Сыртқы жарнаманың құны қанша?

Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, қалалық прокуратураның және аудан прокуратураларының, аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға төлем мен өсімпұл есептеу мәселесі қаралды. Бұған Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер өтініш жасауы себеп болған. Бизнес қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, 30-дан астам кәсіпкер өздеріне қатысты сыртқы жарнамаға төлем есептелгенін мерзімінен кейін банк қосымшалары арқылы ғана білген. Соның салдарынан есеп-шотымыз бұғатталу қаупі бар дейді кәсіпкерлер.
Кәсіпкерлер, сонымен қатар, басқа да бірқатар проблеманы көтерді. Олардың айтуынша, есептелген төлем сомасы нақты орналастырылған жарнаманың көлеміне сәйкес келмейді, сөрелердегі бейнелер негізсіз түрде жарнамаға теңестірілген, есептелген төлем туралы алдын ала хабарланбаған және бұзушылықтарды ерікті түрде орнына келтіруге мүмкіндік жоқ дейді. Сондай-ақ, негізгі төлем мен өсімпұл бір мезгілде есептелген, ал кей кәсіпкерлер жарнама элементтерін бұрын алып тастаса да соған қарамастан төлем есептелген дейді.
Жиын барысында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлік субъектілерге есептелген төлемдер мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органнан салық органдарына берілген мәліметтер негізінде есептелгенін айтты.
«ҚР заңдары бойынша белгіленген міндетті төлемдер мен салықты төлеу – әр азаматтың, кәсіпкерлік субъектісінің міндеті. Ал сыртқы жарнама төлеушілер дегеніміз – жарнама нысандарының меншік иелері немесе жарнама орналастырылған ғимараттың меншік иелері. Сыртқы жарнамадан түсетін түсім жергілікті бюджетке құйылады. Әр айдың 15-інен кешіктірілмей уәкілетті орган бізге қажет мәліметтерді ұсынады. Соған сәйкес әр салық төлеушіге міндетті төлемдер ұсынылады. Ол авоматты түрде екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы беріледі», – деді Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Жомарт Арынтаев.
Ал уәкілетті орган өкілдері кәсіпкерлерге жарнама мен маңдайшаның айырмашылығы туралы түсіндірді.
«ҚР Жарнама туралы заңына тоқталсақ, жарнама – кез келген құралдың көмегімен кез келген нысанда таратылатын немесе орналастырылатын жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларына, тауар белгілеріне, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға, өткізуге ықпал ететін ақпарат. Ал маңдайша – қандай да бір жұмыс орнының жұмыс уақыты, айналысатын қызметі туралы логотип ретінде көрсетілетін ақпарат», – дейді Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Бөрібеков.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Кеңес кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуына жол бермеу және ондай тәуекелдерді азайту, салық және әкімшілік заңнамаларының нормаларын қолдануда бірыңғай әрі заңды тәсіл қалыптастыру мақсатында прокурорлық ден қою шараларын бастау орынды деп тапты.


