Сауран ауданы: Жаңа жүйе суды ғана емес, еңбек күшін де үнемдеуге мүмкіндік береді

Oinet.kz 20-08-2026

Су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымын кеңейту суармалы жерлердің тиімділігін арттыруға, судың ысырап болуын азайтуға және өңірдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сауран ауданында соңғы жылдары су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап көлемі 2 есеге ұлғайған.

Жалпы елімізде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында өңірлерде тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларымен қамтылған алқап көлемі артып, заманауи әрі қолжетімді суару жүйелері енгізілуде.

Түркістан облысында соңғы жылдары заманауи суару технологияларымен қамтылған жер көлемі екі есеге артып, биылдың өзінде 37 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі таңда аталған технологиялар 164 мың гектар алқапта қолданылып отыр. Биылға жоспарланған жоспардың 74 пайызы орындалған.

Сауран ауданындағы «Тауекел Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Жеңісхан Тойбековтың айтуынша, су үнемдеу технологиясын алда 500 гектарға енгізіп, ағын суға деген тәуелсіздікті азайтпақ ниетте. «Сауран ауданы төңірегінде ірі су айдындары жоқ. Кіші су айдындары мен өзен сулары бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі – жерасты сулары болып отыр. Автоматтандырылған басқару жүйесі суару уақытын және оның қарқындылығын реттеуге, сол арқылы ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Дәстүрлі суару әдісімен салыстырғанда су шығыны 20–30 есеге дейін азаяды», – дейді шаруашылық басшысы Жеңісхан Тойбеков.

Мемлекеттік қолдау саланы технологиялық жаңғыртуды кеңейтудің негізгі факторларының бірі болып қала береді. Осы бағыттағы қосымша құралдардың бірі – «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жеңілдетілген шарттармен су үнемдеу технологияларына арналған жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік беретін лизингтік бағдарламасы. Тамшылатып және жаңбырлатып суарумен қатар, облыста полиэтилен құбырларын пайдалану арқылы дискретті суару технологиясы да дамып келеді.

Негізінен дискретті суару технологиясы жүгері шаруашылығын дамытуға жаңа жол ашып отыр. Жаңа тәсіл суармалы суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл, әсіресе, жүгері өсіруге тиімді. Жүгерінің қажетті кезеңде жеткілікті мөлшерде су алуы өсімдіктің біркелкі жетілуіне және өнімділіктің артуына ықпал етеді.

Сауран ауданында агроөнеркәсіп саласы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Дәндік жүгері алқабы ұлғайып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазір дискретті суару жүйесі қолданылатын алқап көлемі жүз гектарға жетті. Алдағы міндетіміз – егін жинау науқанын сапалы әрі шығынсыз аяқтау, су үнемдеу тәсілдерін одан әрі кеңейту және пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре.

Су үнемдеу технологияларының жүгері шаруашылығына беретін нақты нәтижесін «Нұрбеков» шаруа қожалығының жүгері алқабындағы жұмыстан көруге болады. Қожалық жетекшісі Тойжан Торпақовтың айтуынша, жаңа суару жүйесінің тиімділігі жоғары. «Қазір біз тұрған алқапқа дискретті суару жүйесімен су жеткізіледі. Өз тәжірибемізге сүйенсек, бұл әдіс арықпен суаруға қарағанда суды 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл қуаң алқап болатын. Биыл жаңа жүйеге көшкеннен кейін оның жұмысқа да, өнімділікке де қолайлы екенін көріп отырмыз. Су ысырап болмайды, алқапты суару жұмыстары жылдам атқарылады, – дейді шаруа.

Жаңа жүйе суды ғана емес, еңбек күшін де үнемдеуге мүмкіндік берген. Қазір шаруашылықта онға жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында гидротехник, механизаторлар мен сушылар бар. Жалпы суару жұмысына төрт адам жауапты.

Сауран ауданы: Су үнемдеу технологиясын пайдаланатын шаруашылықтар қатары артуда
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу