Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Oinet.kz 11-09-2026

Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған Халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлер саммиті өтті. 

76526.jpg

Жиынға мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға көрсетілетін көмекті арттыру мәселелерін талқылады.

Саммит жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан вице-министр Эльдар Күзенбаев қатысты. Форумның ашылуында ол мемлекеттік әлеуметтік саясат азаматтарға тең мүмкіндік жасауға, өмір сапасын арттыруға, адамдардың экономикалық және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытында дамып келе жатқанын атап өтті.

Министрлік үшін басты назарда – адам. Оның әлеуметтік қорғалуы, қажетті қызметтерді алуы, білім алып, жұмысқа орналасуы және тұрақты табыс табуы маңызды. Осыған байланысты министрлік әлеуметтік төлемдермен қатар, азаматтардың өз мүмкіндіктерін пайдаланып, өз бетінше өмір сүруіне жағдай жасауға да көңіл бөледі.

«Біздің міндетіміз адамға тек төлем берумен шектелмей, оны оқуға, жұмысқа орналасуға және тұрақты табысқа қол жеткізуге дейін қолдау көрсету. Біз атаулы қолдауды күшейтіп, еңбек қатынастарын ресми рәсімдеуді ынталандырып, еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды дамытып келеміз», – деді Эльдар Күзенбаев.

2026 жылы әлеуметтік салаға шамамен 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл республикалық бюджет шығыстарының төрттен біріне жуық. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен 6,7 млн-ға жуық адам қамтылған.

Мүгедектігі бар азаматтар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ерекше мән беріледі. Бүгінде Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Оның шамамен 410 мыңы еңбекке қабілетті жаста, ал 112 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Азаматтардың еңбек етуіне және қоғамға белсенді араласуына жағдай жасауда әлеуметтік кәсіпкерліктің рөлі зор. Қазір отандық әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 1,8 мыңға жуық субъект тіркелген. Оларда 16 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Министрлік әлеуметтік кәсіпкерлермен өзара жұмысты дамытып, бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекетке сенімді серіктес болуына қажетті жағдай жасап келеді.

Негізгі бағыттардың бірі қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Биыл сәуір айынан бастап әлеуметтік кәсіпкерлер субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жұмыс берушілердің жеке санаты ретінде белгіленді. Олар үшін арнайы талаптар мен квоталар қарастырылған. Мүгедектігі бар азаматтарды, көпбалалы ата-аналарды және атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмысқа орналастырған жағдайда субсидияланатын жұмыс орындарының саны тағы 50%-ға ұлғаяды. Жалпы, 2023 жылдан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 10 мыңға жуық адам қамтылды.

Азаматтардың әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтетін тағы бір құрал – «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы. Ол арқылы азаматтар оңалтудың техникалық құралдары мен қызмет көрсетушілерді өз бетінше таңдай алады. Өткен жылы ғана портал арқылы 400 мыңнан астам оңалту құралы ұсынылды. Қазір гигиеналық құралдар, жүріп-тұруға арналған құралдар және тұрмысты бейімдеуге қажетті тауарларды жеткізушілер қатарында 15 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Әлеуметтендіру және оңалту жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, оның ішінде күндізгі күтім және оңалту орталықтары арқылы қызмет көрсетуге белсенді қатысады. 2025 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі осы бағыттағы ұйымдардың дамуына мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 600-ден астам ұйым лицензия алды. Олар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен қатар 100 мыңнан астам қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдауды бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерліктің мүмкіндіктерімен ұштастыратын біртұтас жүйені қалыптастырып келеді. Мұндай тәсіл әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бастамаларды қолдауға, олардың ауқымын кеңейтуге және азаматтарға қажетті қызметтерді дамытуға жол ашады.

«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және министр Асқарбек Ертаевқа ашық диалог, тұрақты қолдау және еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдіреміз. Мемлекеттің мұндай қолдауы бізге болашаққа сеніммен қарауға және нақты пайдасы бар бастамаларды кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Social Innovation Hub президенті Эмин Аскеров.

Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесіне Тәжікстан өкілдері де жоғары баға берді. Тәжік ұлттық университетінің заң факультеті азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Джамшед Муртазозода Қазақстан тәжірибесінің Тәжікстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға негіз болғанын айтты.

«Біз Қазақстанның тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп жатырмыз. Мұнда қалыптасқан тәсілдер мен бірегей тәжірибелердің арқасында менің тікелей қатысуыммен Тәжікстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы арнайы заң әзірленіп, қабылданды. Сонымен қатар жұмыс кездесулері барысында Қазақстан Еңбек министрлігінің өкілдері бізбен қажетті нормативтік-құқықтық база, құжаттар мен номенклатураны бөлісті. Бұл құнды тәжірибені өз еліміздің құқықтық жүйесіне енгізіп, бейімдеп жатырмыз», – деді Джамшед Муртазозода.

Сөз соңында Эльдар Күзенбаев министрліктің әлеуметтік кәсіпкерлермен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен одан әрі жұмыс істеуге ашық екенін айтты. Министрлік тәжірибе алмасуды жалғастырып, қолданыстағы қолдау тетіктерін жетілдіруге және әлеуметтік бастамаларды дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер жасауға дайын.

Бұл ретте қоғам және бизнес өкілдерінің салалық алаңдардың жұмысына тікелей қатысуы маңызды. Соның бірі – министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес.

Otbasy fest — отбасы құндылығын дәріптеген мереке
В Астане обсудили развитие социального предпринимательства
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу