Түлкібас ауданында сайлауалды кездесулер өтті: үміткерлер өңірді дамыту жоспарларын таныстырды

Oinet.kz 12-11-2026

2026 жылғы 29 қарашада өтетін Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауы қарсаңында «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидаттар Алтынсары Үмбетәлиев пен Жанысбек Саев Түлкібас ауданында бірқатар кездесу өткізді.

Screenshot_3.png

Үміткерлер алдымен аудан тұрғындарымен жүздесіп, кейін «Түлкібас инновациялық кешегі» ЖШС, «Бейбарс Ботлерс» зауыты және «Қарқын Трейд» ЖШС ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесулерде ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру, жол сапасын жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері қозғалды. Сонымен қатар өндіріс орындарының жұмысын жандандыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бастамаларға басымдық берілді.

Кандидаттармен әңгіме барысында тұрғындар мен кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әсіресе өңірдегі жұмыспен қамту, өндірісті өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне назар аударылды. Үміткерлер қойылған сауалдарға жауап беріп, айтылған ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.

Screenshot_4.png

Кездесулер аясында аудан экономикасы үшін маңызы бар өндірістік жобалар да назардан тыс қалмады. Солардың бірі – Кемербастау ауылдық округіндегі «Бейбарс Ботлерс» зауыты. 2025 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында бүгінде 120 адам тұрақты еңбек етеді. Мұнда заманауи технологиялар арқылы RC Cola, RC Orange және RC Green Apple алкогольсіз сусындары өндіріледі. Зауыттың өндірістік қуаты сағатына 15–20 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын аумағында қосымша өндіріс орнының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған жағдайда тағы 80 адам жұмыспен қамтылып, жалпы қызметкерлер саны 200-ге жетпек. Бұл бастама ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ «Қарқын Трейд» ЖШС жүзеге асырып жатқан ірі инвестициялық жобаға да ерекше мән берілді. Кәсіпорын Түлкібас ауданында Түркістан облысындағы ірі бройлер құс фабрикасының құрылысын жүргізуде. Аталған жобаның іске асуы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Screenshot_5.png

Кандидаттар мұндай өндірістік бастамалардың жергілікті экономика үшін маңызы зор екенін атап өтіп, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, отандық өндірісті қолдау және инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал ету қажеттігін жеткізді

Жалпы, Түлкібас ауданындағы кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатып, өңірдің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Кездесу соңында үміткерлер тұрғындарды 29 қараша күні өтетін сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

«Әділет» партиясы Президент Жолдауын іске асыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі
«Әділет» партиясы Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған басымдықтарды таныстырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу