Вебинар барысында құқықтық сауаттылық туралы жан-жақты ақпараттар айтылды

Oinet.kz 29-06-2020 610

Screenshot_4.jpgКез-келген салада құқықтық сауаттылық басты назарда. Әрбір адам, әрбір мекеме өз құқығын, яғни заң білмесе онда оның ісі алға баспайды. Көлденең көк аттыға жем болып, жұмысы құрдымға кетеді. Және де заңды білмегендіктен, тыйым салынған нәрселерді істеп, өз тағдырына балта шабуы әбден мүмкін. Осы орайда құқықтық тұрғыда сауатты болған абзал. Бұл әсіресе журналистика саласында өте маңызды. Журналист – күллі әлемге ақпарат таратушы адам. Ол ақпарат таратқанда заңды тұрғыда бір жерден қателессе, оның зардабы ауыр болмақ.

Бүгін ҚР Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «TURKISTAN OPEN MEDIA-2020» онлайн конференциясы аясында вебинарлар өтті. «Журналистикадағы құқықтық сауаттылық» тақыбында өткен вебинарда спикер – республикалық «Жас Алаш» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, «Рейтинг» газетінің бас редакторы Бақытжан Әбдірашұлы болды. Ол вебинар барысында журналистер жиі жіберетін қателіктерді атап көрсетті. Және қалай оның алдын-алуға болатыны туралы тың ақпараттармен бөлісті.

- Журналистің кез-келген ашық сот процесіне қатысуға құқығы бар. Тек журналистің емес, кез-келген азаматтың қатысуға құқығы бар. Бұл жөнінде судьяға ескерту қажет пе? Егер сіз сот барысында аудио-бейнежазба жүргізетін болсаңыз, онда сотқа қатысатын тараптардың рұқсатымен ғана жүргізіледі. Сот басталардың алдында судьяның өзінен немесе хатшысы арқылы сотқа қатысып жатқан күдіктіні, жәбірленушіні суретке түсіруге рұқсат сұрайсыз. Содан кейін сот басталғасын судья: «сіздерді түсіреміз деп жатыр, рұқсат бересіздер ме?» деп сұрайды. Егер олар рұқсат берсе түсіресіз, бермесе түсірмейсіз. Және тағы бір ескертетін нәрсе, сот процесін судья басқарады. Залда оның айтқаны болады. Оның барлық сот процесіне құзыры жүреді. Егер сот залдан журналистің шығып кетуін сұраса, онда журналист залдан шығу керек, - деді Бақытжан Әбдірашұлы.

Сонымен қатар, спикер журналистерді көбіне қандай баптар бойынша сотқа беретінін айтты.

- Журналисті көбіне  бап бойынша сотқа береді. Біріншісі – жала жабу бабы бойынша. Яғни, ақпарат құралдарында материал жарияланса, материал кейіпкері болған азамат «менің іскерлік беделіме нұқсан келтірді, маған жала жапты, менің істемеген нәрсемді істеді деп жазды» деп «жала жабу» бабы бойынша сотқа бере алады. Және екіншісі – «қорлау» бабы бойынша. Яғни, «менің іскерлік беделімді, ар-намысымды әдепсіз формада қорлады немесе нұқсан келтірді» деп сотқа бере алады, - деді спикер.

Оның айтуынша, журналистер көбіне ақпараттың ақ-қарасын ажыратып жатпай, бір тараптың айтқанына еріп мақала жазып жатады. Бұл дұрыс емес. Журналист қос тараптың да пікірін беру керек. Сонда ғана обьективті материал шығады.

Вебинар барысында көрермендер спикерге сұрақтар қойып, лайықты жауап ала білді. Сонымен қатар, келесі вебинарда Oinet.kz ақпараттық-сараптамалық порталының бас редакторы Абылай Есімбай «Пандемия тұсындағы және одан кейінгі медиаконтент» тақырыбында баяндама жасады.

- Сайттар ақпарат бергенде көбіне адам эмоциясын тудыруға тырысады. Себебі, эмоцияға берілген адам - әлеуметтік желіде бөлісілген сайт сілтемесін ашып көреді. Сайтқа өткен оқырман – трафик деп есептеледі. Қазіргі сайттар бірінші орында – трафик үшін жұмыс істейді. Трафик оларға табыс әкеледі. Коронавирус тұсында оқырмандар эмоцияға қатты берілді. Олар осы дерт туралы барлық ақпаратқа бей-жай қарамай, бәріне реакция берді. Нәтижесінде, бұрын күніне 100 мың адам кіретін сайттарға енді күніне 250-300 мың адам кіретін болды, Трафик орта есеппен 3 есеге дейін өсті. Бірден өскен трафикті көрген сайт ұжымы осы аудиторияны ұзақ уақыт ұстап тұру үшін коронавирус дерті туралы, одан қалай емделуге болады, күніне неше адам қайтыс болып жатыр, емделіп шыққандар саны қанша, індетке байланысты өңірлерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр, жан-жақты ақпарат бере бастады. Нәтижесінде біраз ақпарат құралдары тұрақты аудиториясын қалыптастырып алды, - деді Абылайхан Сматуллаұлы.

Оның айтуынша, сайт редакциялары оқырман талғамын зерттеп, оқырманға ұнайтын ақпаратты беруге тырысу керек. Әйтпесе, оқырман оқымайтын нәрсені қанша тықпаласа да сайт трафигі өспейтінін айтты.

Көрермендер вебинар барысында спикерлерден көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.

Жұлдыз Әбділдә: «БАҚ өзі таратқан ақпараттың жауапкершілігін сезінуі тиіс»
Тоқаев Кодекске қол қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу