Түркістан облысында жастарға мүмкіндік көбейіп, Арыста жаңа жұмыс орындары ашылады
Түркістан облысында алдағы бес жылда экономикалық өсімді қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұл бастамалар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Бағдарламаның негізгі басымдықтары жастармен және Арыс қаласының тұрғындарымен өткен кездесулерде кеңінен таныстырылды.
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов бастаған сайлауалды штаб мүшелері өңір жастарына партияның алдағы кезеңге арналған жоспарларын таныстырды. Кездесу барысында білім беру сапасын арттыру, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және цифрлық технологиялардың қолжетімділігін кеңейту мәселелері талқыланды.
Алмас Салимовтің айтуынша, жастардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін оларға сапалы білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және жеке кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл бағытта инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру маңызды рөл атқарады.
Партия бағдарламасында 2031 жылға дейін облыста 5 450 орындық 25 білім беру нысанын салу және 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Сонымен бірге 105 инвестициялық жобаны іске асыру, шағын және орта бизнестің өнім көлемін 30 пайызға арттыру көзделіп отыр. Мұндай бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың кәсіби тұрғыда дамуына жол ашпақ.
Кездесуде «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Еркебұлан Мадиярұлы да жастар мәселесіне тоқталды. Ол білім алу мен еңбекке орналасудан бөлек, жас буынның қоғамдық өмірге белсенді араласуы да маңызды екенін атап өтті. Жастар тарапынан қойылған сауалдар мен ұсыныстар цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мобильді интернет сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау төңірегінде өрбіді. Бағдарламада облысты мобильді интернетпен қамту деңгейін 99,9 пайызға жеткізу міндеті де белгіленген.
Жалпы облыстық жоспарлармен қатар, Арыс қаласының дамуына қатысты нақты жобалар да ұсынылды. Қала тұрғындарымен өткен кездесуде сайлауалды штаб өкілдері алдағы жылдары инвестициялық белсенділікті арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және әлеуметтік нысандар санын көбейту бағытындағы міндеттерді таныстырды.
Жоспар бойынша 2031 жылға дейін Арыста екі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде шамамен 550 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін екі өндірістік жобаны іске қосу көзделген. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, өңдеу саласын дамытуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Алмас Салимов қала экономикасын өркендетуде өндіріс пен ауыл шаруашылығын қатар дамыту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, инвестициялық жобалардың тиімділігі олардың жергілікті халыққа нақты пайда әкелуімен өлшенуі тиіс. Осыған байланысты бағдарламада жұмыс орындарын ашумен қатар, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру және спорт нысандарын көбейту мәселелері де қамтылған.
Ауыл шаруашылығы саласында Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округіндегі А1 канал бойында су қоймасының құрылысын 2031 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұған қоса, егістік алқаптарында су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану көзделген.
Әлеуметтік саладағы жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2027 жылы Ақдала елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Спорт инфрақұрылымын дамыту аясында 2026 жылдың соңына дейін Байырқұм ауылындағы спорт залы мен Теректі және Ошақты ауылдарындағы ангар үлгісіндегі спорт кешендерін пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал кейінгі кезеңде Жиделі мен Монтайтас елді мекендерінде де спорт нысандары бой көтермек.
Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламасы өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, білім беру, жұмыспен қамту, медицина және спорт салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысының, соның ішінде Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болмақ.


