Жаңа шіркеудің құрылысы депутаттың наразылығын туғызды
2022 жылы «Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі мешіт салынды» деп жер жаһанды сүйіншілеген едік. Енді міне, Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі шіркеудің де құрылысы қолға алыныпты.

Жылдан жылға еліміздегі христиан дініндегі азаматтардың үлесі азайып жатқанына қарамастан, неге екені белгісіз, Астанадан жаңа шіркеу салу қажет болыпты. Бұл жергілікті депутаттардың наразылығын тудырды.
Астана қалалық мәслихатының құрылыс мәселелері жөніндегі комиссия отырысында депутат Бауыржан Смаилов елорданың кіреберісінде салынып жатқан Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеу құрылысына қатысты көзқарасын білдірді. Халық қалаулысы бұл мақтанатын жағдай емес екенін жеткізді. «Орталық Азияда ең үлкен шіркеу салмақшысыздар. Сол шіркеудің салынуына кім қаражат бөліп жатыр? Ондай шіркеу біздің қалаға қажет пе? Сол жағын талдадық па? Бізде бірнеше шіркеу бар. Үлкені де, кішісі де бар. Қаланың кіреберісіне Орталық Азиядағы шіркеу салу деген мақтанатын жағдай емес, меніңше. Осыған қалай жауап бересіз?» – деп сұрады депутат Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбековтен.
Аудан әкімі шіркеу құрылысының бас жоспарға бірнеше жыл бұрын енгізілген әрі ол қайырымдылыққа жиналған қаржыға салынып жатқанын атап өтті. Бұл жауапқа қанағаттанбаған депутат Смаилов талқылауды жалғастырмақ болғанымен, оған сөз берілмей қойды.


