«Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасы

Oinet.kz 20-08-2018 1850

Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында 84382 адам тұрады. Мал және егін шаруашылығымен, сондай-ақ адамдарының  еңбекқорлығымен аты шыққан елді мекенде түрғындардың денсаулығына жауапты мемлекеттік жалғыз аурухана жұмыс істейді.  «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасының ұжымы дертіне шипа іздеп келген әрбір тұрғынға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Аурухана құрамына Қарабұлақ емханасы, Көлкент, Арыс, Құтарыс, Ақсуабад дәрігерлік амбулаториялары кіреді. Емдеу мекемесі 127 төсек-орынға арналған. Оның ішінде 2 оңалту төсек-орны және одан басқа 65 төсек-орындық (15 ауруханалық, 50 емханалық) күндізгі стационар бар. Биылғы жылдың 5 айында ауруханада 2981 науқас емделіп, өткен жылмен салыстырғанда осында емделушілердің саны көбейіпті.    

Screenshot_27.jpg

Елімізде тұрғындар саулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Елбасының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында да халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, нақтылай тапсырмалар жүктелуде. Солардың бірі – онкологиялық аурулардың алдын-алып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, жыл сайын дүние жүзінде 10 миллион адам қатерлі дерт ауруына шалдығатыны анықталса, олардың 8 миллионы көз жұмады екен. «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігердің міндетін ақарушы Еркін Әбдікәрімовтың айтуынша ауруханада жыл сайын онкологиялық дертке шалдыққандардың саны кеміп келеді екен. 

– Биыл ауруханада жалпы өлім көрсеткіші біршама төмендеді. Осы жылы хирургия бөлімінде өлім тіркелген жоқ. Әлеуметтік ауру қатарына жататын туберкулез бен қатерлі ісіктерден қайтыс болғандар да жоқ. Бұл емханамыздағы мамандардың тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізу және скринингтік тексерулердің оң нәтижесі, сондай-ақ білікті дәрігерлердің сапалы жұмысының нәтижесі деп білемін, – дейді Еркін Әбдіқаһарұлы.

Ағымдағы жылдың екінші кварталында мемлекеттік аккредитациядан өтуге дайындық үстінде жүрген мекемеде терапия, оташы, жұқпалы аурулар, балалар, гинекология және перзентхана секілді алты бөлімше бар.             

Адам – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан, бала туу көрсеткішін арттыра отырып, өлім-жітім деңгейін азайту – денсаулық сақтау саласына жүктелген ең басты міндет. Биыл осы бағытта мекемеде үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұған куә болу үшін перзентхана бөліміне бас сұқтық. Ауруханадағы ең «құнды» бөлімшеде жылына 1500 бала дүние есігін ашады екен. Мұндағы дәрігерлер ана мен бала денсаулығын алғашқы орынға қояды. 

– Жеті айдағы көрсеткіш бойынша туылған балалар саны 1400-ге жетті. Олардың арасында егіздер де бар. Жалпы алғанда табиғи өсім 8,8 пайызды құрап отыр. 2018 жылдың 5 айында ана өлімі орын алған жоқ. Перзентханада ана мен бала аурушаңдығы өзге аймақтармен салыстырғанда төмен деңгейде, – дейді акушер-гинеколог Сергей Зазурин. 

Еліміздің демографиясына үлес қосып отырған бөлімше қажетті құрал-жабдық, заманауи аппараттармен толығымен қамтамасыз етілген. Мәселен, туылған нәрестелер жағдайын дер кезінде анықтау үшін КТГ аппараты іске қосылған. Сондай-ақ мұндағы отоокустикалық аппарат шақалақтардың есту мүкісін ерте диагностикалауға жол ашуда. Қарабұлақтық аналардың ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз. Жақында ғана төртінші перзентін дүниеге әкелген Нафиза Ташметова дәрігерлердің көмегімен босанудың жеңіл өткенін айтады. 

– Екі қыз бір ұлымды да осында босанған едім. Сондықтан мұндағы гинекологтарға толығымен сенемін. Олар пацинеттерге барынша жағдай жасап жатыр. Аллаға шүкір ұлымның денсаулығы жақсы. Білікті дәрігерлердің арқасында Қазақстанның демографиясына үлес қосып отырған жайымыз бар, – дейді ана. 

Мамандардың айтуынша Қарабұлақ ауылында туу жасындағы 19314 әйел бар. Ерекше күтімді қажет ететін жүкті әйелдерге мамандар апта сайын кеңес беріп тұрады. Акушер-гинеколог Надыр Якубовтың айтуынша қазіргі таңда аяғы ауыр әйелдер арасында қан аздық ауру көп кездеседі екен. 

– Дүниеге сау бала келуі үшін ананың дені сау болуы шарт. Мүмкіндігінше жүктілік жоспарлы түрде болса ешқандай қауіп болмайды. Осыдан 5-10 шақты жыл бұрын бізде жоспарсыз жүктілік көп еді. Яғни, жыл сайын босанатындар басым еді. Ал қазір әйелдер денсаулықтарына, болашақ ұрпақтарына жауапкершілікпен қарауды үйренді. Дегенмен бүгінде пациенттерде анемияға шалдығу жағдайы жиі болуда. Бала бойға біткеннен бастап жүрек айну басталады. Сөйтіп әйелдер ет секілді құнарлы тамақтан бас тартады. Ана мен шаранаға бірінші кезекте құнарлы, пайдалы ас қажет. Бала ананың бойынша күш-қуатты алады. Егер әйел дұрыс тамақтанбаса қан аздық пайда болады. Тағы бір мәселе қазір жүкті әйелдер кока-кола, фанта секілді газды сусындарды көп тұтынады. Ал оның барлығы бірінші кезекте іштегі сәбиге зиян ғой. Түрлі аурулардың алдын-алу мен ана мен сәбидің денсаулығын сақтау мақсатында жүкті әйелдерге кеңес беріп тұрамыз, – дейді дәрігер.  

Зерттеушілердің айтуынша ауруханада пациенттердің ең жиі емделетін орны ол – терапия бөлімшесі екен. Бас, іш, аяқ-қолымыз ауырып қалса да бірден терапевтке жүгінетініміз рас. Мұнда аталған бөлімше қызметкерлерінің арқалаған жүгі ауыр. Себебі әр науқастың тілін табу оңай шаруа емес. 28 төсек-орынға лайықталған бөлімшеде басы қақсап, балтыры сыздағаннан басқа инсульт алған науқастар, қант диабетіне шалдыққандар, ағзасы уланған жандар шипасын табуда. 

– Бұрынғы пациент пен қазіргілердің арасы жер мен көктей деуге болады. Себебі қазір тұрғындар денсаулығы сыр бере бастағаннан тексерілуге келеді. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың асқынуына жол бермеуде.  Әйтсе де бүгінде адамдар дұрыс тамақтанудың жолын білмейді. Салдарынан қант диабетіне шалдығушылар көбейді. Сондай-ақ 45 жастан жоғары пациенттер арасында остеохандроз ауруы белең алып тұр, – дейді терапия бөлімінің меңгерушісі Анархан Сухрабжан.

Терапевттің алдына ем іздеп келгендердің бірі Базартай ақсақал. 70-ке таяп қалған қарияның асқазаны маза бермеген көрінеді. 

– Сол күні палау жеген едім. Шамадан тыс көп жеп қойдым ба екен, әйтеуір кешкісін асқазаным ауырып шықты. Өзімше астан уланған болуым керек деп халық еміне жүгіндім. Елу грамм араққа тұзды көбірек салып ішіп алдым. Көмектеспегесін ауруханаға келдім. Дәрігерлер қажетті ем-домды жасап, дәрі-дәрмек жазып берді, – дейді ол. Ауыл қариясы қант диабеті кеселімен диспансерлік есепте тұратын көрінеді. Мемлекеттен берілетін тегін дәрілерді үзбей алып тұрады екен

Еркін Әбдіқаһарұлының мәліметінше аурухананың медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі биыл 55 паайызды құраған. Нақтырақ айтқанда аурухана балансында 263 бірлік медициналық құрал бар. Оның ішінде жансақтау бөліміне Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың өз қолымен тапсырған 6 автоматты көпфункциялы кереуерттері бар. Биыл өзге де медициналық жабдықтарға 36 миллионға жуық теңгеге тапсырыс беріліп, электрокардиограф, пациент мониторы, лабораториялық центрафуга, автоматты шприцтік насос секілді бірнеше аппараттар аурухана игілігіне алынған.  

Әрбір науқас кеселі жанына батқанда өмірін дәрігерге сеніп тапсырады. Сондықтан дәрігердің білікті де, білімді, жауапкершілікті сезінуі өте маңызды. «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасында 823 медицина қызметкерлері бар. Оның 118-і дәрігер, 79-ы біліктілік санаты бар дәргерлер, 415-і орта буынды медицина қызметкерлері, 321-і біліктілік санаты бар медбикелер. Өткен жылы 28 дәрігер мен 38 орта туынды медбике қайта даярлаудан өткен болса, биылдыққа 3 дәрігер, 5 медбике біліктілігін жетілдіріпті.  

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгінде еліміздегі барлық медициналық мекемелер цифрлы жүйеге көшуде. Қарабұлақ ауруханасы да жаңашылдықтан айналып өткен жоқ. Пациенттер қажетті дәрігеріне терминал арқылы талон алып кіруіне болады. Ғимараттан ығы-жығы адамды байқамайсыз,  айғай-шуды да естімейсіз. Барлығы  кезегімен жылжып жатыр.  Жыл басынан бері қарабұлақтық дәрігерлердің тарапына бірде-бір арыз-шағым түспепті. Мінсіз жұмыстың артында ұжымның адал еңбегі жатыр деп есептеймін. 

«Маған демагог керек емес. Арыз жаз да, кет» - Баталов Қалиасқаровқа
Асқар Мамин елордадағы спорт және мәдениет инфрақұрылымдарын тексерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу