«Әділет» партиясы ауылды дамыту мәселелерін көтерді
Ауыл экономикасын нығайту, өндіріс көлемін ұлғайту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – өңірдің өркендеуіне негіз болатын маңызды бағыттар.

Осы мәселелер Қазығұрт ауданында өткен «Әділет» партиясының сайлауалды кездесулерінде кеңінен талқыланды. Партия өкілдері ауыл тұрғындарымен жүздесіп, жергілікті кәсіпорынның жұмысымен танысты және 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының басымдықтарын түсіндірді.
Алдымен Қазығұрт ауданының тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесуде «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов алдағы бес жылға жоспарланған міндеттерге тоқталды. Жиынға облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Алтынсары Үмбеталиев пен Нұралы Әбішов, «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы, аудандық штаб мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Штаб жетекшісі партия бағдарламасының басты мақсаты азаматтарға тең мүмкіндік қалыптастыру, әлеуметтік жағдайды жақсарту және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану екенін жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысы халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыл шаруашылығын қолдау, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру және шаруалардың табысын арттыру мәселелері ерекше назарда болуы тиіс.
Бағдарламада заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, әділ экономикалық орта қалыптастыру, цифрландыру, әлеуметтік ынтымақтастық пен адами капиталды дамыту секілді бағыттар қамтылған. Сонымен қатар тұрғын үймен қамту, жол сапасын жақсарту, инженерлік желілерді жаңғырту, ауызсу мен газ мәселесін шешу және жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттері де басымдық ретінде белгіленген.
Кездесу барысында кандидаттар мен қоғам өкілдері де өзекті мәселелерді ортаға салды. Алтынсары Үмбеталиев ауылдық аумақтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен халықтың әл-ауқатын көтерудің маңызын атап өтті. Нұралы Әбішов жергілікті тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алу қажеттігін айтты. Ал Еркебұлан Мадиярұлы жастарды жұмыспен қамту, кәсіби білім беру және спорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Сондай-ақ Шарбұлақ ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Боранбаев, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы Әбілахан Жылқыбаев және «Шарбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебі директорының орынбасары Мұхит Батырбеков ауылдың дамуы, қоғамдық келісім, ұрпақ тәрбиесі мен білім беру саласына қатысты пікірлерін білдірді.

Партия өкілдері ауданға сапары аясында Шарбұлақ ауылдық округіндегі «Сапа-2002» ЖШС кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен де танысты. Бүгінде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестікте 8 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау кешені жұмыс істейді.
Кәсіпорын өндірістік бағытты кеңейту мақсатында мақсары, мақта және пісте майларын терең өңдеу жобасын қолға алған. Құны 200 миллион теңге болатын жоба аясында Қытайдан жеткізілген жабдықтар құрастырылып, алғашқы өнім үлгілері сынақтан өткізілуде. Жаңа өндіріс орнының тәуліктік қуаты 15 тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған. Жоба толық іске қосылған жағдайда қосымша бес адам жұмыспен қамтылмақ
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында Алмас Салимов ауылдық жерлерде осындай өндірістік жобаларды көбейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, жергілікті шикізатты терең өңдеу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және инвестиция тарту ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазығұрт ауданындағы кездесулерде ауылдың әлеуметтік ахуалынан бастап, өндіріс пен кәсіпкерліктің даму мүмкіндіктеріне дейінгі мәселелер қамтылды. Тұрғындар өз ұсыныстарын жеткізіп, ауданның алдағы даму бағыттарына қатысты пікір алмасты.
Партия өкілдері өңірді өркендету нақты экономикалық жобалармен, сапалы инфрақұрылыммен және халықтың белсенді қатысуымен жүзеге асатынын атап өтті. Кездесулер соңында тұрғындар мен кәсіпорын қызметкерлеріне алғыс айтылып, алдағы мәслихат сайлауында азаматтық ұстаным танытуға шақырылды.


