Тоқаев Amanat пен "Әділет" партиясының бірігуін қолдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының “Әділет” партиясына қосылуын тарихи шешім деп бағалады.

Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттар төңірегіне барлық озық әрі жасампаз күштерді біріктіру маңызды екенін айтты.
“Бұл тарихи шешімді қолдаймын. Бүгінде барлық озық әрі жасампаз күштерді ұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттар төңірегіне біріктіру аса маңызды. Мұндай қадам елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға тың серпін беретіні сөзсіз. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз бір – жас ұрпақтың бақытты болашағына жол ашатын өркениетті әрі дамыған мемлекет құру. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ”, – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін AMANAT партиясының кезектен тыс съезінде делегаттар партияның “Әділет” партиясына қосылуын қолдаған еді. Осыдан кейін депутаттар бұл шешімге қатысты пікір білдірді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екі партияның бірігуін саяси көзқарастары мен мақсаттарының жақындығымен түсіндірсе, депутат Ерлан Саиров мұны Нұрсұлтан Назарбаев кезеңіндегі саяси жүйемен түбегейлі қоштасудың белгісі деп бағалады.


