Жуасымен танылған ауыл

Oinet.kz 24-08-2022 274

Screenshot_20.png

Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ауылшаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар тапсырма беріп, бұл салаға ерекше көңіл бөлу қажеттігін баса айтқан болатын.

Президенттің тапсырмасы Шардара ауданында ойдағыдай атқарылып келеді. Бүгінде ауданда жеміс-жидек, дәнді-дақыл,көкөністің түр-түрі өсіріліп, аудан, облысқа ғана емес өнімдері шетелге де экспортталып жатыр. 

Әсіресе аудандағы Жаушықұм ауылы өзiне алыс-жақын ауылдарға соңғы бiрнеше жылдың көлемiнде бiтiк жуасымен танылып келедi. Бұл өнім тіпті, 2013 жылы Мәскеуде өткен жәрмеңкеге «Тұрар» шаруа қожалығы 20 тонна өнім апарып ұсынған болатын.Голландиялық тәсiлмен егетiн «Ранко» деп аталатын жаңа тұқым - пияз алқабындағы басты ерекшелiк – қол күшiнiң барлығы техникамен алмастырылған. Шаруалар арамшөптi отау, пиязды қолмен жегене жасау сияқты машақаттардан бiржола құтылды.Дайын өнімді де техника жинайды.

Шардара ауданындағы Юри Ан басқаратын «Тұрар» шаруа қожалығв 32 гектар пияз дақылын егіп, өнімін Қазақстан нарығынан бөлек Ресей, Моңғолия және Беларусия елдеріне экспорттауда.  Бүгінгі таңда пияз алқабынан өнімнің 1 келісі 110 теңгеден босатылуда.  Шаруа қожалықта 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. 

Жалпы «Тұрар» шаруа қожалығы 286,5 гектар жерді игеруде. Алқапта пияздан өнімінен бөлек картоп, сәбіз, қарбыз, қырыққабат, қызылша дақылдары егіліп, нарыққа шығарылуда. 

Айта кетейік, диқандар пияз тұқымын бір мезетте бірнеше жұмысты атқаратын жаңа заманауи техникамен сепкен. Яғни, техника, біріншіден арасы 3 см-ден тұқым тастаса, екіншіден, тамшылатып суғаратын су түтігін қоса көмуде.  Сондай-ақ, бір гектар жерге  6 келідей тұқым кетсе, жоғары сортты тұқымның бір келісі 64 мың теңге тұрады. Жерді жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейінгі жалпы шығынның көлемі әр гектарға 1 млн. 300 мың теңгеден жұмсалады екен. Алайда, түскен өнім кеткен шығынды еселеп жабады дейді диқандар.  Қожалық пияз еккен жерге бес жылға дейін басқа өнім екпейді. Жылда тыңайтқышын тастап өңдеп отырады.

Мамандардың мәліметінше Шардара ауданының жалпы жер көлемі 1 миллион гектардан асып жығылады.Оның 15 мың гектарына мақта егілген, 8 мың гектар алқапта бақша бар. 600 гектар жерге күріш себілген. Оны да өздері өңдеп экспорттап жатыр. Шардара ауданында жалпы 5 мыңнан астам шаруашылық тіркелген. Оның 56-сы ірілеенген өндірістік кооператив. Шардаралық шаруаларға  мемлекет тарапынан бөлінген 3120 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайды 2 оператор жеткізіп беріп жатыр. Тапшылық жоқ, дейді дихандар.

Арыстық кәсіпкер коррекциялық орталық ашты
Белсенді жастар - ел келешегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу