Бүкіл тарихи дәуірдің тынысын шебер бейнелеген

Oinet.kz 15-12-2022 594

Screenshot_6.jpg

Шерхан Мұртаза әрбір шығармасында шындықтың шырақшысы болған. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары  оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті, журналистика кафедрасы студенті Шаира Жураханованың шығармасын ұсынамыз.

"Еліміздің кешегі күні мен бүгініне куә болған, тарихтың ауыр зардаптарын көрген,сезген жазушыдан өшпес мәңгі мұра қалды. Жазушының ұмытылмас шығармашылық қорында очерктер, романдар, повестер, роман-трилогиясы, пьессалары мен әңгімелер жинақтары бар. Атап айтарлық белгілі еңбектері: “Мылтықсыз майдан”, “41-жылғы келіншек”, “Интернат наны”, “Қызыл жебе”, “Ай мен Айша”, тағы басқалары.

Жазушы совет кезеңінің және Отан соғысы жылдарының құрдасы болғандықтан көптеген туындылары сол кезеңдегі қиындықтар, ашаршылық, әділетсіздікпен тікелей байланысты болды. Сорапыл соғыстың салқын күндерін, ызғарлы желтоқсан оқиғасын өз қаламына арқау еткен жазушы, сол бір ауыр кездерді қаз қалпы жеткізгендей бізге. Қоғам қайраткерінің еңбектерін оқып, ол кісінің өзі екі ғасырдың тірі куәгері екеніне көз жеткізесің. Өйткені, сонау бала шағынан әкесінің әділетсіз өлімінен бастау алатын өмір жолы, егемендік алған бүгінгі күнімізге дейін жалғысқанды. 

Шындықтың шамшырақшысы болған Шерхан Мұртаза өз еңбектерінің бірінде: Кейінгілер: “осындай да заман өткен екен ғой” деп кітаптың бетін парақтаса болғаны, деген.  Шыныменде, сол бір күндерде өмір сүрмесекте, жазушының еңбектері  арқылы сол бір дәуірдің хәлін сезінеміз кейде. 

Жазушыны бекерге “шындықтың шырақшысы”-деп атамадым жоғарыда. Өйткені, қанша жерден шығармашыл тұлға болса да, халықтың ахуалын, шындығын бірінші орынға қойды. Бұған қаламгердің екі мың екінші жылы жарық көрген “Ақындар мен әкімдер” атты еңбегі мысал болады. Бұл кітабында өзінің әр кезеңде жазылған публицистикалық мақалаларын, очерктерін жинақтаған. Бірақ бәрі де жылдардан елес беретін, заман лебін сездіретін жазбалар болатын. Мысалы, сол бір еңбегінен: “Тәуелсіздік толғауы-1997” атты жазбасы. Бұл жазбаны екі мың бірінші жылы жазған екен. Жазбада өткен кездерге көз жүгіртіп, ой толғап, нелер өзгергенін, жылдардың қалай зымырап өткенін өкінішпен бейнелейді. 1997 жылы “Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы” деп жарияланған  және жарлық шыққан болатын. Қаламгер осынау бір жарлықтың естен кетпес оқиға екенін ерекше сезіммен жеткізеді. Себебі, сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі- әкесі еді. Әкесінен небәрі бес жасынан ажыраған бала Шерхан үшін әрине бұл ұмытылмас оқиға болды.  Ал, жазушы бұл зұлымдықты айуанға ғана тән болса керекті деп, әкесіне деген сағынышпен, балалық өкпемен жазды. Алайда, бұл секілді зобалаң тек 1937 жылда ғана емес, бұған дейін де бірнеше рет болып өткен болатын. Әрине, оларды қайтып тірілте алмаспыз, тым болмаса еске алудың өзі сауап, дейді жазушы. 

86 жылдық ғұмырында қазақ халқының біртуар жазушысы, өмірге теңдессіз туындылар алып келген көркем суретші Шерхан Мұртазаның еңбегі мен ерлігі мәңгі жадымызда. Сұңғыла суреткер бүкіл тарихи дәуірдің тынысын шебер бейнелеп, қазақтың алтын қорына қайталанбас еңбектерін қалдырды". 

Шерхан Мұртазаның проза-публицистикасындағы көркемдігі ерекше
Студенттер кемеңгер қолбасшы Хан Кененің 220 жылдығын атап өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу