АҚШ Иранға соққы жасауы мүмкін

Oinet.kz 02-02-2026 49

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран жағалауларына қарай ауқымды америкалық әскери флоттың жақындап келе жатқанын мәлімдеп, Тегеранды ядролық келісімге отыру үшін шұғыл түрде келіссөздер үстеліне келуге шақырды. Ол талап орындалмаған жағдайда Иранға жойқын соққы жасалуы мүмкін екенін ашық ескертті.

1.jpg

Трамптың айтуынша, «Авраам Линкольн» (USS Abraham Lincoln) ұшақ тасымалдағыш кемесі бастаған соққы беруші топ өңірге бет алған. Оның сөзінше, бұл флот бұған дейін АҚШ Венесуэла жағалауларына жақын орналастырған күштерден әлдеқайда қуатты. Президент өз әлеуметтік желісінде «алып армада Иранға қарай жылжып келеді, ол жылдам, зор күшпен және нақты мақсатпен қозғалып жатыр. Қажет болған жағдайда миссиясын тез әрі қатал түрде орындауға дайын» деп жазды. Вашингтонның басты талабы – Иранның ядролық қару жасауға ұмтылысынан толық бас тартуы. Трамп Тегеранды ядролық қарудың жоқтығына кепілдік беретін «әділ келісім» жасауға шақырды. Ол бұған дейін келісімге келмегені үшін Иранда «Түн ортасындағы балға» атты операция жүргізілгенін, ал келесі соққының одан да ауыр болатынын ескертті.

АҚШ Орталық қолбасшылығы авианосец тобының Таяу Шығысқа жеткенін ресми растады. Әскери топтың нақты қай жерде екені жарияланбағанымен, ашық дереккөздер Иран жағалауынан шамамен 800 шақырым қашықтықта орналасуы мүмкін екенін көрсетеді. «Авраам Линкольнде» 90-ға дейін ұшақ пен тікұшақ орналаса алады, ал оның құрамында Tomahawk қанатты зымырандарымен қаруланған үш эсминец бар.

Аймақта АҚШ-тың сегіз тұрақты және оннан астам уақытша әскери базасы бар, ондағы жеке құрам саны 40–50 мың адамға бағаланады. Дегенмен, сарапшылар ықтимал соққының негізгі күші дәл осы авианосец тобы болатынын айтады. Сонымен қатар стратегиялық бомбалаушы ұшақтар да қатысуы мүмкін.

Халықаралық баспасөзде соққы жақын күндері жасалуы ықтимал деген болжамдар айтылуда. Алайда бақылаушылар мұндай шешім тек Трамптың өзіне байланысты екенін, ал оның әрекетін болжау қиын екенін мойындайды. Президент бұған дейін де Иран билігін ескерткенін, ал Тегеран өз кезегінде кейбір айыптауларды жоққа шығарып отырғанын атап өткен жөн.

В Центральном офисе «Ак жол» состоялось совместное заседание президиума Нацсовета
Шымкент қалалық мәслихатында Конституцияның жаңа жобасы талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу