Қайрат Боранбаев Дастан Сәтпаевтың жалақысы туралы айтты
"Қайраттың" байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтағы жалақы тәртібі туралы айтып, жергілікті ойыншылар мен легионерлердің табыс деңгейін атады.

Алматылық клуб иесінің айтуынша, Дастан Сәтпаев шетелдік ойыншыларға қарағанда аз жалақы алады. Ал қазақстандықтар арасында бұған дейін ең жоғары жалақы алған ойыншы Александр Заруцкий болған.
"Легионер қазақстандық ойыншыдан деңгейі жағынан жоғары болуы керек. Деңгейі жоғары болса, жалақысы да көбірек болатыны түсінікті. "Қайратта" Сәтпаевтан кім көп жалақы алады? Барлық легионерлер одан көп алады. Бізде белгілі бір талаптар бар: егер сен ұлттық құраманың ойыншысы болсаң және белгілі бір матч санын өткізсең, соған қосымша ақы төленеді. Айтпақшы, бізде кезінде Александр Заруцкий қымбат ойыншылардың бірі болды. Қақпашы болмағандықтан, сол кезде оны алуға шешім қабылдадық", - деді Қайрат Кеңесұлы ArchiBall YouTube-арнасына берген сұхбатында.


