Алматыда халық Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Oinet.kz 21-04-2026

Халық Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_5.png

Қаралы жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаты оқылып, қазақтың дара да дана тұлғалары мен әнші Димаш Құдайбергенов келіп тау тұлғаны ақтық сапарға шығарып салды.

Алматы жұртшылығы алып тұлға Мұхтар Шахановпен қоштасты. Бір жарым сағатқа созылған қаралы жиында халықтың қарасы үзілмей, мыңдаған адам ақынға соңғы құрметін көрсету үшін гүл шоқтарын қойып, тағзым етуге келді.  Қоштасу рәсіміне Ақпарат және мәдениет министірі әрі вице-премьер Аида Балаева, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Туймебаев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сахнадан сөз сөйледі.

Сахна төріне ақынның табыты қойылып, артқы фонда оның портреті мен «Рух мектебіндегі мұң» өлеңінен үзінді берілді. Астанадан арнайы делегация келіп, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан президенті Касым-Жомарт Токаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Мұхтар Шаханов – әділдік жолында күрескен, сөзімен халықтың жүрегіне патриотизм мен мейірім ұялатқан тұлға» деп жазылған жеделхатта. 

«Бүгін біз Астанадан Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсіміне қатысуға арнайы келдік. Шын мәнінде, бұл қаза – баршамызды терең толқытқан ауыр қайғы болды. Марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл қазақ халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Жалпы, Мұхтар Шаханов туралы сөз болғанда, ең алдымен оның асқақ келбеті, ұлттық рухы мен қайсар мінезі еске түседі. Себебі ол – ұлттың намысын сөзімен де, ісімен де қорғаған бірегей тұлға болып есімізде мәңгі қала береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Халық жазушысымен қоштасуға жазушы әрі Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың кеңесшісі Чолпонбек Абыкеев келді. Ол Жаппаровтың жеделхатын көпшілікке оқып берді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қадірлі қазақ бауырлар! Ұлы қазақ ақыны, Қырғызстанға кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Шыңғыс Айтматов пен күллі қырғыз халқының досы Мұхтар Шахановтың дүниеден өткенін біз зор қайғырып қабылдадық. Ол тек ұлы қазақ халқы үшін ғана емес, қырғыз халқы үшін де тірек болған, аса көрнекті тұлға еді. Сондықтан қырғыз жұртшылығы бұл қазаны ауыр жоғалту ретінде қабылдап, тірегінен айырылғандай күй кешіп отыр» деп жазылған жеделхатта.

Ресми көңіл айтулар біткен соң Мұхтар Шахановтың денесін Отырарға алып кететіні айтылды. Ақын Түркістандағы Арыстанбаб кесенесінің маңайындағы «Қоғам» ауылдық зиратында жерленетін болды.

Айта кетейік, бұған дейін марқұмның жары Ханшайым Шаханова жолдасын Арыстан баб кесенесінің маңайына жерлеуді президенттен сұраған еді. Алайда Қазақстан Жазушылар Одағы оны Алматыдағы Кеңсай 2-де жерленеді деген мәліметтер шыққан еді.

Бұдан бөлек, алып тұлғаны соңғы сапарға шығарып салуға мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай, әнші  Димаш Құдайбергенов, Жұбаныш Жексенұлы мен Қайрат Нұртас, ұлт зиялылары Ұлықбек Есдаулет, Асылы Осман мен Смағұл Елубай келді.

Қазақстанда ерекше қажеттігі бар адамдар үшін пойыздарға арнайы вагондар қосылады
Цифрлық дәуірге қадам басқан Қазақстан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу