Сауран ауданы: Су үнемдеу технологиясын пайдаланатын шаруашылықтар қатары артуда

Oinet.kz 20-08-2026

Сауран ауданындағы шаруаларға су үнемдеу технологияларын енгізуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және басқа да су үнемдеу технологияларын енгізген жағдайда, кеткен шығынның 50 пайызы көлемінде субсидия беру қарастырылған.

Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» тапсырмасы аясында Сауран ауданы аумағында суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Бүгінгі күні Сауран ауданы бойынша шамамен екі мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылған. Оның ішінде, тамшылатып суару бойынша – 200 жүзге жуық,  жаңбырлатып суарумен – 1000-ға жуық гектар енгізілген.

Биыл жалпы Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын 164 мың гектарға алқапқа жеткізу межеленген. Бұл бойынша облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өткізген жиында ағын суға қатысты мәселе жан-жақты қаралып талқылан болатын. Аймақ басшылығының мәлімдеуінше, вегетациялық кезең барысында туындаған өзекті мәселелер мерзімінде бақылауға алынып, тиісті шешімдер қабылданған. Нәтижесінде шаруалардың сұранысы қанағаттандырылған.

Жалпы өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биыл қосымша 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Нәтижесінде жалпы алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 миллион текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары 37 мың гектарға енгізіліп, жоспардың 74 пайызы орындалды. Оның ішінде екі мың гектар Сауран ауданының үлесінде.

Мамандардың мәлімдеуінше, жаңбырлатып суару микроклиматты өзгертіп, өсімдіктердің жақсы өсуіне жағдай жасайды. Ауаның жер бетіне жақын қабатының ылғалдануына байланысты оның температурасы төмендеп, ылғалдылығы артады. Суару кезінде ауаға жаңбырлатып шашыратылатын су оттегі, көмір қышқылы және азоттық газға ұқсас қосындыларымен байытылады. Су өсімдік бетіндегі шаң мен балшықты шайып, олардың өнімділігін арттырады.

 Мәселен, саурандық Жеңісхан Тойбеков басқаратын «Тауекел Агро» шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясына алқапқа жаппай енгізген. Бүгінде 210 гектарға жаңбырлатып суару әдісі арқылы Плата жоңышқасынан жақсы мал азығын дайындап жатыр. Алдағы уақытта егін аумағын 500 гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Қожалық егістік алқабына сегіз скважина қаздырған. Қожалық жетекшісінің айтуынша, жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алып, орналастыру кезінде 50 пайыздан 80 пайызға дейін техника шығындары мемлекет тарапынан субсидияланған. Бұл технология арқылы шамамен 2,1 текше метр шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5 - 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

 Бүгінде тамшылатып суару әдісін «Датқа» шаруашылығы да тиімді қолдануда. Ол осыдан екі жыл бұрын қытайлық компаниямен 7 жылға келісім-шарт жасасып, егістік алқабына мақта дақылын орналастырған болатын. Ол жерден алынған өнімін тікелей мақта өңдеу зауытына өткерген. Биыл да жүз гектардан аса алқапқа егін салып, мақта баптау үстінде. Одан бөлек, тамшылатып суару жүйесі арқылы «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы бақша салып, қарбыз өсіруде. Өнімін бүгінде нарыққа шығарған. «Өтеген» шаруа қожалығы болса алма бауын тамшылатып суару әдісі арқылы баптауда. Алдағы уақытта 7 гектар алма бағынан жылына 37 тонна өнім алуды жоспарлауда.

Жаңбырлатып суару бойынша – 994 гектар алқапқа мал азықтық дақылдары орналастырылған. Оның ішінде жүгері, жоңышқа алқаптары да бар. Жыл соңына дейін бұл алқаптардан 5 мың тонна мал азығын алу межеленген.

Бір атап өтерлігі, жоғарыда шаруа қожалықтары айтқандай, бүгінгі күні еліміздегі шаруаларға су үнемдейтін жүйелерді сатып алу және орнату үшін берілетін субсидия мөлшері 30 пайызға көбейіп, шаруаларға берілетін қолдау 80 пайызға дейін жетті. Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі. Сонымен қатар, агроқұрылымдар 1941 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын орнату бойынша «BNK IRRIGATION» ЖШС мен «Ырыс» МҚҰ арқылы келісімшартқа қол жеткізген. Бүгінде су қондырғыларын орнату жұмыстары ауданда өз жалғасын табуда.

Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығында қолға алынған ірі инвестициялық жоба
Сауран ауданы: Жаңа жүйе суды ғана емес, еңбек күшін де үнемдеуге мүмкіндік береді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу