Түлкібаста заманауи жабық бассейн ашылды

Oinet.kz 21-09-2022 269

image.png

Түлкібас ауданында жүзу спортымен шұғылданамын деуші тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Аудан орталығынан «Керуен» спорттық сауықтыру бассейні ашылып, тұрғындарды қабылдауға сақадай-сай дайын. Осындай игі істі қолға алып, аталмыш спорт кешенін өз қаражатына салып, жерлестеріміздің спортпен айналысуына мүмкіндік жасап отырған Мұрат Нығметов бұған дейін де жазғы бассейн ашып, көп балалы отбасыдан шыққан балаларға ақысыз шомылуға жағдай жасап жүрген жомарт жан екені көпшілікке мәлім. 

Аудандық маслихаттың хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев жиынға келген аудан тұрғындарын кешеннің ашылуымен құттықтап, Мұрат Тәңірбергенұлына аудан тұрғындары және өз атынан Алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тілеп, аудан әкімі Нұрлан Байғұттың және мәслихаттың арнайы Алғыс хатымен марапаттады. Майлыкент ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметовте салтанатты шарада сөз сөйлеп, аудан орталығынан заманауи ғимараттың ашылуына мұрындық болған кәсіпкерге алғысын жеткізді. 

Аудандық мәслихаттың хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев пен Майлыкент ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметов «Керуен» спорттық сауықтыру бассейнінің лентасын қиды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, Жандос Сералиев «Туған жер» әнін орындап, қонақтардың хошеметіне бөленді. Фарида Қарабалина «Жолыққан қандай жақсы» атты әнін орындап, тыңдарманның жүрегіне жол тартты. Аудандық орталық мешітінің бас имамы Серік Мағаз имам Құран оқып, жиынға келген қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. 

Біздің ата бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Спортың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Ол денсаулықты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар мінезді тәрбиелеп, ерік-жігерді шынықтырады. Аталмыш бассейн алдағы уақытта 100 ге жуық адамды бір уақытта қабылдай алады. Алдағы уақытта аудан әкімдігінің тиісті бөлімімен бірлесе отырып, арнайы бағдарламалар дайындалатын болады. 

Ордабасыда марафон өтті
Әлеуметтік желі - халық пен әкімді байланыстыратын көпір
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу