Ел ішінде талқыланып жүрген қос «Үкім»: «Бишімбаев ісі – әділеттіліктің барын, не жоғын көрсетпек»

Oinet.kz 10-04-2024 612

21 наурызда қырғызстандық режиссер түсірген «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмі мен қатар Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп түсірген «Үкім»  («Приговор» - орыс тілді) фильмі жарыққа шыққан болатын. Фильм премьерасына қатысқан режиссерлер мен жұлдыздардың саны рекорд орнатты деуге болады. Соның да әсерінен болса керек, киноға ағылған көрерменнің қарасы қалың болды. Жоғарыда айтылған «Пейіш» 4 күнде 1 миллион доллор жинаса, «Үкім» картинасы 1 аптада жарты миллиард жинаған болатын. Режиссері – Диас Бертіс. Бірнеше веб-сериалы мен фильмдері шет елдерге танылып үлгерген. 

Screenshot_6.jpg

Фильм көрерменнің есіне бұған дейін жарық көрген «Черный двор» веб-сериалын  түсіруі мүмкін. Себебі, екі фильмде де ойнайтын актерлер бар. Екі жоба бір-біріне байланысты болмағанымен көтерген тақырыбы, орын алған жері мен уақытында да ортақ тұстары кездеседі. Оқиғаның бас кейіпкерлері –  Ыстық-көл жағалауында орналасқан кішігірім қала тұрғындары Ақтан (Рауан Ахмедов) мен Куба (Дамир Амангельдин) есімді достар.

Ақтан өз заманының «авторитеті» болу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына түсуді, «комитет қызметкері» болуды армандайды. Ал Куба үлкен ағасына көл жағалауындағы кішігірім кәуапхананың жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. 2000 жылдардан бері қарай өмір сүріп жүрсе де, жігіттер өзін 1990 жылдардың арғы жағалуында қалған «ауданды ұстайтын» көше балалары секілді ұстайды. Сөйте тұра, бас кейіпкер Ақтанның өзі «бандит болу сәннен қалған уақыт» дейді. Дегенмен, мектеп бітіріп, Бішкекке оқуға тапсыруға аттанғалы тұрған Ақтанның ойын тоң-теріс айналдыратын трагедия орын алады. Ақтанның інісі Бекзат (Қамбар Нұрғали) қаланың ықпалды шенеунігінің ұлы Аланмен (Айбар Салы) шекісіп жүрген болатын. Екеуінің кезекті ерегесінде Алан Бекзатты қолына кездейсоқ түскен полицейдің қызметтік қаруымен атып өлтіреді. 

Әрі қарай Аланның әкесі ұлын қаматпау үшін бар ықпалын салып, кінәні бұрын да істі болып, отырып шыққан Кубаның ағасына аударып, жауып тастамақ болады. Осы сәтте інісінен айырылып, әрі-сәрі күйде жүрген Ақтанның жалғыз апасы қайтыс болады. Әбден теперіш көріп болған соң, Ақтан болашағына да, арманына да, сүйгеніне де қолын бір сілтеп, өш алуға кіріседі. Ақтан мен Куба автоматпен сот жүріп жатқан ғимаратты және бірнеше адамды кепілге алып, нағыз қылмыскерлердің бейнесін ашып көрсетпек болады. Дегендеріне жеткендей де болған. Тек, оқиға соңы өте қайғылы аяқталады. Жақындарынан айырылып қан кешкен Ақтан да, досына жәрдем бергісі келген Куба да, қолымен жасаған қылмысын мойнына алғысы келмеген Алан да оққа ұшып, мерт болады. Иә, бір күнде өрімдей-өрімдей бірнеше баланың жаназасы оқылады. Қызығы ешкімді ақтай алмайсың, ешкімді жазғыра да алмайсың. Дәл өмірдегідей. Айтпақшы, фильм шынайы оқиғаға негізделген. Қалай болғанда да өшпенділіктің, кек қуудың түбі құрдым екенін түсіндіріп бағады. 

Бұл туралы режиссердің өзі «Әр фильмнің, туындының көрерменге жеткізер ойы болады. Режиссер ретінде мен үшін көрерменнің фильмнен соң әрі қарай да ой өрбітуі өте маңызды. «Приговор» фильмі мейірімді, кешірімді болуды насихаттайды. Адам мен адам арасында мейірімділік болуы шарт. Ал адам мен билік, сот жүйесінің арасында міндетті түрде әділеттілік орнауы тиіс. Себебі кез келген қоғамның қалыптасуында әділетті сот жүйесінің орнауы маңызды. Фильмде қарапайым адамдар әділетсіздік билеген жүйеге қарсы тұрады»,- дейді.

«Үкім» – қылмыстық оқиғалар да, драмалық көріністер де өлшеп пішкендей дұрыс таңдалған криминалды драма. Кейіпкермен бірге истерикаға түсесің, тіс қайрап кектенесің, жаның езіліп жылайсың. Бастысы, сендіре алды. Және Ыстық-көлдің жағалауындағы пейзаждарда тынысың кеңіп, сарайың ашыла беріп, сот, полиция, шенеуніктердің кеңсесінде қайта тұншыға бастайсың. 

Фильмде әділеттілік жайлы, оның бар-жоғы туралы сөз қозғалады. Бірақ бәрібір соңында бұл сұрақтың жауабы көлеңкелене береді. Себебі, фильмде кісі өлтіріп, жауапкерішіліктен жалтарып баққан қылмыскердің де адамгершілігі көрсетіледі. Лас істерге жолай бермейтін, бойын жаман әдеттен, әрекеттен ада ұстайын Ақтанның бір-ақ сәтте қалай қарама-қайшы адамға айналып шыға келгені де көрсетіледі. Яғни, жаман не жақсы кейіпкер жоқ. Ал, кейіпкерді жаман-жақсы етіп бөліп көрсетпейтін туынды, меніңше, көруге тұрарлық дүние. Себебі, ол жерде кейіпкердің өміріне сыртқары автор араласпайды. Қалай бар, солай өрбиді. Ал ол жоғарыда айтқанымыздай сенімді шығады. 

Жалпы жоғары қызметте отырған шенеуніктердің заңды белінен басып, шені төмен азаматтардың құқығын таптап жүргені бізге таңсық дүние емес. Ол екі елге де ортақ дүние. Фильмде оқиға 15 жыл бұрынғы уақытта орын алып жатқанымен, бүгінде өзгерген ештеңе жоқ екені өкінішті. Фильмнің экранға шығуы, елдегі басты тақырыпқа айналып отырған Бишімбаевтың сериялық сотымен тұспа-тұс келгені де ұжым үшін сәтті болды деуге болады. Фильм аяқталған соң кинозалда отырған көрермен қайсысы фильм, қайсысы шын екенін ажырата алмай қалғандай көрінді бір сәт. Бұл туралы фильм режиссері Диас Бертістің өзі де бір сұқбатында: «Фильмнің соңында мұндай оқиғаның кез келген ел, тіпті қалада болуы мүмкін екені туралы жазба көрсетіледі. Ол нақты Қырғызстанда ғана емес, ТМД елдеріндегі кішігірім қалаларда да орын алады. Жалпы алып қарайтын болсақ, ТМД елдерінің заңы бөлек болғанымен, сот жүйесі ұқсас. Өкінішке орай, Қазақстанның түкпір-түкпірінде сотта шенеуніктердің қызметін асыра пайдалануы, лауазымды азаматтардың жемқорлық арқылы өз мәселелерін шешіп жатқанын байқап жүрміз. Дәл осылай жалғаса берсе, мұндай оқиға біздің елде де қайталануы мүмкін деп ойлаймын. Қазір Қуандық Бишімбаевтың соты болып жатыр. Күллі қазақ елінің назары осы істе. Қозғалған қылмыстық іс бойынша сот шешімі қандай болатыны Қазақстандағы сот жүйесінде әділеттіліктің барын, не жоғын көрсетпек. Нағыз көрсеткіш осы болады»,- деді. 

Screenshot_7.jpg

Кек демекші, фильмді көріп отырып 1 ай бұрын жарыққа шыққан «Хабар» Агенттігінің тапсырмасымен түсірілген «Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясы да еске түсті. Оқиға желісі 100% ұқсамаса да, баласын іздеп жанұшырған ана Раяның (Индира Құлмағамбетова) кек алам деп бекінуінде сәйкестік бар. «Үкім» кейіпкерлері Ақтан мен Куба сот залындағы адамдарды кепілге алса, «Жаңбырлы ғұмыр» кейіпкері Рая балабақшадағы 10 баланы, кейіннен олардың ата-анасын кепілге алады. Мақсат орындалды-ау дегенде, Рая да оққа ұшып жазым болады.

Осы тұста біздің басымыздағы ойлар шырмала бастады. Өшпенділіктің түбі көр болса, кек қуудың қажеті болмаса, бір жерімен диірмен тартып жүрген бай-бағландардың аранына кім құм құяды? Ал, жәбірленген азамат кек қуамын деп бәрін тәрк етіп, соңында өзі ажал құшар болса, не ұтады? Әрине, фильм мақсаты белгілі. Ол аталған оқиғалардың орын алғаны жайлы, орын алып жатқаны жайлы, орын алатыны жайлы дабыл қаға алады. Дей тұра, жәбірлеушілерді де, жәбірленушілерді де бір сәт ойлануға, алған райдан қайтуға, тартылыс заңының барына, өзің қазған орға өзің түсетініңе сендіргісі келеді. Эмоциямен емес суық санамен әрекет етуге шақырады. Сол үшін де болар фильмді көрген көрермен жасөспірімдерге көрсететін фильм екен десіп жатыр. Расында да,  ауыспалы кезеңдегі, қалыптасу жолының ең күрделі кезеңін кешіп жүрген баланың санасына таптырмайтын практикалық тәжірбие болар еді дестік біз де. 

Фильм соңында «Үкім» Құран аяты арқылы шығарылады: «Бір жамандықтың жазасы өзіндей ғана жамандық. Сонда кім кешірім етіп, жарасса: онда оның сыйлығы Аллаға тән. Күдіксіз Ол, залымдарды жақсы көрмейді».

Біраз бұрын Қазақстандық киноиндустрияның комедияға белшесінен батып алғанын, сапалы дүниеге не өре, не талғам жоқ екенін айтып, жазып сынап жатушы едік. Қазір тың, өзекті, өре мен көңілге қатар қонатын жақсы дүниелер жарыққа шығып-ақ жатыр. Дәйім солай болғай...

Сөзіміздің соңын тағы да режиссер Диас Бертістің сөзімен түйсек: «Қазақстанда киноиндустрияның даму темпі өте жоғары деп ойлаймын. Себебі бес жыл бұрынғы фильмдерді қазіргі туындылармен салыстыратын болсақ, сапасының өзгергенін бірден байқауға болады. Осы соңғы бес жылда көрерменнің талғамы өзгерді, олар актердің ойынынан бөлек режиссерлік жұмыс пен сапаға қарайтын болды. Менің пікірім, комедия жанрынан басқа да жанрлар болуы керек. Қазақстандағы кино нарығы аса үлкен емес. Коммерциялық фильмдер болмаса, кең ауқымды, тарихи кинолар көбіне өзін ақтамай жатады. Сондықтан қазақстандық кино Қазақстаннан ғана шығу керек деп ойлаймын.  Шетелде қазақ музыкаларын тыңдамайды емес, тыңдайды. Сондықтан түркітілдес елдерден бастап ауқымын кеңейтуіміз керек. Жалпы алғанда Қазақстандағы кино саласы мықты дамып келеді деп ойлаймын».

Сезім Мергенбай

«Пейішке» барыңыз: Сынайтын емес, жан-жүрегіңді ақтарып жылайтын фильм
Ақын Салтанат Мадиярқызының «Маған әдемі адамдар ұнайды» поэзия кеші өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу