Жеті үйір жылқы бағып жүрген қыз жұртшылықты таңқалдырды (видео)

Oinet.kz 06-08-2021 2975

Еліміздің солтүстігіндегі шалғай ауылда тұратын 24 жастағы Асыл Ахметова жеті үйір жылқыны жалғыз өзі бағады. Әкесіне қолғабыс етіп, жылқы бағатын бойжеткен аз уақыттың ішінде желі жұлдызына айналып үлгерген. Ат құлағында ойнайтын бойжеткен мыңдаған адамды аузына қаратты.

Асыл Ахметова.jpg

Асыл Ахметова СҚО-дағы Озерное ауылында ата-анасымен бірге тұрады. Жастайынан әкесінің қасынан қалмай, мал бағуға шығатын қыз жылқыға ерекше жақын болғанын айтады.

Мектеп бітіргесін Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжді тәмамдаған бойжеткен қалада көп тұрақтай алмаған. Ауылдағы өмірі мен жылқыларын сағынған ол карантинді сылтау етіп, туған өлкесіне қайта оралған екен.

- Карантин кезінде ауылыма келдім. Мен қалада оқып жүріп, жұмыс істейтінмін. Алматыға да барып еңбек еттім. Бірақ, мен ауыл өмірін аңсап тұратынмын. Бір жағынан әкем мен анам жалғыз тұрады. Әкем жылқышы болған соң, үйде болмайды. Жұмысы ауыр. Сондықтан, оларға көмектесуім керек деп шештім, — дейді ол.

Осылайша, Асыл ауылға келе салысымен әкесімен бірге жылқы бағуға шығатын болған. Қазіргі таңда олар ауыл-аймақтағы жеті үйір жылқыға бас-көз болып отыр.

- Әкем екеуіміз барлығы жеті үйір жылқыны кезектесіп бағамыз. Шамамен 300-ге тарта жануар. Ол түске дейін. Мен түстен кейін. Сөйтіп, түннің бір уағына дейін жайылымда жүремін, — дейді еңбекқор қыз.

Жергілікті бәйгелерде жігіттермен бірге додаға қатысып, оза шабатын бойжеткен ат құлағында ойнайды. Ат үстінде күрделі трюктер жасап дағдыланған ол бұл істі жаны сүйетінін айтады.

- Жайылымдағы әкеме жету үшін мотоциклмен барамын. Жалғыз жылқы бағу оңай емес. Кей кездері әртүрлі жайттар орын алады. Соның бәріне дайын болу керек. Ат жарақат алып қалуы мүмкін, кейде туып қалады. Мұндай кездері алғашқы көмек көрсетемін. Ауылымды көркейткім келеді. Жуырда мектепке тәрбие ісінің меңгерушісінің орынбасары болып жұмысқа тұрмақпын. Шақырып отыр. Ауылды жақсы көремін. Бірақ ауылдың жағдайы нашарлап барады. Орталықтандырылған су жоқ. Жол нашар. Жедел жәрдем келмейді. 70 шақырым жердегі аудан орталығына әзер жетеміз. 21-ғасырда байланыс тіптен жоқ. Интернет әзер ұстайды, — деп ауыл проблемаларымен бөлісті Асыл.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Қазақстан жұлдыздары (@qaz.stars)

Коронавирустан қорғайтын екпе ғана!
Тоқаев Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуіне қатысып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу