«Әділет» партиясы Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған басымдықтарды таныстырды
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының өкілдері Түлкібас ауданында бірқатар кездесу өткізіп, өңір тұрғындары және «ALTYN NAN» ЖШС ұжымымен жүздесті.

Кездесулер барысында партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаның негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, алдағы кезеңде аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру, өндірісті өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты назарда болады.
Атап айтқанда, бағдарламада инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағыттары қамтылған. Сонымен қатар жергілікті өнім өндірушілерді қолдау және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін өндірістердің санын көбейту көзделіп отыр. Ет, сүт және өзге де өнімдерді өңдеу көлемін ұлғайту ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті жандандыруға және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етпек.
Жұмыспен қамту мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Осы ретте жастар практикасын кеңейту, субсидияланатын және қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын көбейту, сондай-ақ «Күміс жас» жобасы арқылы еңбек етуге ниетті аға буын өкілдерін қолдау жоспарланған.
Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелері де кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, жол сапасын жақсарту, халықты сапалы ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеттері белгіленген. Бұған қоса денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау жүйесінің сапасын арттыруға басымдық берілмек.

Білім саласында мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуын жаңарту, жаңа білім беру нысандарын салу, ұстаздарды қолдау және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру көзделген. Ал спорт пен мәдениетті дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және қоршаған ортаның жағдайын жақсарту өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттар ретінде айқындалған.
Кездесулерде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары өңірдің болашағына қатысты сауалдарын қойып, кандидаттардан тұшымды жауап алды.
Өз кезегінде партия өкілдері сайлауалды бағдарламада белгіленген бастамаларды түсіндіріп, халықпен ашық диалог орнатудың маңыздылығына тоқталды. Мұндай кездесулер тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.


