Жәдігерлердің де тарихтан айтары бар
Шымкент қаласы ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған шаһар. Терең тарихы бар шырайлы Шымкент шаhарының табиғаты мен ауа райы адамдардың өмір сүруіне және саяхаттап келген туристерге де өте қолайлы.
Тарихқа, таңғажайып мәдениетке және тамаша табиғи сұлулыққа бай қала келген барлық келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайды.
Жалпы Шымкент қаласында 2003-2020 жылдар аралығындағы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары қаланың 2200 жылдық тарихын тағы бір дәлелдеді. Бүгінде ескі қалашықтың ашық аспан астындағы музейіндегі жәдігерлер ел тұрғындары мен туристердің назарын аударып отыр.
Ежелгі және заманауи шығыс салты мен батыс модерні қиылысқан Шымкент қаласында туризмнің дамуына көптеген факторлар жағымды әсер етеді: бұл жылына 300 шуақты күн, табиғи-климаттық аймақтардың сан алуандығы, Ұлы Жібек жолы бағытында ірі тарихи қалаларға (Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд және т.б.) жақын орналасуы, түрлі оқиғалы және іскерлік шаралар өткізуге қолайлы жағдайлардың болуы мен Қазақстанның гастрономиялық орталығына айналуы. Расында жылда «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде» ұлтымыздың рухани-мәдени құндылықтарымызды паш ететін және дәріптейтін түрлі бағыттағы іс-шаралар жоспарлы өтіп, қала қонақтары мен шет елдік туристерге ұсынылып келеді. Солардың бірі – самаурындар көрмесі.
Ұлттық жәдігеріміз самаурын – көненің көзі болып саналады. Ұлтымыздың табиғатымен біте қайнасып кеткен тұрмыстық бұйым қазақтың қонақжайлылығы мен кеңпейілдігінің, дархандығын, берекелі дастарқаны мен байлығының белгісіне айналған десек артық айтпағандық. «Сары самаурын екі иінінен әрең дем алып қайнап тұр» деген тіркестер әдебиетімізде жиі кездеседі. «Ата-бабаларымызда киелі қара шаңырақтың әрбірінде сары самаурын сақылдап қайнап, қонағына шайын ұсынған. Бұл қазақы үйдің келген қонағына деген құрметін білдірген. Дәстүрді жоғалтпай қайта жаңғыртуда мұндай көрмелердің маңызы зор. Көрмеде ұсынылған әр самаурынның тарихы бар», – дейді ұйымдастырушылар.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде» жиі ашық аспан астындағы көрмелер ұйымдастырылып отырады. Өткен жолы көрмеде келушілер назарына ХІХ ғасырдан бүгінге дейінгі шаһар халқының тұрмыста пайдаланған самаурындарды ұсынылды. Тарихи кезеңіне сәйкес жез, мыс секілді түрлі материалдан дайындалған тұрмыстық бұйымның сан түрін көруге болады. Соның ішіндегі құман самаурын шығыс халқына тән түрі. Ол күнделікті қолданыстағы шәугімге ұқсайды. Халықтың шәй қайнататын осы бір бұйымы орта ғасырдан бастап жасалған деген деректер бар. Көне шаһар тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көрмеде бұдан бөлек от қайнатар шоқ самаурын, керосинмен қайнайтын самаурын да көпшіліктің назарын аударып, қызығушылығын туғызды.