Шымкент қаласының әкімі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті

Oinet.kz 03-10-2023 156

Шымкент қаласының әкімі қала аумағындағы аудандарды аралап халықпен кездесулер өткізуде. Кеше қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. 

Screenshot_37.jpg

Ал Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек өзі басқарып отырған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, онда инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардан барысымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ауданда 29 елдімекен, 283 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Халық саны 228 830 адам. Өткен жылы аудан тұрғындары тарапынан 188 мәселе көтеріліп, оның 167-сі шешімін тапқан. Аудан жұртшылығы ауыз сумен 94,5 пайыз, электр жарығымен 97,3 пайыз, ал табиғи газбен 90,7 пайыз қамтылған. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында құрылыс саласын, әсіресе елдімекендерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамту мәселесіне басымдық берген. Осының аясында ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жоспарланған 35 көпқабатты үй аулаларының 25-інде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл 7 спорт алаңшасы орнатылуда. Халықтың негізгі шоғырланған аумақтары инфрақұрылыммен қамтылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту 97 пайызға жетпек. Қарабастау, Қаратөбе, Тоғыс, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарының жаңақұрылыс аумақтарында, жалпы 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,7 пайызды құрамақ және ауданда 73 көше жқндеуден өткізілетін болады, - дейді Досбол Есілбек. 

Кездесуде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысының ұстанымы барлық деңгейдегі әкімдердің бұқарамен тікелей байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керектігін атап өтті. 

– Қалада тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Жаңадан қосылған шалғай елді мекендерде әлі де мәселе көп. Барлық мәселелер басымдығына қарай, уақытпен, кезең-кезеңімен шешіледі. Атқарылатын жұмыстардың басталуы және аяқталу мерзімін нақты айтып, тұрғындарды үнемі ақпараттандырып отыру керек. Бүгін айтылған мәселелерді жүйелеп, зерделеп, тиісті шешімдерді тұрғындарға жеткізіп отырамыз. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, аудан тұрғындары кездесуде инфрақұрылыммен қамту, жол белгілерін орнату, балалар ойын алаңшасы, мобильді байланыс, қоғамдық көлік мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Атап айтқанда, Қарабастау тұрғындары су, газбен қамту, мобильді интернет сапасын жақсарту мәселесін көтерсе, Жастар көшесі тұрғындары мектепке баратын аяқжол, кәріз жүйесі және балалар ойын алаңшасын орнатып беруді сұрады. 

Кездесу барысында Ғабит Әбдімәжитұлы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Шымкент қаласында темір жол және әуежай терминалдары жаңғыртылуда
Шымкент қаласында кәсіпкерлерге арналған бірыңғай есеп күні өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу