«Нұр Отанның» Абасов пен Жамаловқа сөзі жүрмей ме?

Oinet.kz 13-10-2020 821

Мақта науқаны өзінің нағыз қызған шағына жетті. Диқандардың қазір мұрын сіңбіруге шамалары жоқ. Ала жаздай маңдай терлері сорғалап жүріп баптаған өнімінің жемісін көрер кез келді. Алайда еткен еңбектің қызығын мақташылар емес, мақта қабылдайтын зауыттың басшылары көріп жатқан сияқты. 

image.png

Сенаттың отырысында Түркістан облысынан сайланған депутат Әлімжан Құртаев  әріптестері Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбаровамен бірге үкімет жетекшісі Асқар Маминге жазған депутаттық сауалын оқып берді. 

Депутаттың айтуынша, мақта қабылдайтын зауыттар ақ алтынның бағасын осы күнге дейін белгілемей отыр. Бірақ шаруалар жинаған өнімдерін зауыттарға өткізіп жатыр. Себебі мақтаны зауыттан басқа қабылдайтын ешкім жоқ. 

- «Бүгінгі таңда трейдерлер шитті мақтаның бір тоннасын аванс ретінде 100 мың теңге төлеп сатып алуда. Ал бір гектар мақта дақылының шығыны өсіп- өндірудің технологиялық картасы бойынша 256 901 теңгені құрайды. Орташа есеппен, әр гектардан өнім алған диқанның кірісі 200 мың теңге болса, шығысы 257 мың теңге болады. Осылайша, соңғы сөздің зауыт басшысына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс?», - деді Ә. Құртаев.

Мақта тек Түркістан облысында егіледі. Уақтысында облыста мақта-тоқыма кластерін дамыту жөнінде жобалар қолға алынған. Бірақ олардан шығып жатқан нәтиже жоқ.

-  «Мақтамен айналысатын шаруалардың мүддесін қорғау, саладағы баға саясатының нарықтық принциптерін енгізу, әділеттілік орнату мақсатында мақта өндірушілері мен зауыттар арасындағы қарама-қайшылықтарды жоятын, зауыттардың монополистік мүдделерін бәсеңдететін, ортадағы делдалдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоятын заң шеңберінде шаралар қабылдауды құзырлы органдарға тапсыруларыңызды сұраймыз» - делінген сенаторлар жазған хатта. 

Соңғы мәліметтерге қарағанда, мақта зауыттары шитті мақтаны қабылдаудың бағасын 1 келі өнімге 130 теңгеде белгілеген. Бұл былтырғы бағамен бірдей. Диқандардың «доллар қымтаттады, енді мақта да қымбаттайды» деген үміттері ақталмады. Кейбір шаруалар мақтаны зауытқа уақытша сақтауға қойып, баға қымбаттаған кезде сатады. Оған барлық шаруаның мүмкіндігі жоқ. Себебі комбайншылармен, терімшілермен есеп айырысу қажет. Комбайн 1 гектарды жинауға 50 мың теңгеден, терімші өнімнің келісіне 30 теңгеден алады. 

Айтпақшы, мақта зауыты басшыларына биліктің сөзі өтпесе, билік партиясының сөзі өтіп қалуы әбден мүмкін. Облыста ақ алтынның бағасын белгілеуде басты рөль ойнайтын мақта зауыты қожайындарының дені «Нұр Отанның» мүшелері. Айталық,  облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының белсендісі, жуырда партияның праймеризінде бақ сынап, жоғары жетістікке жеткен Қайнар Абасов бар. Мақта зауыты бар тағы бір «монополист» Бауыржан Жамалов та «Нұр Отанның» белсендісі. Облыстық мәслихаттың экс-депутаты, экс-облыс әкімінің орынбасары. Қайбір жылдары оның кандидатурасы билік партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына да ұсынылған. 

«Нұротандықтарға» «Нұр Отанның» сөзі өтпесе, басқа ешкім қалмаған сияқты. 

Праймериз: Әлеуләй біткенімен, әлі халеуләй бар
Тоқаев Маминге тапсырма берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу