Шам жарығында кездескенше...

Oinet.kz 21-02-2024 699

Алдағы апта қыс қайтып, көктем келеді. Әрі қарай жылдағыдай құстар орала бастайды. Топырақ бусанып, қызғалдақ гүлдеп, жер көк кілемге оранатыны тағы бар. Ал бұл көріністің бәрін дерлік поэзия ғана болмысына сыйдыра алатын секілді. Неміс философы Мартин Хайдеггер де «Сайып келгенде – өнер біткеннің бәрінің өзегінде поэзия жатыр» дейді. 

Screenshot_12.jpg

Мұнымен, көктем – поэзия маусымы екен дегенді айтқымыз келіп отырған жоқ. Себебі, поэзия – мезгіл таңдамайды. Тек, көктем – мерекесі көп мезгіл. Кейде көктемнің әр күні – мереке секілді көрінеді. Сол көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – 8 наурыз. Яғни, Халықаралық әйелдер мерекесі. Осы мерекенің қарсаңында Шымкенттік ақындар сұлу бір поэзия кешін бергелі отыр. Атап айтсақ, 7 наурыз күні, сағат 19:00-де, Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» (Түркістан көшесі, №1) «Шам жарығындағы кездесу» дәстүрлі кеші өтеді. Кештің  иелері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Әлімжан Әлішер, Сүндет Сейітов, Ақбота Бейбітбек және Арайлым Мұраталиева. Кеш құрғақ поэзиямен ғана шектелмей, сұлу сахналық қойылымдар мен музыкалық сүйемелдеулер арқылы әсер сыйлайды. Аталған кешті тележүргізуші, продюссер, сценарист, «Ән мен әнші», «Сөз патшасы» сынды медиажобалардың авторы Сержан Молдасан жүргізеді. Бұдан бөлек, өзіндік ерекше талғамымен, ерекше әндері арқылы елге танылған әнші Мархаба Сәби де сол сахнада өнер көрсетеді. Кеш билеттерін tiketon.kz сайтынан ала аласыз. 

Неге «Шам жарығындағы кездесу»? ШАМ (Шабыт. Арман. Мазмұн) – Шымкентте қалыптасқан әдеби клуб. Бұл ұйым 2016 жылы қараша айында құрылған. Ешқандай мемлекеттік не әкімшілік ұйым емес. Ресми құжаты, отыратын мекемесі жоқ. Шымкент қаласындағы және қала маңындағы облыс, аудан, аймақтардан шоғырланған шағын орта. Төрағасы Сүндет Сейітов. 

Ұйым ашылғасын Шымкентте бұрын-соңды болмаған көптеген поэтикалық кештер, дуэльдер өткізді. Атап айтсақ, 2019 жылы 20 желтоқсанда, «Жаңа ғасыр жырлайды» атты осы ұйымдағы ақындардың антологиясы жарық көрді. Кітап сол кездегі Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың қолдауымен шыққан болатын. 2021 жылы 5 қазанда «Күміс қалам» атты тұңғыш Республикалық деңгейде дуэль өтті. Аталмыш дуэльге Қазақстанның әр облысынан 20-дан астам ақын қатысты. 2021 жылы 21 желтоқсанда Шам әдеби бірлестігіне 5 жыл толуына орай «Шам жарығындағы кездесу» атты есеп беру кеші өтті. 2023 жылы наурызда да осы атаумен еліміздің 3 ірі мегаполисінде, яғни Шымкент, Алматы, Астана қалаларында кештері берілді.

Сөз бен саз құдіретіне қатар тамсанып, әдемі, эстетикалық әсер алғыңыз келіп, шөліркеп жүрген болсаңыз, 7 наурызда «Шам жарығындағы кездесуде» көріскенше!

Әзірге кеш иелерінің өлеңдерін оқи отырыңыз...


Әлімжан ӘЛІШЕР:

Screenshot_14.jpg

1994 жылы 10 қаңтарда Түркістан облысы Ордабасы ауданы Жиенқұм ауылында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Қазақ университетінің түлегі. «Мені құшақта» жыр жинағының авторы.

    ***

    Кімді, нені ән етем? 

    Көктем емес бұл әлі. 

    Бұлттың қандай сағынышы бар екен, 

    Жылайды да тұрады.

    

    ...Бар мұңымды сен емес пе ең көтерер, 

    Егер оған көнбесең. 

    Жүрегімді жетектеп ап кете бер, 

    Өз еркіңде келмесең. 

    

    Сенсіз тағы жаңа жоспар бастасам, 

    Сенім артпан жолдарға. 

    Мен тәуелсіз бола алмаспын ешқашан, 

    Сағыныш пен сен барда. 

    

    Қателестің тек көңілім деп білсең, 

    Қоңыраудай шыр еткен. 

    Пешенеме өлең жазып кеттің сен, 

    Кіп-кішкентай жүрекпен. 

    

    Бұлтқа ұқсаған аппақ-аппақ мұратпен, 

    Бастамадым басқа арна. 

    Жер мен сенсің өкпелеткен, бірақ мен, 

    Содан бері қарап тұрмын аспанға.


Ақбота БЕЙБІТБЕК:

Screenshot_13.jpg

1994 жылы 8 шілдеде Түркістан облысы Отырар ауданында туған. М.Әуезов атындағы ОҚУ түлегі. «Көңіл күйсандығы» жыр жинағының авторы.

***

    Сен қайда жүрдің?

    Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,

    Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.

    Тіл ұшымда күрмеліп сөзім небір,

    Уысымда қалмады ұстағаным.

    

    Мен қайда жүрдім?

    Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,

    Жұбатуға жарымай сай кісілік.

    Мезгілдерді өткердік текке қалай,

    Бізді ақтап алады қай түсінік?

    

    Сен қайда жүрдің?

    Бұрымымдай кесілген шақта бағым.

    Мен қайда жүрдім?

    Тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»…

    

    Біз қайда жүрдік?

    Бірге бармай, киноға, ән кешіне,

    Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?

    Нөміріңе қоңырау шалғым келген,

    Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.

    Қоңырау шаларсың өзің…


Арайлым МҰРАТАЛИЕВА:

Screenshot_15.jpg

1997 жылы 31 желтоқсанда  Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы ОҚУ түлегі. «Ай-Зер» жыр жинағының авторы.

    ***

    Сен неге мені ұмыта алмадың?

    Ұмытуға әлде кеш пе еді?

    Жаныңды білем, жылыта алмадым,

    Айыптамашы тек мені.

    

    Айыптамашы және де өзіңді,

    Сүю дегенің күнә ма?

    Күнә ма екен қара көзімді

    қосып жүргенің дұғаңа?

    

    Сүйемін дейсің жүрекпен ізгі,

    Айтпаған тағы не сыр бар?

    Куәгер болған сыр-өкпемізге

    Жиырма бірінші ғасыр бар.

    

    Жұлдызға сенсіз сыр ақтарғанда,

    тағады неге түн айып?

    Бақшада гүлдер жылап қалғанда,

    қалар ма екенсің  мұңайып...

    

    Сен неге мені ұмыта алмадың?

    Ұмытуға әлде кеш пе еді?

    Жаныңды білем, жылыта алмадым,

    Жылытар өмір көктемі...


Сүндет СЕЙІТОВ:

Screenshot_16.jpg

1998 жылы 3 қазанда Ташкент облысы Шыназ ауданы  Көтерме ауылында туған. «Тәубе», «Мәрия», «Икигай» жыр жинақтарының авторы.

ШЫНАЗ

VIII ғасырда іргесі қаланған қала. Ташкент қаласының ежелгі орны. (Шаш қаласы)


    Жағасында Бозсудың мал жүретін,

    Жайлы жердің қадірін һәм білетін.

    Бергі бетке өтерде сол өзеннің,

    Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

    

    Ағасында елімнің болды – ағалық,

    Анасында жерімнің болды – аналық.

    Ең соңғы рет еңіреп көшіп өттім,

    Жүк көлігін ауылдың жалдап алып.

    

    Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,

    Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.

    Құшағыңа Шыназым басармысың,

    Құшағына қазақтың симай қалған.

    

    Өзеніңді мен талай кешіп өтем,

    Сағынышым оралмас есіме кем.

    Туған елі болғанмен Ержігіттің,

    Туған жері болмаса – жетім екен!

    

    Жетім емеспін…

«Маған назар аудар» - Әйелдің тұлғалық образы қайда қалды?
“Мәңгілік бала бейне” 10 жылдан соң сахнаға қайта оралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу