Тасмағамбетов Шойгу бола ала ма?

Oinet.kz 29-01-2015 1094

img_2842_10756.jpg

Отандық қорғаныс саласын күні бүгінге дейін сегіз адам басқарыпты.   Оларды шартты түрде екі түрге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы министрлер легі - Сағадат Нұрмағамбетов, Әлібек Қасымов, Мұхтар Алтынбаев пен Сәт Тоқпақбаев - барлығы да генералдар, қорғаныс саласының қыр-сырын жетік меңгерген кәсіби әскери мамандар. 2007 жылдан бастап қорғаныс саласына әскери саладан хабары жоқ  министрлер (дұрысы менеджерлер) жетекшілік жасай бастады. Әуелі Даниал Ахметов, одан соң Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметов, енді міне, Иманғали Тасмағамбетов.

Бірден айтайық, осы тізімнің ішінде тек Сағадат Нұрмағамбетов қана елдің көңілінен шыға білді. Қалғандары оның шағына да ілесе алмады. Министрлікті екі рет басқарған Мұхтар Алтынбаев беделді генерал саналса да, іс жүзінде  тындырғаны шамалы болды. Сәт Тоқпақбаевтың түбіне белгісіз себептермен бірде жоғалып кеткен, бірде апатқа ұшыраған ұшақтар жетті (Генералдың өзі де апатқа ұшырап, әйтеуір аман қалды). Өз ісінің шебері, әскери қызметке адалдық танытқан генерал Нұрмағамбетовтің биігіне ешкімнің шыға алмауы қирап біткен отандық әскер саласының жай-күйін анық аңғартып тұрғандай. Көптен бері   моральдық және материалдық тұрғыда күйзеліске түсіп келе жатқан  қорғаныс саласын  оңалтуға   қазіргі министр, елдің бірқатары бағалауынша мәселесі шиеленіскен «ыстық нүктелерге» өрт сөндіргіш» ретінде жіберілетін  Иманғали Тасмағамбетовтің шамасы қаншалықты жетер екен? Былтыр қазан айында қорғаныс министрлігінің жетекшілігіне бекітілген Имекеңнің алғашқы қадамдарына баға берген сарапшылар оны Шойгумен жиі салыстыратын болды. Неге екенін зерделеп көрелік.

Әуелі қорғаныс саласындағы азаматтық министр мәселесіне тоқталып өткеніміз жөн. Сәйкестік пе, әлде Астана мен Мәскеудің  алдын-ала келісіп ұйымдастырылған атқарылған тірлігі болды ма,  әйтеуір Ресей мен Қазақстанда қорғаныс министрлігін әскери салаға қатысы жоқ, қарулы техника мен соғыс жүргізу тактикасы атаулысынан мүлдем мақұрым  шенеуніктерге сеніп  тапсыру жайлы шешім бір сәтте қабылданды. Бізде Даниал  Ахметов, Ресейде Анатолий Сердюков  әскери ведомствоның басшылығына 2007 жылы тағайындалды. Ұқсастық мұнымен  бітпейді. Екеуі де сыбайлас жемқорлықтан туындаған даулы мәселелерге байланысты қызметімен қош айтысты.

Жалпы, қорғаныс саласына азаматтық тұлғаны басшы етіп бекіту өркениетті елдерде бұрыннан бері келе сақталып келе жатқан дәстүр. Батыста  «демократиялық елдегі әскери салаға азаматтық бақылау міндетті түрде орнатылуы қажет» деген қағида әлдеқашан қалыптасқан. Яғни,  генералдар мен офицерлер тікелей соғыс жүргізу  тактикасын, заманауи қару-жарақ түрлерін жетік меңгеруге міндеттелсе, азаматтық саладан келген министр қорғаныс саласына саяси тұрғыда басшылық етуі тиіс.

 Кеңес одағы кезінде  керісінше, қорғаныс саласы өз алдына бір империя ретінде дамып отырды. Әрине, жылдар бойы қалыптасқан психологиядан арылу оңай емес. Сондықтан, Сердюковтың Ресей Қорғаныс министрлігіне тағайындалуы талай генералдың ашу-ызасын туғызғаны рас. Шынында да, ресейлік бүкіл офицерлік құрам  Сердюковты жегідей жек көрді. Бірақ, Кремль олардың жай-күйіне назар аудармады. Су жаңа министрге Ресей әскерінде бұрын-соңды болмаған реформалар жүргізу ісі тапсырылды. Жоспар бойынша 2020 жылға дейінгі аралықта Ресей әскери тұрғыда жаңа деңгейге көтеріліп, қару-жарағын толық жаңалап шығуы тиіс болды. Бірақ, көп ұзамай қорғаныс саласындағы былық-шылықтардың беті ашыла бастады. Тендерге тігілген миллиардтаған рубль талан-таражға түсіп, арты үлкен дауға ұласты. Министрлікті бес жыл басқарған Сердюков ақыры қызметінен кетіп, үстінен қылмыстық іс қозғалды.

 Даниал Ахметов те әріптесі Сердюковтан көп ұзай алған жоқ. Облысты, Үкіметті басқарып, білікті басшы ретінде танылған Даниал Ахметовке жүктелген міндет те, артылған үміт те зор еді. Оның басқаруында отандық қорғаныс саласы қайта жарақтандырудан, модернизациядан өтіп, заман талабына сай әскердің қалыптасуына қарай бет бұруы тиіс еді. Алайда, Ахметов жұрттың есінде мүлде басқа оқиғалармен сақталды.  Арыс қаласы маңындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс, тікұшақтардың құлауы және Израильден түкке жарамсыз қару-жарақ сатып алынып, осы арқылы мемлекеттің 82 миллион доллары желге ұшқаны ақыры Ахметовке таяқ болып тиді.

Қорғаныс саласын басқарған екінші азаматтық тұлға - Әділбек Жақсыбеков министрлік қызметін бақандай бес жыл бойы атқарды. Талантты бизнесмен, табысты коммерсант Жақсыбеков экономика министрі, Президент әкімшілігін басқару ісінде өзінің компромиске  бейім сипатымен танылды. Алайда, оның тұсында да қорғаныс министрлігінде айтарлықтай өзгерістер орын ала қоймады. Сарапшылардың пікірінше, нақты істерден гөрі Жақсыбеков жарнама жағын көбірек ойластырды. Оның өзі жазған сценариймен әскери тақырыпта кино түсірілді. Тұңғыш рет ауқымды әскери шеру өткізіліп, қазақстандықтар отандық әскери техниканың түр-түрін теледидар арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Көрермендерді әсерге бөлеу үшін парадтың барысында арнайы эффектілер көрсетілді. Бірақ, шерудің аты шеру, соғыстың аты соғыс қой. Қазақстандық жауынгерлер әскери операцияларға дайындығы сол күйі төмен деңгейде қалып қоя берді.  Сарапшылардың айтуынша, Жақсыбеков көп ұзамай  министрлікке өзіне жақын адамдарын көбірек тартып,  команда жасақтай бастады. Оның тұсында жоғарғы басшылықтағы кәсіби мамандардың саны мейлінше қысқарып, олардың орнын әскери саладан хабары жоқ адамдар толтырды.

Қорғаныс саласына билік еткен үшінші азаматтық министр Серік Ахметов бұл қызметте бар болғаны 203 күн отырыпты. Бұл қысқа мерзім ішінде түк те тындыра алмайтының белгілі. Әскери саланың қыр-сырын сәл-пәл меңгеруге, мылтықты пистолеттен, зеңбіректі ракетадан айыратын деңгейге жету үшін кемі екі-үш айдың жүзі кететінін ескерсек, Серік Ахметов жаңа креслосына дұрыстап отырып та үлгермеді.  Жемқорлыққа қатысты үстінен іс қозғалған экс-премьер және экс-министр Ахметовтің болашақ тағдыры қалай боларын ел іштен тынып күтіп отыр.

Ең бастысы – осы үш министр де қорғаныс саласындағы түпкі мәселелерге үңіліп, тиімді шешімдерді ұсына алмады. Әлде ұсынғысы келмеді ме? Бүгінгі таңда әскер саласы - өз алдына  жеке корпорация болып қалыптасып үлгерді. Шеттен келгендерді жан түршігерлік құпия-сыры толы ішкі жүйесіне оңайлықпен  кіргізе қоймайды. Қоғам тарапынан айтыла бастаған сынға құлағын да аспайтын генералитет пен офицерлік құрам азаматтық тұлғаларға менсінбеушілікпен қарайтыны рас. Соңғы жылдарда   көбейе түскен жауынгерлердің өлімі, ұшақтардың апатқа ұшырауы мен сыбайлас жемқорлық қорғаныс саласын реанимациялау қажеттігін білдіреді. Әскери борышын өтеп жүрген жастардың арасында кісі өлтіру мен өзіне-өзі қол жұмсаудың неге тым көбейіп кеткенін анықтау және осыны ауыздықтауға  азаматтық министрлер үштігінің деңгейі де, батылы да жетпеді.

Енді Тасмағамбетовке келейік. Имекеңнің қорғаныс саласын басқаруға ықпалы да, менеджерлік қабілеті де жетеді. Біздіңше, қорғаныс саласын басқара алатын бірден-бір азаматтық тұлға осы.   Одан басқа Үкіметте әскери шенді-шекпенділерді мойындатып, қатал талап қоя білетін шенеунікті іздеп табу қиын шаруа. Егер Тасмағамбетов те түк істей алмаса, бәлкім, әзірше «азаматтық қорғаныс министрі» қағидасынан бас тартуымыз қажет болар.

Имекеңнің қорғаныс министрлігіне келуі Ресейде Сердюковты Шойгу алмастырғанмен бірдей болды. Кремль Шойгуды арнайы миссияны орындайтын «көзір» ретінде пайдаланады. Сердюковтан құтылып, Шойгудай шымыр шенеуніктің келгенін әскерилер қуана қарсы алды.  Бұған дейін Ресейдің бетімен кеткен төтенше жағдайлар саласын ретке келтіріп, тиімділігі жоғары жүйені қалыптастыра білген Шойгу қорғаныс саласына келе салысымен бірқатар маңызды шараларды іске асыруға бел шеше кірісті.   Өзгерістер жауынгерлер тарапынан оң бағасын алып жатыр. Мәселен, Кеңес одағынан бері келе жатқан жауынгерлік киімнің ажырамас бөлігі іспеттес «портянкадан» бас тартып, солдаттар енді шұлық киіп жүр. Иә, қарап тұрсаң ұсақ-түйек нәрсе, бірақ бұл да реформаның жемісі ғой.

Жалпы, Шойгу келгелі көрші елдің қорғаныс саласында келесідей шаруалар атқарылды:  командирлерге кадрлық ауыс-түйістерді жасау құқығы қайтарылды, әскери қару-жарақ пен техниканы сынақтан өткізуді қадағалау механизмі күшейтілді, әскери шерулерге суворовшылардың қайтадан қатыса бастауы, казармаларда душ кабиналарының орнатылуы және әскери бөлімдерде кенеттен тексерулердің жүргізілуі. Әсіресе соңғысының тиімділігі жоғары болды.  Солдаттар кез-келген уақытта соғыс дабылының қағылу мүмкіндігіне еті үйреніп, әскери дайындығына көбірек көңіл бөле бастады. Нәтижесінде, бір жыл ішінде Ресей кез-келген сәтте елдің кез-келген нүктесінде ұрысқа кірісіп кететін әскери бригадарларға қол жеткізе алды.

 Тасмағамбетов те осы қадамға барды. Министрліктің тізгінін ұстаған сәтте-ақ қорғаныс саласында кенеттен тексерулер жиі ұйымдастырылатын болды. Иманғали Нұрғалиұлы әсіресе «Оңтүстік» әскери округына қатты шүйлікті. Онысы түсінікті де. Орта Азия елдері арқылы Ауғанстан жақтан содырлар келіп қалса, шекара маңында шиеленістер орын алған жағдайда жауынгерлер сақадай сай дайындықта болуы тиіс.

Тасмағамбетовтың тағы бір қадамы – жіберілген кемшіліктер үшін бірқатар лауазымды тұлғаларды қызметінен қуды. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл генералитет пен офицерлік корпусқа қалайда әсер етуі тиіс. Себебі, әскери қылмыстарға жылдар бойы көз жұма келген әскерилер жауапкершілікке тартылмайтынына әбден үйреніп алғандай күй кешіп келді.

Тасмағамбетов ең маңызды екі мәселеге назар аударуы тиіс – ескірген қару-жарақ пен техниканы модернизациялау мен сапалы кадрларды даярлау ісі. Әскер қатарындағы қызметтің қып-қызыл бизнеске айналғалы қашан. Кейбір дерекке сенсек, елімізде 130-ға жуық генерал бар. Саны көп, ал сапасы ше? Сарапшылардың айтуынша, әскери шенділердің бизнесі сонау 2002 жылдан  өріс алған. Сол жылы қорғаныс саласына қажетті қару-жарақ, техниканы сатып алуға, тіпті киім мен азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған тендерлерді өткізу ісі әскерилердің өздеріне тапсырылды. Содан бері әскер қатарындағы сауда толастар емес. Генералдар маңайына кландарды қалыптастыра бастады. Әр жылдарда вице-министрлер қызметін атқарған Қажымұрат Маерманов, Алмаз Сәрсенов, Асқар Бөлдешев, Бағдат Майкеев сынды генералдардың сыбайластыққа белшесінен батып, абыройы айрандай төгілуінің сыры осында жатыр.

 Әйткенмен, Тасмағамбетовтың табандылығына тәнті болып, «бес» деген баға беруге асықпаңыз. Нағыз жұмыс енді басталды. Қазіргі министр жоғарыда аталған мәселелерді қаншалықты шеше алатыны әзірше белгісіз. Тіпті Ресейдегі Шойгудың өзіне қазір көңілі толмайтындар көп.  Естуімізше, қазір қос генерал - Мұхтар Алтынбаев пен Сәт Тоқпақбаевты Парламенттен министрлікке қайтару бағытында жұмыс жүріп жатыр. Демек, Тасмағамбетов айналасына білікті  кадрларды топтастыруды жөн көріп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жай қадам емес. Қазақстан Украинадағы секілді жағдайға төтеп беруге қамданып жатқанға ұқсайды. Қалай болғанда да, әскерді бетімен жіберу оп-оңай болғанымен, ретке келтіру, бәсекеге қабілетті қарулы күштерді қалыптастыру бірер жылдың шаруасы емес. Әліптің артын бағалық.

"Рейтинг" газеті, 29 қаңтар, 2015 жыл.

Көп болса алтынның да қадірі жоқ
«Егер тау Мұхаммедке бармаса, онда Мұхаммед тауға барады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу