Әлемнің 93 елі Мархабат Байғұттың туындыларымен сусындайды

Oinet.kz 15-03-2020 1465

vlcsnap-2018-02-22-10h02m30s156.jpg

Жақында Біріккен ұлттар ұйымының 6 тіліне (ағылшын, араб, француз, қытай, испан, орыс) аударылған заманауи қазақ прозасының антологиясы жарық көрді. Антология 60 мың данамен шығып, әлемнің 93 елінің кітапхана, университет, зерттеу орталықтарына жеткізілді. Осылайша дүниежүзі оқырмандары қазақ халқының қоңырқай тіршілігімен, болмыс-бітімімен танысатын болады.  

Бір қуаныштысы, аталған антологияға танымал жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың да шығармалары да енді. Заманауи қазақ прозасында Мархабат Байғұттың алар орны ерекше. Әдебиетсүйер қауым қысқа да нұсқа әңгімелерімен «Қазақтың Чеховы» атанған Махаңның қолтаңбасын бірден таниды. Оның өзгелерге ұқсамайтын мақамы оқырманды өзіне бірден баурап алады. Қазіргі заман, бүгінгі қоғам туралы көркем тілмен кестелеп жаза алатын қаламына адал жазушылар сирек десек болады. Танымал ақын Нармахан Бегалы Мархабат Байғұттың әдебиеттегі орны туралы:

- Менің ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «А без меня народ не полный» деген сөзі еске түседі. «Менсіз халық толық емес» дейді. Осы секілді Мархабат болмаса қазақ прозасы толық емес. Қазақ прозасы Мархабатсыз көп олқылыққа ұшырайды. Қазақтың жыры қалай Абайсыз қалса, қазақ прозасы да Мархабатсыз қалады. Бейшара күй кешеді, - деп айтқан еді. 

Заманауи қазақ прозасының антологиясында Махаңның туындыларының табылуы – аталған жинақтың құндылығын арттырып отыр.  Жазушының шығармаларында қазақ ұлтының дархан пейілі, ақ-еділ көңілі, қулық-сұмдық, арамдығы жоқ болмысы, жанының кіршіксіз тазалығы көрінісі табады. Әлем халқы қазақ елінің тіршілігін Мархабат Байғұттың «көзімен» қарайтыны бізді қуантып отыр.

Айта кетейік, биыл мамыр айында Мархабат Байғұт 75 жасқа толады. Осыған орай бүгінде жазушының мерейтойын атап өту жалғасуда. Жыл басында Мархабат Байғұттың 7 томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өткен болатын. 7 томдық шығармалар жинағы Мәдениет және спорт министрлігің Тіл саясаты комитетінің қолдауымен өткен жылдың соңында жарық көрді. 

Мархабат Байғұт 1945 жылғы мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Үш жыл әскер қатарында болған. Алғашқы жұмысын 1968 жылы Түлкібас аудандық «Шамшырақ» – «Маяк» газетінің редакциясында корректорлықтан бастаған. Зейнеткерлікке шыққанша көптеген қызметтерді абыроймен атқарды.

«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Ақпандағы мысықтар», т.б. кітаптары жарық көрді. Шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Өзі Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын аударған.

Екі дүркін республикалық «Жалын» баспасының сыйлығына, үш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің сыйлығына ие болды. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған.

Мархабат Байғұт әсіресе жас өскіндерді тәрбиелеуде көп еңбек сіңірді. «Мархабат Мирас» қоғамдық қорының бастамасымен көптеген жастарға шығармашылық, материалдық қолдау көрсетілді. Бұл қолдау әлі де жалғасын тауып жатыр. 

Алматыда метрода әдейі жөтелген жігіт 10 күнге қамалды
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 8-ге жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу