаласында 400-ге жуық жас үгіт-насихат жұмыстарына тартылған. Олар «Есіктен есікке» акциясы аясында тұрғындармен жүздесіп, партияның бағдарламалық ұстанымдарын түсіндіруде. Жастардың қатысуымен ұйымдастырылған кездесулер мен ақпарат тарату жұмыстары азаматтардың сайлауалды бастамалар туралы хабардар болуына бағытталған.
Айта кетейік, апта бойы Түркістан қаласы, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт және Шардара аудандарында да түрлі сала өкілдерімен жүздесулер ұйымдастырылды. Әр аймақтағы кездесулер жергілікті ерекшеліктерге сай өрбіді. Бірінде білім беру мен педагогтерді қолдау мәселелері көтерілсе, енді бірінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, өндіріс және спорт салаларын дамытуға басымдық берілді.
Осылайша, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыс тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға, еңбек ұжымдарының пікірін тыңдауға және партияның алдағы бес жылға арналған жоспарларын көпшілікке жеткізуге бағытталған. Партия өкілдері ақпараттық-түсіндіру шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.


