Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Бүгінде қазақ көрермендерін комедиямен таңғалдыру мүмкін емес. Себебі, соңғы 10 жылдықта киноиндустрияға қадам басқан әуесқой режиссерлердің көбі дерлік әзіл-оспақ театрларының, жайдарман сахналарының әртістері еді. Тиісінше, кинода комедия жанры ерекше қарқынмен (дамыды).
Тіпті комедияның көбейгені сонша, бір-бірінен ажырата алмай қалатын болдық. Жалпы, әр әзілдің түбінде бір зіл жататыны бар. Ал, бүгінгі комедиялардың бәрінің дерлік астарында осындай салмақты дүниелер жатыр ма? Әй, қайдам... Әрине, бүгінгі қазақ кино-каталогындағы фильмдердің бәрі сын көтермейді демейміз. Дегенмен, идея ұрлығы өте көп.
Сапалы-сапасыз комедиялардың көбейіп кеткендігін режиссерлердің өздері де түсінген болуы керек, соңғы 1-2 жылда кино тақырыптарының дені тұрмыстық өмірге, жанры романтикаға, драмаға, хоррорға айналып соғып жүр. Мысалы, былтыр жарық көрген Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі, Ақболат Өтебайдың «Маған назар аудар» фильмі және алдыңғы нөмірлерімізде талқыға салған «Дәстүр» фильмінің философиялары тұрмыстық қиыншылықтарды және зорлық-зомбылықтарды алға тартады. Және осы тектес фильмдер жақсы қаралым жинай алып жатыр. Оның себебі неде екені біз айтпасақ та түсінікті.
Бұл жолы прокатқа бір жыл бұрын шығып, жақында ғана YouTube желісіне жүктелген «Маған назар аудар» фильміне тоқталып өткіміз келіп отыр. Фильм прокатқа шыға сала жақсы касса жинады. Көрермен тарапынан да тек оң пікірлер айтылып жүр. Басты рөлдерінде әзілкеш «Назар аудар» жайдарман командасының мүшелері Ақболат Өтебай мен Ғазиз Ерболат, кәсіби актрисалар Мадина Оспан мен Ақбота-Нұр ойнайды.
Фильм оқиғасы былай өрбиді. Қарапайым отбасы. Отағасы Мақсат телеарна редакциясында сценарий жазып жүріп табыс табады. Оның үлкен арманы – кітап жазып, атақты жазушы болу. Кітабының аты «Марстағы қазақтар». Иә, «Марстағы қазақтар». Жарайды Илон Масктің Марсқа көшу жайлы әңгімесінің негізіне сүйеніп атау беріп отыр делік. Бірақ, неге Марстағы «қазақтар»? Жазушының қияли әумесерлігі, потенциалы осы жерден-ақ көзге ұрып тұр деуге болады. Айтпақшы, кітаптың ағашқы сөйлемін оқу бақыты бұйырады, көрерменге: «Құдды бір Қызылорда мен Жезқазғанның даласындай айдалада Марс планетасына көк түске боялған ғарыш кемесі қонды». Және жазушы бұл сөйлемді жаратпай өшіріп тастайды. Өте дұрыс шешім.
Мұнымен қоймай, аталған кітабын жазуына жұмысындағы болмашы бағдарламалар, отбасындағы ырың-жырың кедергі жасап жүргендей көрінеді. Басшылық тарапынан түскен бірі-бірінен аумайтын бағдарламалардың сценарийін жазу – ұлы жазушының қолын байлай береді. Мейлі, бұл қоғамда да болып жатқан дүниелер. Солай-ақ болсын делік.
Үйінде әйелінің тамақ сасып жүретіндігі, есіктен аттай бере отбасылық проблемаларды айта жөнелуі, бала-шағасының алдынан «әкелеп» шығуы да алып арман арқалап жүрген жазушының арқасына батып, шабытын түсінетін адамды сырттан, тіпті, түсінен іздеуге мәжбүрлейді. Түсінде кездескен кітап оқитын, театрға бірге баратын, өз деңгейінде әңгімелесе, әзілдесе алатын сұлу Сая өңінен алыстата бастайды. Мақсаттың ұйқыға жеріктігі жұмысында да проблема тудырып, отбасындағы түсініспеушіліктерге әкеп соғады. Тіпті, өз еркімен ұйықтай алмаған сәттерінде ұйықтатын дәрі ішіп, денсаулығы сыр береді. Соңында жұмысынан шығып кетеді. Тіпті, бір күні үйінде өзі қалағанша ұйықтай алмайтынын біліп, қонақүйден нөмір жалдап, мөлшерінен тыс дәрі ішіп ұйықтайды.
Соңғы кездері Мақсаттың тым көп ұйықтайтынын байқап уайымдаған Әсия күйеуін не мазалап жүргенін білгісі келеді. Тамырын басып сұрап та көреді. Нәтижесінде қатты жанжалдасып, Әсия үйден кетіп қалады. Міне, осы мезеттерде Мақсат, «ұйықтап жүріп» қолда бардың бәрінен айырылып қалғанына көзі жеткендей болады. Әйелін өңінде ғана емес, түсінде де жоғалтып алып, бармақ тістеп жүріп, ендігі оянуға зар болған ол түс әлейінде мәңгі адасып кеткендей күй кешеді. Түйінінде Мақсат қолда бардың қадірін біліп оянады.
Иә, мойнына түскен жауапкершіліктен қашып жүретін азаматтар біздің қоғамда да баршылық. Не отбасының, не қолда бар дүниенің қадіріне жете алмау адам баласына ортақ проблема шығар мүмкін. Күйбеңдеп жүріп, сүйген жарға көңіл бөле алмай, бала-шағаның маңдайынан иіскеп қоюға уақыт таба алмай жүрген жандарға ой салаларлық-ақ дүние.
Сонымен қатар, фильмде күйеуінің алыстап бара жатқанын сезіп жүрген Әсияның отбасылық психолог-коучтың көмегіне жүгінетін сахналары бар. Бұл да қоғамның солқылдақ тұсы. Себебі, ешкім екінші адамның өміріне төрелік ете алмайды. Әр адамның тағдыры әр соқпақта өрбиді. Әр отбасының өзіне ғана сыятын ішкі жарғылары болады. Әр адам пазлдың қиындылары секілді, қайталанбайтын болмыспен туады. Ал оларға сырттан келген адамның ақыл айтып, килігуі әрқашан жақсылыққа апара бермеуі мүмкін. Сондықтан, біздің айта-айта тіліміздің, ести-ести құлағымыздың безі өлген «ұлттық, отбасылық құндылықтарды» сырттан ешкім құрап бермейді. Әркім құндылықты әрқалай түсінеді, әқалай бағалайды. Сондықтан, қоғам болып әлдекімдердің отбасылық проблемаларын, қоғам болып ортаға сала бергеніміздің өзі қаншалықты дұрыс екені күмәнді мәселе секілді. (Соңғы сөйлем «зорлық-зомбылық» мәселесін қамтымайды)
Дегенмен, фильмде Әсияның, яғни әйелдің образы дұрыс ашылмаған сыңайлы. Оның бала-шағамен үйде отырып тоз-тозы шыққанын, өзге тұрмақ өзіне көңіл бөлуге шамасы жетпей қалғанына Мақсат кінәлі екенін түсіндік. Себебі өзі «Мен саған күйеуге шыққанға дейін мұндай болған жоқпын. Мені мына дәрежеге жеткізген мына – сен!» дейді. Бірақ, әйел де адам ғой. Оның да армандары бар емес пе? Күйеуіне «Менде арман жоқ па? Мен қолдау күтпеймін бе?» дей отыра, «Мен қызық емеспін ғой саған. Білесің бе, неге? Өйткені сен бөлек дамып кеткенсің. Мына мені асүйге қамадың да, өзің бөлек кеттің» дей отыра, оның бар талап ететіні: «Анда-санда дүкенге әңгіме айтып шығып қайтшы менімен, маған сол – шетел! Істеген тамағыма комплимент айтып қой, маған сол – курорт. Жұмысқа кетіп бара жатып бетімнен сүйіп кетші. Мен сенен басқа бірдеңе сұрап тұрмын ба?» дейді. Яғни, «Маған назар аудар!» Болды. Басқа талап жоқ. Басында айтылған арман қайда қалды? Оның айналысқысы келетін сүйікті ісі жоқ па? Даму үшін сыртқы контакт қажет емес пе? Аталған назарды алған соң да, үйде осылай отыра бере ме? Ол Мақсатқа тұрысқа шыққанға дейін кім болды, шынымен? Мүмкін ол да жазушы шығар? Бәлкім білікті бухгалтер шығар? Бәлкім мұғалім шығар? Осы жері түсініксіз. Қысқа қайырғанда, Мақсаттың жауапкершілікті мойнына алудайын алып, бірақ сол жауапкершіліктен қашып жүргені, түбінде сабасына түскенін көрсетудейін көрсеткен. Бірақ, әйелдің «тұлғалық» образы ашылмаған. Немесе әйелге сол аударылған назар жетеді, үйде отырғаны абзал дейтін патриархалдық қоғамның көзқарасына саяды.
Актерлердің ойнау шеберлігіне сын айту кәсіби мамандардың еншісіндегі дүние. Дегенмен, көрермен көңілінен шыға алған сыңайлы. Себебі, YouTube арнасына жарияланғаннан кейін көрермен жақсы пікірлерін жаудырып жатыр. Көпшілікке әсер сыйлай алғаны – ұтқаны десек болады. Бұдан бөлек, Ақболат Өтебайды көпшілік әзілкеш ретінде жақсы таниды. Ал, бұл кинодағы Ақболаттың драмалық саханалары жаңалық болды деуге болады.
Сонымен қатар, фильмнің сөйлеу тіліне тоқталып өткіміз келіп отыр. Фильм толық қазақ тілінде түсірілген. Сауатты. Иә, көп фильмдердегідей орыс тілінің кей паразит сөздері кездеседі. Дегенмен, сөздік қолданыстарында өрескел қателер менмұндалап тұрмайды. Осы тұсы қуантты.
Айтып кетер тағы бір жайт, аталған команданың биыл тағы бір фильмдері жарық көрді. «Ұялам, но үй алам» деп аталады. Тақырыптың өзінде «но» артық. Мұнда да біздің қоғамдағы көптеген отбасылардың басында болып жатқан дүниелерді арқау етеді. Алайда, бұл ендігі басқа тақырып. Бәлкім алдағы нөмірлерімізде оған да тоқталып өтерміз (керек деп тапсақ).
Сөз соңында, қазақ киноларның кинотеатрларда көптеп қойылып, касса жинай алып жатқандарының өзі бүгінде жетістік деп тануға болатынын айтып өткіміз келіп отыр. «Көш жүре келе түзеледі». Кем-кетіктер, артық-ауыз әңгімелер мен әбес әрекеттерден ада әлі де көркем дүниелер көп ұсынылады деп күтеміз.
Және тағы бір жағдай фильмдер лицензиясын алып, прокатқа шыққан соң, оны толық түсіріп алып, вконтакте, сайт, телеграм секілді жабық каналдарға жүктеп, сатып, пайда табатын азаматтар баршылық. Тиісінше, оны сол жабық каналдардан көретін азаматтар да көп. Мұның қылмыстық жауапкершілік екенін ескертеміз. Айыппұлға ілініп кету қаупі зор. Қалай болғанда да өзге біреудің еңбектеніп түсірген дүниесін, өзге азаматтардың пайдаланып кеткені жөн әрекет емес қой. Егер, кинотеатрларға барып көру мүмкіндігі жоқ болса, ресми аккаунты өз сайттарына немесе YouTube каналына жүктегінін күткеніміз абзал.