Түркістан өңірінде білім беру, жұмыспен қамту және медицина салалары қатар дамиды

Oinet.kz 12-11-2026

Түркістан облысында алдағы бес жылда адами капиталды дамыту, кәсіби мамандар даярлау, тұрақты жұмыс орындарын ашу және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар міндетті жүзеге асыру көзделіп отыр. 

123562.jpg

Бұл мәселелер «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Бағдарламаның негізгі бағыттары Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы білім беру ұйымдарының, коммуналдық мекемелердің, медицина қызметкерлерінің ұжымдары және тұрғындармен өткен кездесулерде таныстырылды.

Партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат, сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов бастаған өкілдер өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылап, алдағы кезеңге арналған жоспарлармен бөлісті.

Кездесулердің бірінде Арыс қаласындағы №17 колледж ұжымымен кәсіби-техникалық білім берудің болашағы сөз болды. Қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау және жастардың алған білімін тәжірибемен ұштастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

123563.jpg

Осы бағытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын 40 пайызға арттыру, дуальды оқыту жүйесімен қамтылған студенттердің үлесін 42 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпорындардың нақты қажеттілігіне сәйкес, оқу бітірген соң жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыратын мамандар даярлау көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Алмас Салимов кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мен оқу бағдарламаларын өндіріс талаптарына сәйкестендірудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, колледж түлектерінің алған мамандығы бойынша еңбек етуіне жағдай жасау – білім беру саясатының маңызды міндеттерінің бірі.

Бұл ретте білім беру жүйесін жаңғырту тек колледждермен шектелмейді. Сайлауалды бағдарламада 2031 жылға дейін облыста жалпы сыйымдылығы 5 450 орын болатын 25 білім беру нысанын салу, 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Сондай-ақ мектепке дейінгі және қосымша біліммен қамту аясын кеңейту, STEM кабинеттерін көбейту, жасанды интеллект саласындағы ғылыми жобаларды қолдау және ауылдық тірек мектептерінің ресурстық орталықтарын дамыту міндеттері белгіленген.

Білім саласындағы осы бастамалар Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің ұжымымен өткен кездесуде де талқыланды. Онда педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, оқу орындарының техникалық мүмкіндіктерін кеңейту және жастардың заманауи мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау мәселелері көтерілді.

123564.jpg

Өңірдің экономикалық дамуы мен еңбек нарығын қалыптастыруда өндіріс орындарын ашудың да маңызы зор. Партия бағдарламасында 2031 жылға дейін Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл бастамалар жаңа өндіріс орындарын іске қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.

Атап айтқанда, Жетісай ауданында бес инвестициялық жоба арқылы 350-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал Мақтаарал ауданында үш жобаны іске асыру нәтижесінде 100-ден астам адамды жұмыспен қамту межеленген. Бұған қоса, шағын және орта бизнесті қолдау аясында жыл сайын 150 кәсіпкерге, 2031 жылға дейін жалпы 900 кәсіпкерге қолдау көрсету көзделген.

Жетісай ауданындағы «Жетісай қызмет» және «Жетісай су» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездесуде еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы мен коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысы мәселелері қозғалды. Қала мен ауылдардың тазалығы, абаттандырылуы, ауызсу жүйесінің үздіксіз қызметі осы сала мамандарының күнделікті еңбегіне тікелей байланысты екені айтылды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарлары Жетісай ауданы бойынша да нақтыланған. Абай және Ақниет ауылдарында медициналық пункттер салу, Қызылқұм елді мекенінде дәрігерлік амбулатория ашу, Достық ауылындағы медициналық пунктті пайдалануға беру көзделіп отыр. Мәдениет саласында Жылысу елді мекенінде мәдениет үйі мен кітапхана салу, Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрын күрделі жөндеу жоспарланған. Ал Ынтымақ және Қазыбек би елді мекендерінде спорт кешендерін іске қосу қарастырылған.

123565.jpg

Мақтаарал ауданында да медициналық инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірнеше жоба белгіленген. 2026 жылдың соңына дейін Алғабас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жамбыл ауылында медициналық пункт пайдалануға берілуі тиіс. 2027 жылы Қалыбеков елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланса, 2028 жылы Қоңырат және Наурыз ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтермек. Сонымен бірге Абай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу көзделген.

Жалпы облыс көлемінде 2031 жылға дейін 48 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалармен қатар медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын қорғау және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру міндеттері де қамтылған.

Мақтаарал аудандық «Атакент» емханасының ұжымымен өткен кездесуде медицина мамандарын әлеуметтік қолдау мәселесіне де көңіл бөлінді. Бағдарламада 2031 жылға дейін кеңейтілген практика бойынша мыңнан астам мейіргер даярлау және жыл сайын 25 медицина қызметкеріне әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Сонымен қатар ана өлімін төмендету, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейін азайту межелері белгіленген.

Алмас Салимов кездесулер барысында білім беру, өндіріс, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы бастамалардың өзара байланысты екенін атап өтті. Өйткені білікті маман даярлау үшін сапалы білім беру жүйесі қажет болса, сол мамандардың өз өңірінде еңбек етуіне мүмкіндік беретін жұмыс орындары мен қолайлы әлеуметтік орта қалыптасуы тиіс.

123566.jpg

Басқосуларда колледж оқытушылары, коммуналдық мекеме қызметкерлері, медицина мамандары мен аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Партия өкілдері көтерілген сұрақтарға жауап беріп, сайлауалды бағдарламада қарастырылған жоспарларды түсіндірді.

Жалпы ұсынылған бастамалар Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру, еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту және ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бағыттарын қамтиды. Алдағы кезеңде бұл жоспарлардың орындалуы өңірдің даму көрсеткіштері мен тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін негізгі мәселелердің бірі болмақ.

Түркістан облысында жастарға мүмкіндік көбейіп, Арыста жаңа жұмыс орындары ашылады
Экономика, әлеуметтік қолдау және әйелдер белсенділігі назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу