Экономика, әлеуметтік қолдау және әйелдер белсенділігі назарда
Түркістан облысында алдағы жылдары экономикалық әлеуетті арттыру, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жетілдіру, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында бірқатар міндетті жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұл мәселелер «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Құжаттың негізгі басымдықтары Сайрам, Созақ аудандары мен Түркістан қаласында өткен кездесулерде талқыланып, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының назарына ұсынылды.
Партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов бастаған өкілдер Ақсукент ауылының тұрғындарымен кездесіп, өңірді дамытудың алдағы бес жылға арналған жоспарларын таныстырды.
Бағдарламада Әділет, Заң мен тәртіп, Жауапкершілік, Патриотизм, Прогресс және Келісім қағидаттары негізге алынған. Онда экономиканы дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын қолдау, жол және инженерлік желілерді жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру секілді бағыттар қамтылған.
Кездесуде облыстың демографиялық және аумақтық ерекшеліктеріне де назар аударылды. Өңірде екі миллионнан астам адам тұрады, олардың 75,5 пайызы ауылдық елді мекендерде қоныстанған. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын қолдау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағдарламаның маңызды бағыттары ретінде белгіленген.

Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында өткен басқосуда да осы міндеттер кеңінен сөз болды. Мұнда сайлауалды бағдарламаның бірнеше бағыты бойынша нақты көрсеткіштер таныстырылды.
Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» бағыты аясында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін тоғыз мыңнан астам бейнебақылау камерасын орнату және 400-ден астам «Әділет керуені» қабылдауын өткізу жоспарланған. «Тиімді институттар» бағыты бойынша депутаттардың халық алдындағы есептілігін күшейту, қоғамдық қабылдаулар мен есептік кездесулердің санын арттыру көзделген.
Ал «Қуатты өңірлер» бастамасы тұрғын үй құрылысын дамытуға, елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 97 пайызға жеткізуге және 2 500 шақырым жолды жөндеуге ықпал етуге бағытталған. Сонымен бірге ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс жағдайын көтеру мәселелері де қамтылған.

Экономикалық бағыттағы жоспарлар Созақ ауданындағы индустриялық аймақты аралау кезінде өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен талқыланды. Кездесулер барысында кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске қосу және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері көтерілді.
«Әділ экономика» бағыты бойынша облыста 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 14 агрожобаны іске қосу және 1 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Алмас Салимов өндірістің дамуы ең алдымен халықтың тұрмысынан көрініс табуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі нәтижелері тұрақты жұмыс орындарының көбеюі, азаматтардың табысының артуы және еңбек жағдайының жақсаруымен өлшенеді.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері «Манкент» шипажайының ұжымымен өткен кездесуде де талқыланды. Онда медициналық қызметтің қолжетімділігі, ауылдық аумақтардағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы жөнінде пікір алмасты. Шипажай мамандары салаға қатысты ұсыныстарын білдіріп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Өңірлік даму мәселелерімен қатар, әйелдердің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірге қатысуын кеңейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Түркістан қаласында «Әділет» партиясы облыстық филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талқылауға арналған пікір алмасу алаңы өтті.
Жиынға облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева модераторлық етті. Қатысушылар әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және құқықтық теңдікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Оразкүл Қолдасова психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде баяндама жасады. Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Зухра Амирова ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мен бизнес бастамаларын дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.
Арыс қалалық «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығының басшысы, қалалық Әйелдер қанатының жетекшісі Мөлдір Сарыпбекова әлеуметтік қолдау көрсету және инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы тәжірибесін ортаға салды.
Пікір алмасу барысында әйелдердің қоғамдық жұмыстарға араласуына жағдай жасау, ауылдық жерлерде кәсіп ашуға ниетті азаматшаларды қолдау, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін кеңейту қажеттігі айтылды. Қатысушылар әйелдердің бастамаларын қолдау олардың экономикалық дербестігімен қатар, қоғамдағы белсенділігін арттыруға да ықпал ететінін атап өтті.
Жиындар барысында тұрғындар, өндіріс қызметкерлері мен сала мамандары өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері қойылған сауалдарға жауап беріп, бағдарламада қарастырылған міндеттерді түсіндірді.
Жалпы, таныстырылған бастамалар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, ауылдық аумақтардың дамуына, халықтың әлеуметтік қорғалуына және азаматтардың қоғамдық өмірге араласуына бағытталған. Алдағы бес жылға белгіленген міндеттердің орындалуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды мәселелердің бірі болмақ.


