"Трагедияға айналдырудың қажеті жоқ" - Жапаров Тәшиевпен арадағы жағдай туралы
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында МҰҚК бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевпен арадағы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Садыр Жапаров бұл жайтты трагедияға айналдырмауды өтінді.
"Ештеңе де болмайды. Бұл мәселені трагедияға айналдырудың қажеті жоқ. Тіпті бұрынғыдан да жақсы болады. Өмір тоқтамайды. Бір досым кетсе, артымда 7 миллионнан аса досым (Қырғызстан азаматтары - еск.) бар. Мен үшін ең қымбаты - халқымыз және берекелі мемлекетіміз", - деді Қырғызстан президенті.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған.
Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделіп жатқаны да айтылды. Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді.


