Университеттің 30 жылдығына – 30 жоба

Oinet.kz 26-04-2022 661

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдық мерейтойына арналған 30 жобаның таныстырылымы өтті.

ХҚТУ ректор.jpeg

Журналистика мектептері студенттерінің пәндік олимпиадасы аясында ұйымдастырылған салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, 30 жобаның серіктес мекемелері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының өкілдері, қала тұрғындары, университет ұжымы мен студенттер қатысты. Университет ректоры Жанар Темірбекова оқу орнының қуанышына ортақтасып келген әрбір жанға ризашылығын білдіріп, 30 жобаның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. 

«Университеттің негізгі миссиялары – білім беру және ғылым-инновацияны дамыту. Бірақ тағы бір маңызды миссия бар – қоғамға пайдалы болу. Бүгін сіздерге таныстырғалы отырған 30 жоба осы идея негізінде пайда болған. Сан саланы қамтитын бұл жобалардың мақсаты: университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетті және облыс пен қала халқының кәсіби біліктілігін арттыру», деді ректор. 

ХҚТУ.jpeg

Ал ректор өкілі Женгиз Томар мен вице-ректорлар әр жобаны жеке таныстырды. Жоба туралы идея қайдан шыққаны, қанша қаражат кеткені, қандай серіктестермен жұмыс атқарылғаны туралы толық әрі ашық ақпарат берді.

Маңызды 30 жоба құрамында  «Ана жұрттан ата жұртқа –  денсаулық көпірі», «Ана жұрттан ата жұртқа – білім көпірі: 100 оқулық», «Ана жұрттан ата жұртқа – «Алтын білезік» кәсіби білім курстары» және Теология факультетін ашу, «Ясауи көктемгі мектебі», «Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы», университеттің 300 студентінің Түркия Республикаcына жазғы мектепке жіберілуі, 100 студенттің Түркияда туризм саласы бойынша тағылымдамадан өтуі сынды және тағы басқа да маңызды жобалар бар. Қазіргі таңда бұл жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Таныстырылым рәсімі концерттік бағдарлама форматында өтіп, өнерпаздар би биледі, ән айтты, аспаптарда ойнап, күй тартты.

Жақында ұлынан айрылған Төлепов мұсылмандық парызын өтеуге кетті
Қымбат өндіріс пен төмен жалақы. Қазақ телевизиясының болашағы бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу