Ақордаға вице-президент не үшін қажет болды?
Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформалар аясында вице-президент лауазымын енгізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Президент бұл бастаманы билік институттарының орнықтылығын арттыру, басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз ету және жауапкершілікті нақты бөлу мақсатымен байланыстырды. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, атқарушы биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығы мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Айта кету керек, вице-президент институты Қазақстан үшін мүлде бейтаныс емес.
Кеңес Одағы ыдырауға жақындаған сексенінші жылдардың соңында Қазақ КСР-де вице-президент қызметі енгізіліп, оны Сергей Терещенко атқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл лауазым Ерік Асанбаевқа жүктелді. Алайда 1996 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев вице-президент институтын жойып, биліктің президенттік үлгісін күшейтті. Содан бері Қазақстанда мұндай қызмет болған жоқ.
Вице-президент лауазымының жойылуын сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқсаныншы жылдардың ортасында суперпрезиденттік басқару моделін түпкілікті орнықтыру ниетімен байланыстырады. Ол кезеңде билікті барынша орталықтандыру негізгі басымдық саналды
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, вице-президент лауазымы барлық елде бірдей таралған емес. Мәселен, Әзірбайжанда 2017 жылдан бері бірінші вице-президент институты бар, бұл қызметті ел президентінің жұбайы Мехрибан Әлиева атқарады. Вице-президент негізінен президенттік немесе жартылай президенттік басқару жүйесі бар мемлекеттерде кездеседі. АҚШ, Бразилия, Аргентина, Мексика, Индонезия, Филиппин сияқты елдерде вице-президент – конституциялық тұрғыдан маңызды фигура. Ал Еуропаның көп елдерінде мұндай лауазым жоқ, өйткені онда премьер-министр жетекші рөл атқарады.
Вице-президент институтының ең танымал әрі ықпалды үлгісі – АҚШ. Мұнда вице-президенттің басты миссиясы – президент қызметін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда мемлекетті басқаруды үздіксіз жалғастыру. Америка тарихында вице-президенттердің едәуір бөлігі кейін президент атанған. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, АҚШ Конституциясы бойынша президент қызметтен кеткен, қайтыс болған немесе өз міндетін атқара алмаған жағдайда, оның орнын автоматты түрде вице-президент басады. Екіншіден, вице-президенттер мемлекеттік басқарудың қақ ортасында жүріп, үлкен тәжірибе жинайды.
Мәселен, Теодор Рузвельт, Гарри Трумэн, Линдон Джонсон, Джеральд Форд, Джо Байден – барлығы да вице-президенттіктен Ақ үйдің басшысы деңгейіне көтерілген. АҚШ-та вице-президент болу – болашақ президенттікке апарар ең қысқа саяси жолдардың бірі саналады.
Осы тұрғыдан алғанда, вице-президент институты билік сабақтастығын қамтамасыз ететін, саяси тұрақтылықты күшейтетін тетік ретінде бағаланады. Ал Тоқаевтың бұл мәселеге қайта оралуы – президент билігін әлсірету емес, керісінше заманауи саяси тәуекелдер жағдайында басқару жүйесін сақтандыру тетігін қалыптастыруға бағытталған қадам ретінде қарастырылады.


