Шымкент қаласында темір жол және әуежай терминалдары жаңғыртылуда

Oinet.kz 02-10-2023 119

Шымкент қаласында теміржол вокзалы мен әуежай терминалының құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына біршама уақыт болды. Бұл нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып танысты. Қала әкімі алдымен теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстарының барысын көрді. 

Screenshot_36.jpg

Вокзал мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда вокзалдың жолаушы өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың адамды құраса, қайта құрудан кейін 6 мың адамға дейін арттырылмақ. 

- Бүгінгі таңда вокзалдың сол қанаттының төменгі қабаты мен қасбетін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін нысан сейсмикалық тұрғыдан күшейтіліп, жылыту, электр қуаты, өрт қауіпсіздігі, байланыс және бейнебақылау жүйелері орнатылды. Қазіргі таңда жоғары қабаттың дайындығы 70 пайызға жеткен, әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша қасбетті монтаждау кезінде ұнтақ бояумен боялған және пеште кептірілетін мырышталған сапалы панельдер пайдаланылады. Құрылыс материалдары беріктігімен ерекшеленеді, ылғалға төзімді. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, - дейді вокзал басшылығы.

Қала әкімі жауаптыларға нысанды мегаполис сәулетіне сай жабдықтап, мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды. 

Бұдан кейін, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарда құрылысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалының құрылыс жұмысының барысымен танысты. Бүгінгі таңда халықаралық әуежай терминал құрылысының бірінші кезеңі толық аяқталған. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында құрылыс саласына басымдық берген. Жалпы құрылыс саласы кең ауқымды. Оған инфрақұрылым мен жолаушылар тасымалына қажетті құрылымдарды жаңғырту жұмыстары да жатады. Автомобиль жолы, темір жол, әуе жолы болсын барлығында жолаушылардың мініп-түсуі үшін бар жағдайды жасауға тиіспіз. Осында келердің алдында теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстарының барысынмен танысқан болатынмын. Онда да көп жұмыс атқарылуда. Қарап отырсам, әуежайда да құрылыс саласында қарқын бар. Мұның барлығы жолаушылар үшін, олардың жайлылығы үшін жасалып жатқанын ұмытпауымыз керек. бастысы сапаны бақылау және қадағалау маңызды, - деді  Ғабит Сыздықбеков.

Жалпы әуежай алаңында терминал шатырын монтаждау жұмыстарымен бірге сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары толық жүргізілген. Сонымен қатар, жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары да кестеге сәйкес іске асуда. Терминалдың жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайды. Әуежай жұмыстарының 2-кезеңі жоба бойынша 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Мұнда да қала әкімі терминал құрылысының жұмысын сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды. 

Шымкент қаласының әкімі ардагерлермен кездесті
Шымкент қаласының әкімі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу