«Оқушы телефонның кесірінен өзіне қол салған»: Шымкентте балалар арасындағы суицид көбеюде

Oinet.kz 28-01-2023 709

Шымкентте бір жылда 7 оқушы өз-өзіне қол жұмсаған. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның сөзінше, 2022 жылы мектеп жасындағы 6 бала құқықбұзушылыққа барған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап. 

Screenshot_4.jpg

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы мектеп жасындағы 8 бала өзіне қол салып, 7-еуі көз жұмған. Бұл бір жыл алдынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1 балаға артық. Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, олардың басым бөлігі отбасындағы жағдайға байланысты осындай қадамға барады. Сондықтан ата-аналар баламен жақынырақ сөйлессе екен дейді.

“Көбінде ата-аналардың талабын көтере алмау. Мысалы үшін бір бала әкесі ұялы телефонын алып қойғаны үшін өзіне қол салған. Әкесі сабақ оқуын талап еткен. Біз бұрынғы жағдайды айта береміз, "біздің кезімізде осындай болған" деп. Қазіргі жастарға жаңалық көп екенін түсінсе екен. Балаларымен көбірек тіл табысып, өздеріне жақын тартып сырлас болатын заман келген сияқты. Осы бағытта Білім және Ғылым министрлігінің тарапынан арнайы "Бала қорғау" кюар кодтары шығып, интернет желісінде ата-аналарға, балаларға тегін кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды", – деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Өткен жылы Шымкентте 18 жасқа толмаған балаларға қатысты 30 жыныстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Оның екеуі қалалық білім басқармасына қарасты мекемелерден анықталған. Жанат Тәжиева бұл жағдай бойынша қылмыстық іс ашылып, тиісті жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар 2022 жылы 6 мектеп оқушысы құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында білім басқармасы кітап шығаруды қолға алыпты.

"Ата-аналар мен балаларға да қажет болатын, құқықтық сауаттылығын арттыратын түсіндірме-анықтама кітапшасын дайындап жатырмыз. Мысалы, біреудің жейдесін ойнап тартып алдың, ол үшін заңда қандай жаза бар екенін, ол жерде ата-анасы қандай жазаға тартылады, балаға қандай жауапкершілік қолданылатыны толық жазылады. Шымкент қаласының бас Прокурорының тапсырмасына сай осы жұмысты бастап кеттік", – деді Жанат Арысбекқызы.

Таразда жасөспірім қыз құрылысы аяқталмаған ғимараттан секіріп кеткен
Қазақстанда дәрігер мен мұғалімді балағаттағандардың жазасы ауыр болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу