«КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК АДАМЫМЕН БІРГЕ» НАУҚАНЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА ОРАЙ ҮНДЕУ

Құрметті әріптестер!
Түркістан облысы - еңбек адамдарының шоғырланған өңірі. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, мәдениет және басқа да салаларда мыңдаған азаматтар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Осы орайда еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету - кәсіподақтардың басты міндеті.
«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі күн сайын нақты істер арқылы өз кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсетіп, еңбек дауларының алдын алуға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты нығайтуға белсенді атсалысуда. Сонымен қатар, еңбеккерлердің жалақы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер, демалыс пен сауықтыру, кәсіби даму мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп, еңбек адамының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау жолында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижелермен де айқындалуда. Жыл басынан бері облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның 2 отырысы өткізіліп, оның күн тәртібіне кәсіподақтар тарапынан төрт маңызды мәселе енгізілді. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында кәсіподақтар қызметі аясында Үйлестіру кеңесінің 6 отырысы өткізіліп, онда еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастары саласындағы өзекті 20 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Еңбек ұжымдарымен байланысты нығайту мақсатында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 32 кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында 21 оқыту семинары өткізіліп, оған 1000-ға жуық адам қатысты.
Ал еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанынан құрылған Заң клиникасының да рөлі ерекше. Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Заң клиникасына келіп түскен 107 өтініш қаралып, азаматтарға құқықтық кеңестер мен нақты көмектер көрсетілді.
Сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосып, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында белсенді қызмет атқарып жүрген кәсіподақ мүшелеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ведомстволық наградалары, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталып, үздіктерді марапаттау рәсімдері өткізілуде.
Әрбір шешілген мәселе, қорғалған құқық пен көрсетілген қолдау - бұл кәсіподақ жұмысының нақты нәтижесі.
Бүгінде кәсіподақ еңбек адамының үнін естіртіп қана қоймай, оның мәселелерін шешуге нақты ықпал ететін қоғамдық күш ретінде өз қызметін одан әрі жалғастыра береді. Өйткені кәсіподақтар - еңбек адамының сенімді тірегі, бірлік пен ынтымақтың, әділдік пен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі
«КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК АДАМЫМЕН БІРГЕ» науқаны аясында еңбек ұжымдарымен кездесулер, көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылып, «Кәсіподаққа сұрақ» айдары арқылы қызметкерлердің өтініштері мен сауалдарына жауап беру жұмыстары жалғасады. Бұл - еңбеккерлермен ашық диалог орнатуға, өзекті мәселелерді талқылауға және оларды бірлесіп шешуге берілген тағы бір мүмкіндік.
Біздің басты мақсатымыз - қиындық туған кезде ғана емес, күнделікті еңбек процесінде де қызметкерлердің жанынан табылып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Кәсіподақ әрдайым ашық, қолдауға дайын және еңбек адамының сенімді тірегі екенін әрбір қызметкер сезінуі тиіс.
Осыған орай барлық салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарын науқанға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір кездесу, әрбір өтініш пен әрбір жарияланым еңбеккерлер үшін пайдалы болып, кәсіподақтарға деген сенімнің артуына қызмет етеді деп сенемін.
Біз бірге болғанда ғана кез келген мәселені шешіп, ортақ мақсаттарға қол жеткізе аламыз.
Құрметпен, Бердіғали Өмірәлі
«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы


