Қырғызстанда Қамшыбек Тәшиевтің айналасындағы адамдар біртіндеп қызметінен айырылып жатыр
Қырғызстанда Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Монополияға қарсы реттеу қызметінің төрағасы ауысты. Бұған дейін төраға қызметін Женалы Орозбаев атқарды, ол - МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің сыныптасы, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Kaktus.media-ға сілтеме жасап.

Айбек Мамыралиев жаңа төраға болып тағайындалды. Ол ведомство ұжымына таныстырылды.
Сондай-ақ, БАҚ мәліметінше, Қамшыбек Тәшиевтің жақтасы Нұрғазы Анарқұлов ұсталған. Ол Қазақстанмен шекарада қолға түскен. Кейбір мәлімет бойынша Нұрғазы Анарқұлов Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді қолдауға үндеген.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған.
Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделіп жатқаны да айтылды.
Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді. 17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды.


