Облыс әкімімен болған кездесуде тұрғындар бір-бірімен айқайласып қалды (видео)
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарының алдында есеп берді. Халық тарапынан әкімге қойылған сұрақтар өте көп болды. Көпшілік тұрғын үйлердің сапасыздығы, мектептің алыстығы, жұмыссыздық пен жалақының төмендігі туралы мәселе көтерді. Бұл тақырыпты көбінесе жалғызбасты көпбалалы аналар қозғады. Дегенмен бұл сұрақтарға әкім емес, сонда отырған қала тұрғындарыны өздері ашуланып, бір-бірімен сөзге келіп қалды. Әлқожа Ерқожаұлы есімді азамат көпбалалы аналарға шүйлікті деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Нақты сұрақ қойыңыздар, бекерге бір сұрақты қайталай бермеңіздер. 400 метр жерде мектеп... Айналайындар, әрқайсысыңның үйлеріңнің алдына әкеліп мектеп салып бермейді. Әрбір мөлтекауданда бір мектеп қарастырылған. Дәл біздікіндей тығыз мектеп АҚШ-та жоқ. Әкім келгелі мәслелер көбейіп кетті дейсіңдер. Әкім кеше келді. Әкімге Алла разы болсын. Жерге отырсаң шалбарыңа шаң жұқпайды. Былай қарап тұрсақ "топас" сұрақтар, "топас", - деді қызды-қыздымен.
Бұған ашуланған көпбалалы аналар Әлқожа Ерқожаұлымен сөзге келіп қалды. Айқай-шу үдеп кеткен соң облыс әкімі оларды сабырға шақырды.
- Сіздер менімен кездесуге келдіңіздер ме? Өзіңізді қолға ұстаңыз. Бұл ұят нәрсе. Мен бүгін жеке қабылдау өткіземін. Барлығыңызды кешке дейін қабылдаймын, ешқайда кетпеймін, - деп айтып, тұрғындарды жеке қабылдауға шақырып, мәселесін заң шеңберінде шешіп беруге уәде берді.


