«Нәрестенің денесін полиция алып кеткен»: Жүктілігін жасырған студентке сот шешімі жарияланды
Павлодар қаласында жүктілігін ата-анасынан жасырған студентке жаңа туған нәрестенің өліміне байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Сот мәліметіне қарағанда, бойжеткен жүктілігін бүкіл мерзім бойы ата-анасы мен айналасындағы адамдардан құпия ұстаған. Өткен жылдың қазан айында ол студенттік жатақхананың жуыну бөлмесінде толық жетілген қыз баланы босанған.
Іс құжаттарында айтылғандай, босанғаннан кейін айыпталушы ауыр психологиялық күйзеліске түскен. Сәбидің жылаған дауысы оның босанғанын білдіріп қояды деп қауіптенген ол, жаңа туған нәрестені сүлгіге орап, тыныс алуына кедергі келтірген. Соның салдарынан сәби шетінеген.
Сот барысында бойжеткен өз кінәсін толық мойындады. Оның сөзінше, ол екі жылдан астам уақыт бойы жігітімен қарым-қатынаста болған, алайда жүкті екенін айтқанда, жігіті жауапкершіліктен бас тартқан. Жүктілік туралы басқа ешкім білмеген. Ол баланы жалғыз өсіруге дайын болмағанын және туыстарынан қорыққанын жеткізді.
Сот отырысында жәбірленуші ретінде қатысқан анасы бұл жағдайды топ старостасынан естігенін айтты. Жатақханаға келгенде қызын ауыр халде көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Нәрестенің денесін кейін полиция қызметкерлері алып кеткен.
Іс қысқартылған тәртіппен қаралып, сот тек айыпталушы мен жәбірленушіден жауап алумен шектелді. Қыздың әрекеті Қылмыстық кодекстің 100-бабы — «психотравмалық жағдайда босанғаннан кейін ананың жаңа туған баласын өлтіруі» бойынша сараланды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Ал жеңілдететін жағдайлар ретінде оның кінәсін мойындауы, шынайы өкінуі, бұрын құқық бұзбағаны және жасының жастығы ескерілді.
Сот үкімімен студент кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оған тұрғылықты мекенжайын рұқсатсыз өзгертуге және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды.
Сонымен қатар, жаза мерзімі ішінде ол жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелді. Бір күндегі еңбек уақыты төрт сағаттан аспауы тиіс.


