Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер

Oinet.kz 19-03-2026

Screenshot_1.jpg

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті жұмыс отырысы жаңа Конституцияның қабылдануына және референдумның сәтті өтуіне арналды. Мәжіліске қатысушылар жаңа Ата заң жобасы бойынша дауыс беру нәтижесі азаматтардың тарихи таңдауына айналғанын және Мемлекет басшысы қолға алған реформалардың қоғамның кең қолдауына ие болғанын атап өтті. Басқосуға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының басшылығы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының бірқатар депутаттары, кеңес құрамы, азаматтық ұйым белсенділері, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басшыларының орынбасарлары, облыстық полиция департаменті, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының өкілі қатысты.

Кеңес жұмысын бастаған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жаңа Конституция отбасы институтын нығайтқан стратегиялық құжат екенін айтты.

«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен кейінгі жылдарда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып келеді. Сол өзгерістердің дәйекті жалғасы ретінде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа Конституцияның қабылдануы еліміз үшін тарихи қадам болды. Жаңа мазмұндағы Ата заңның стратегиялық мақсаты – Әділетті, демократиялық, әлеуметтік, инновациялық және прогрессивті Қазақстан құру. Осы ретте отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды қорғап, дәріптеуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа конституциялық нормалардың маңызы айрықша зор. Елімізде бюджеттегі әлеуметтік шығыстар тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Конституцияда бекітілген әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебені осыдан-ақ байқауға болады. Республикадағы көпбалалы аналардың төрттен бір бөлігі – Түркістан облысында тұрады. Облысымыздағы 191 мыңнан астам ана жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, жаңа Конституция бойынша басты байлығымызға айналған адам капиталының берік болуын қамтып отыр. Өңірімізде жыл сайын көптеген жаңа мектептер, медицина ұйымдары, спорт және мәдениет нысандары салынуда. Осы арқылы азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, өз әлеуетін жан-жақты жүзеге асыруына жағдай жасалып отыр», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Жұмыс отырысын әрі қарай жалғастырған кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай республикалық референдумға шығарылған Халықтық Конституция мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындаған құжат екенін айтты. Қазақстандағы халықты әлеуметтік қолдау жүйесі шын мұқтаж деген азаматтар мен отбасыларды қамтитынын, мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін орындап келе жатқанын мәлімдеді. Әр азаматқа тең мүмкіндіктер беретін қоғам құру қағидасы да жаңа Конституцияның маңызды құқықтық нормасы болып отырғанын атап өтті.

Сөз кезегін алған облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің жетекшісі Ұлжалғас Мұстафаева жаңа Конституцияда айқындалған құндылықтар, ең алдымен, отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға негіз болады деген пікірлерін жеткізді. Жаңа Конституцияда бекітілген тең мүмкіндіктер қағидаты әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, кәсіби тұрғыда дамуына кең жол ашатынын айта отырып, бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам деп байыптады.

Референдумға белсенді қатысқан азаматтар шешуші сәтте ауызбіршілігін көрсетіп, Қазақстанның жаңа даму жолын таңдағанын облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков мәлімдеді. Бір бірлігі бекем, болашағына сенімді қоғамның айқын көрінісі екенін айтып, еліміз үшін уақыт талабына сай жасалған бұл тарихи қадам мемлекеттік жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашатынын түсіндіріп өтті.

Кеңес отрысының күн тәртібіне шығарылған «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының сапалы жұмыс орындарын құру бағытында айқындалған міндеттердің орындалуы бойынша Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаеваның, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Маметованың  есептері тыңдалды.

Жиында жұмыспен қамту саласында халықты тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау мәселелері жан-жақты сөз болды. Кеңес мүшелері тарапынан инватакси жүйесіндегі, жастарды жұмыспен қамтудағы олқылықтар, жұмыссыздар санының азаймай отыруы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, оңалту орталықтарына бөлінетін жолдама тәртіптерінің дұрыс жүйеленбеуі бойынша бірқатар сауалдар қойылды.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына бейімдеу, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселесіне назар аударды. Өңірде білім саласына қатысты қордаланған мәселенің бар екені рас. Сондықтан кеңес мүшелері тарапынан сауалдар, түйткілді мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды. Ата-анамен қарым-қатынасты жүйелеу, педагогтер арасындағы соттасу әрекеттерінің көптігі, кадр мәселесіндегі проблемалар да айтылды.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Маметова денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын азайту, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кеңес отырысында қаралған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөпірімдер арасындағы қылмыстың және суицидтің алдын алу мәселелері бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті,  Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мейрамбек Балтабаевтың есебі тыңдалды. Баяндамада өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат берілді. Кеңес отырысында аталған мәселелердің қоғам үшін аса маңызды екені атап өтіліп, алдын алу шараларын күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, отбасы институтын нығайту, жастар тәрбиесіне қоғам болып көңіл бөлу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру бағытында нақты ұсыныстар ортаға салынды.

«Сен талантсың, сен дарынсың», «Сен ерекшесің» атты шығармашылық байқауы бойынша Түркістан қаласы, Ататүрік атындағы N17 мектеп-гимназиясының орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Бимырзаеваның хабарламасы тыңдалды. Өткізілетін байқаулар  ерекше балалардың қабілеттерін ашу, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау, шығармашылық әлеуетін дамыту және өз-өзіне деген сенімін арттыру екені атап өтілді. Сонымен қатар, мұндай бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастыруға, әр баланың жеке мүмкіндігін бағалауға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Жаңа Конституцияда әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі, әлеуметтік әділеттілік және адам капиталының дамуы басты құндылықтар ретінде айқындалғанын атап өткен кеңес мүшелері, осы тұрғыда ерекше балаларды қолдауға бағытталған мұндай жобалар – Ата заңда бекітілген қағидаттардың нақты жүзеге асуының көрінісі деп байптады. Кеңес отырысында қатысушылар бұл байқаулардың өңірлік деңгейде ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызы зор екеніне тоқталып, қолдайтындықтарын білдірді. Бұл бастамалар жаңа Конституциямен айқындалған әлеуметтік бағыттағы саясаттың нақты іске асып жатқанын дәлелдей отырып, ерекше балаларға қолдау көрсету жұмыстары облыс көлемінде алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынына сенімдерін білдірді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Жаңа жоба: Шалғай ауылдарға шағын ұшақтар қатынайтын болады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу