Орташа айлық жалақы 338,7 мың теңгеге дейін өсті — сенатор

Oinet.kz 15-06-2023 3172

Парламент сенатының депутаты Серік Өтешов халықтың табысы төмендігін, соған байланысты өмір сүру сапасы сын көтермейтінін айтты. Бұл туралы депутат палатаның кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметі.

Screenshot_2.jpg

Сенаттың баспаөсөз қызметінің мәліметінше, сұрақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолданған. Серік Өтешовтың айтуынша, 2022 жылы халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы бекітілді. Ол 2023 жылдың наурыз айында бұл бағдарлама жаңартылып, 2029 жылға дейін қарастырылғанын атап өтті. Депутаттың сөзінше, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2022 жылы халықтың нақты ақшалай кіріс индексі 2,8 пайызды құрады, ол 2020-2021 жылдардағы көрсеткіштерінен төмен.

"Орташа айлық жалақы 338,7 мың теңгеге дейін өсті, бірақ былтырғы жылғы инфляцияның өсуі бұл өсімді жоққа шығарды. Табысы төмен үй шаруашылықтарының статистикасы елдегі кедейліктің артқанын көрсетеді. Сонымен бірге Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандар арасында өзін-өзі "кедей" деп бағалағандар 2022 жылдың қыркүйегінде 25 пайызға дейін өскен, ал 2020 жылдың желтоқсанында ол 14 пайызға тең болған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік трансферттер еңбек кірістерінің 31 пайызын құрайды, бұл халықтың мемлекеттің әлеуметтік қолдауына тәуелділігінің жоғары деңгейін көрсетеді", - деді ол депутаттық сауалында.

Сонымен қатар депутат бүгінгі күнде азық-түлік шығындарының үлесі өсіп жатқанын, өткен жылы бұл көрсеткіш 50,8 пайызды құрағанын, халықтың басқа салаларына қаржы жұмсауға мүмкіндіктері аз екенін айтты. Серік Өтешов номиналды кірістердің оң динамикасына қарамастан, іс жүзінде олардың өсуі сезілмейтінін, халықтың өмір сүру сапасы төмен екенін тілге тиек етті. Ол 2029 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасында қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қалай әсер ететін туралы депутаттық сауалын жолдады.

Екібастұз әкімдігі тұрғындарды жылусыз қалдырған монополистен 22 млн теңге өндіріп алды
Қазақстанды шулатқан Төреғали Төреәліге арналған өлең шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу