«Ордабасыны» кім сатып алады?

Oinet.kz 28-01-2026 88

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, Қазақстанда футбол клубтарын жекеменшік инвесторларға беру жөнінде белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дәл қазір Қазақстан Премьер-лигасына қатысатын 14 клубтың бесеуі жекешелендірілген. Қалған клубтар 2026 жылдың наурызына дейін жеке қолға өтеді.

Screenshot_39.jpg 

Алайда футбол клубтарын жекешелендіруде бірізділік жоқ, олардың қандай әдіс-тәсілдермен, ең бастысы, қандай келісімдермен жекешеленіп жатқаны туралы ақпарат аз. Бұл істің ең күдікті, күмәнді тұсы осы болып тұр. Мәселен, жуырда бірінші лигада ойнап жүрген «Тараз» клубы жеке қолға өтті. Оны жергілікті кәсіпкер Дидар Сыдықбек деген азамат аукцион арқылы сатып алған. Аукционға  жеті кәсіпкер қатысқан көрінеді.  Бірінші лигадағы клубтарға талас осындай болса, Премьер-лигадағы командалардың бәсі бесенеден белгілі ғой. Әсіресе, соңғы уақытта шымкенттік «Ордабасыға» қатысты түрлі әңгімелер күшейіп келеді.

Ал енді жекеменшікке өткен клубтар қожайынына қандай пайда келтіруі мүмкін? Әр команданың шығыны шаш етектен. Оларға алғашқы жылдары бюджеттен қолдау болатыны бұған дейін де айтылды. Одан кейін не болады? Иесіне ешқандай қаржылық пайда келтірмеген клубтар банкротқа ұшырап, оның соңы футбол саласының тоқырауына алып келмей ме?

Біз сауалы көп, бірақ әзірге жауабы жоқ мәселеге тоқтала кеткенді жөн санадық.

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубын кімнің сатып алатыны жақын күндері белгілі болады. Бұл туралы жақында  «Серый кардинал» телеграм каналы сәуегейлік жасапты. Аталған каналдың жазуынша,  «Ордабасыға» өте беделді компания «құда түскен». 

«Бұл – ел көлемінде аты мәлім, құрылыс саласында жұмыс істейтін нағыз ірі кәсіпкерлік субъектісі. Оның деңгейі «Qazaqstroy»  компаниясынан кем болмайтыны анық. Егер бұл ақпарат расталса, Қазақстанға шақырылатын супержұлдыз футболшылардың қатары сөзсіз арта түседі. Ал «Ордабасы» чемпиондық үшін күреске нақты араласуы әбден мүмкін»,– деп жазған канал.

Бұл жай ғана айтыла салған болжамға ұқсамайды. Себебі жақында аталған каналдың тілшілері Шымкентке келіп, «Ордабасы» командасының жаңа оқу-жаттығу базасының ашылуына қатысқан. Шамасы, олар бұл әңгімені  сол жердегі футболшылардан немесе бапкерлерден естіген болуы керек. Тілшілер  «Qazaqstroy»  компаниясын ауызға бекер алып отырған жоқ. Себебі «Qazaqstroy»  компаниясының қожайыны Нұрлан Артықбаевтың былтыр «Ақтөбе» футбол клубын сатып алғаны белгілі.

«Ордабасыны» сатып алатын, «Qazaqstroy»-дың деңгейінде, құрылыспен айналысатын бұл қай компания? 

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, 2025 жылы «Ордабасы» командасын мемлекеттік қаржыландыру бұрын-соңды болмаған қысқаруға тап болды. 2024 жылмен салыстырғанда клубтың бюджеті шамамен екі есеге азайды. Салыстыру үшін айта кетсек, 2024 жылы «Ордабасы» елдегі ең бай клубтардың бірі болды: мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы «ПФК Ордабасы» АҚ 5,3 млрд теңгеден астам қаражатты игерген. Былтыр Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының Үкіметке жолдаған депутаттық сауалына қарағанда, 2025 жылы «Ордабасыға» қазынадан ең көп қаржы – 3,2 миллиард теңге бөлінген.

Айта кетейік, өткен маусымда «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде жетінші орын алды, ел Кубогының финалында Қостанайдың «Тобыл» клубына жол берді және еурокубокта алғашқы кездесуде жеңіліс тапты.

Президенттің пәрменімен былтыр футбол клубтары біртіндеп, танымал олигархтардың қолына өте бастады. Осы кездері «Рейтинг» газеті «Ордабасыны» шымкенттік белгілі миллионер Серікжан  Сейітжанов сатып ала ма?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатын. Кейіннен клубты Сейітжановтың сатып алатыны жөніндегі ақпаратты белгілі блогерлер де тарата бастады. Алайда арада біраз уақыт өткен соң, бұл әңгімелерге шымкенттік бизнесменнің өзі нүкте қойды. «Forbes» журналының беделді тізіміне енген қазақстандық кәсіпкер, «Саутс-Ойл» ЖШС-ы президенті Серікжан Сейтжановқа «Ордабасы» клубын сатып алу жөнінде ұсыныс түспегенін аталған компанияның ресми өкілі мәлім етті. Дегенмен ол: «Егер осындай ұсыныс келіп түссе, келіссөз үстеліне отыруға дайынбыз», – дегенді де алға тартты. Қазір кейбір футбол сарапшылары «Ордабасыны» Сейітжановтың сатып алатынына әлі де сенімді. Өйткені Шымкентте «Саутс-Ойлдай» алпауыт, Сейітжановтай бай ешкім жоқ десек, қателеспейміз.

Былтыр жыл соңында Шымкент қаласының спортқа жауапты басшылары  «Ордабасыны» жекешелендірудің 31 желтоқсанға дейін аяқталатынын мәлім еткен болатын. Бұл мерзім бітті. Алайда шымкенттік клубтың кімге сатылғаны туралы әлі ешқандай ақпарат жоқ.  Шымкент қалалық әкімдігі әлі күнге дейін үнсіз. Бұл үнсіздік нені білдіреді?

«Серый кардиналда» жарияланған мәліметтерден кейін жанкүйерлер арасында түрлі болжамдар жасалып жатыр. Бірнеше құрылыс компанияларының аты аталуда. Солардың ішінде  атышулы «BІ Group» та ауызға ілігуде. Неге «BІ Group»?

Дәл қазір «BІ Group» компаниясының аты Шымкентте дүркіреп тұр.  Оны Шымқалаға алып келген Ғабидолла Әбірахымов болатын. Бірақ оның үшінші мегаполисте тасының өрге домалауы Мұрат Әйтеновтің кезінде басталды. Осы жылдары компанияға қаланың орталығынан, ең көрікті жерлерінен жер телімдері сауда-саттықсыз, тиын-тебенге сатылғанын бертінде белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Парламент мінберінен айтты. Алайда заңсыз берілген сол жерлердің біразы қайтарылмады. Құзырлы органдар сот арқылы қайтарған жерлерді қалалық әкімдік артынша қайтадан «BІ Group»-тың өзіне заңдастырып берді.

Әйтеновтің кезінде «BІ Group» қырық жылдық тарихы бар ипподромды бұзып, оның орнына тұрғын үй  кешендерін тұрғызды. Есесіне мегаполиске жаңа атшабар салып берді. Бұл ел арасында зор қарсылық туғызып, қалалық әкімдік, тіпті, осы жөнінде қоғамдық тыңдау өткізуге мәжбүр болғаны есте.

«Рейтинг» газетінде бұған дейін жазғанымыздай, Шымкентте соңғы екі жылда «BІ Group»-қа қатысты мынандай жағдай да болды: 2024 жылы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Шымкенттегі Назарбаев пен Бәйтереков көшелерінің қиылысындағы «BІ Group» компаниясы салып жатыр деген «Ұлы дала» тұрғын үй кешеніне қатысты заңсыздықтарды жария етті. Әкімдік әу баста жерді аукционсыз беріп жіберген. Осыдан кейін қалалық Жер ресурстарын басқару  жөнінде департамент сотқа арызданып, әкімдік пен компания арасындағы келісімшарттардың күшін жояды. Сот құрылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде де шешім шығарған. Алайда мұнымен құрылыс тоқтаған жоқ. Кейіннен қалалық әкімдіктің қайтарылған жерді «BІ Group»-ке қарасты серіктестіктердің біріне заңдастырып бергені белгілі болды. Шымкент қалалық әкімдігі өзімен осылайша өте тығыз байланыста жүретін, қоян-қолтық араласып, кез келген жағдайда өзара тіл табыса алатын «BІ Group»-қа енді «Ордабасыны» сеніп тапсырса несі айып?! Шымкентте тұрғын үйге қатысты әр жобасы жүздеген миллиард теңге тұратын компанияға бір клубтың шамамен 5 миллиард теңгелік бюджетін  жасақтап беру түкке де тұрмайды ғой. Сіз қалай ойлайсыз? Бұл болжам қаншалықты қисынға келеді?

Жуырда Шымкентте  «Ордабасы» футбол клубының жаңа, заманауи көпфункционалды оқу-жаттығу базасының ашылу рәсімі өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барып қатысқан жиында 6 мың шаршы метрден асатын жаңа база демеушілердің есебінен салынғаны айтылды. Бірақ ол демеушілердің кімдер екендігі жария етілмеді. Неге? Шымкенттің футбол командасына осындай қымбат сый-сияпат жасаған демеушілердің аты-жөндерін елден жасыру кімге керек болды? Қалалық әкімдік оны неге ашып айтпады? Осының артында біраз құпия бар сияқты. 

Дегенмен «Ордабасы» клубының ресми сайтында жарияланған мәліметте жаңа базаның құрылысын «Пионер құрылыс» мердігер-компаниясының жүргізгені атап өтіліпті. Егер жаңылыспасақ, ол «Pіoneer Group»-тың құрамына кіреді. «Pіoneer Group»   құрылыс саласында өте табысты компаниялардың бірі саналады.

Оның іске асырған жобаларының қатарында – «Alma-Tau» тау курорты, «Aіdana Plaza» қонақ үйі, «Gagarіn Park», «Ak Bulak Premіum» және «Алмалы» тұрғын үй кешендері бар. «Ордабасыны» сатып алуға ниет етіп жүрген компаниялардың бірі осы «Pіoneer Group» болуы да әбден мүмкін.  

Дегенмен мұның бәрі әзірге болжам ғана. Не де болса әліптің артын бағып көрейік!

 "Рейтинг" газеті

«Кіршіксіз жаныма түкіріп жібергендей болды» Танымал журналист «Нурикамал» қойылымын сынға алды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу