Президент іс басқармасының бюджеті --123,6 млрд теңге
2026 жылы ірі қалалар әкімдерінің аппаратын ұстауға жұмсалатын шығын көлемі айтарлықтай өзгерді. Бұл туралы телеграмдағы protenge каналы хабарлады.
Әсіресе, Алматы қаласының көрсеткіші бірден көзге түседі. Қалалық бюджетте бұл бап «қала әкімінің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер» деп көрсетіледі. Дәл осы жол бойынша бөлінген қаржыға қарасақ, Алматы үш мегаполистің ішінде ең қымбат әкімдік аппаратына айналған.
Алматыда 2026 жылға бұл мақсатқа 6,9 млрд теңге қарастырылған. Өткен жылы бұл сома 5 млрд теңге болған. Яғни бір жылда шығын шамамен 1,9 млрд теңгеге өскен.
Салыстыру үшін:
Астанада – 2,8 млрд теңге (2025 жылы 2,7 млрд теңге);
Шымкентте – 2,5 млрд теңге (2025 жылы 2,9 млрд теңге).
Көріп отырғанымыздай, елордада өсім шамалы ғана. Ал Шымкентте керісінше, шығын қысқарған. Осы тұрғыдан алғанда, Алматыдағы өсімнің ауқымы ерекше байқалады. Бүгінде мегаполисте әкім аппаратына жұмсалатын қаражат Астанамен салыстырғанда екі еседен астам көп.
Бұл нені білдіреді? Біріншіден, қала бюджетінің ауқымы үлкен болған сайын басқару аппаратына кететін шығын да ұлғаяды деген логика бар. Алайда дәл осы салыстыру Алматыдағы өсімнің қарқыны бөлек екенін аңғартады. Екіншіден, «қызметті қамтамасыз ету» деген жалпылама атау нақты қандай шығындарды қамтитыны жөнінде ашықтық мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарады.
Жергілікті деңгейдегі көрсеткіштермен шектелмей, орталық органдардың шығындарына да назар аудардық. 2025 және 2026 жылдарға арналған бюджеттерді салыстырғанда, кейбір құрылымдардың шығыны едәуір артқанын көруге болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі – 21,7 млрд теңге (2025 жылы 19,3 млрд теңге). Өсім шамамен 12 пайыз.
Премьер-министрдің қызметін қамтамасыз етуге 4,8 млрд теңге қарастырылған (бұрын 4,4 млрд теңге). Мұндағы өсім 10 пайызға да жетпейді.
Қазақстан Республикасының Парламенті қызметін қамтамасыз етуге 31,9 млрд теңге бөлінген (2025 жылы 26,3 млрд теңге). Бұл – 21 пайыздан астам өсім.
Ал ең ірі өзгеріс Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы бюджетінде байқалады. 2026 жылға 123,6 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 87,5 млрд теңге болған. Яғни өсім шамамен 41 пайызды құрайды. Бұл сомаға құрылыс нысандарына бөлінетін қаражат кірмейді.
Сандар көрсетіп отырғандай, шығындардың артуы тек өңірлік деңгейде емес, республикалық деңгейде де байқалады. Әсіресе, Парламент пен Президенттің Іс басқармасы бойынша өсім қарқыны жоғары.
Мұндай динамика бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін: инфляция, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын индекстеу, жаңа жобалар мен инфрақұрылымдық міндеттер. Дегенмен, өсімнің пайыздық көрсеткіші қоғам тарапынан сұрақ тудырмай қоймайды. Әсіресе экономиканы үнемдеу, бюджет тапшылығын қысқарту туралы жиі айтылатын кезеңде басқару аппараты шығындарының жедел артуы назар аудартады.


