Арман Сқабылұлы. Жаңа жылдық монша және жездем

Oinet.kz 06-11-2019 1007

Screenshot_2.jpg

Өзінің менен бір - екі жас қана үлкендігі бар. Құрдас деуге де болатын еді. Әттең, әпкемізді алып, аяқ астынан жезде болып шыға келді. Жылтың, жылтың жүрісі мен едірейген мұртына қарап "қарғаның валетi" деп ат қоя қойғанымды қайтейін, той - томалақта кездесе қалсақ айналдыратыны мен болдым. "Ей, қызталақ! Әпкең ұнамай жүр. Дұрысырағы жоқ па еді " деп көптің көзінше қанымды қарайтты. "Жақында анау Алматыңа барамын. Жасырақ қыздарың болса мына жездеңе дайындап қой " деп тағы күйдірді. Оның тілі сала құлаш. Журналистикада оқимын деген атым ғана менің. Мұндайда сөз таба алмай, "қой аузынан шөп алмас" момын болып қалатыным бар. Жездем соны біледі. Сосын құтырып жүр.

...Жаңа жылдың алды еді. Моншаға жиналып жатқанбыз. "Татаркадағы " үйімізге сол жынды жездем келе қалды.

-Әй, мен сендерді іздеп келсем қайда барасыңдар!?-деп сөйлей кірді. -Сенің ана әкпең "продуктiге" жіберген. Ертең ауылға қайтамын. Ал, апаратын жағыңа апар! Үлгеріп қал!

Жезде келді екен деп моншадан қаламыз ба, жинала бердік. Үшеуміз де студентпіз. Тәкең мен Бөкең ғой жанымда. Бізге кінә арта қоймас. Үйде отыра тұрар.

-Әй, мен де барайын сендермен. Бір - екі саптаяқ сыра ішейін,- деп жездем бізбен ере шықты. Сексенінші жылдардың соңы болатын. Қазіргідей сауна дегендер жоқ. Киров көшесі тауға тірелген тұста бір көпшілік монша болушы еді. Соған жаяу тарттық. Жездем аузы жабылмай сөйлеп келеді,

-Анда-санда бір келгенде моншаға сүйреп... (оны мен сүйреп келе жатқандай) Одан да Көк базардың қасындағы ресторанға тарту керек еді. КазГУ-ден қыздарыңды шақырып...Ақша бар ғой. "Продуктыден" үнемдеп едім...

Тағы бастады. Үндемедім. Ауыз соныкі, сөйлеп, сөйлеп қояр.

Моншада адам көп екен. Әзер дегенде кірдік-ау. Жуынатын жердегі будан бір - біріңдi көру мүмкін емес. Әйтеуір жанымда жездемнің пысылдап жуынып жатқанын сәлден соң байқадым. Екі досым көрінбейді. Бір кезде Бөкең иығымнан түртеді.

-Ана есікті ашпа!-дейді сыбырлап,- Ашып қалсам әйелдер жүр. Құдай оңдап мені байқамады.

Бұрылып қарасам бізге таяу жерде шынымен де есік тұр. Кәдімгі ерлер мен әйелдер бөлімінің арасын байланыстыратын есік. Моншада істейтіндер оны жабуды ұмытып кеткен болып тұр . Жездеме қарасам әлі пысылдап жуынып жатыр. Бір жаман ойдың сап ете қалғаны.

-Жездеке,-дедім, -Жүр ыстық парға кіріп шығайық. Арқаңды сабап берейін...

Жездем мұндай мейірімді менен күтпеген сыңайлы. Шылапшындағы суын басына төңкере салып алдыма түсіп берді.

-Мына есіктен кіре бер! Мен сыпыртқы әкелейін,-деп қала бердім.

Жездем кіріп кетті. Бірден атып шығар дегенмін. Шығатын түрі көрінбейді. Әлі жоқ. Бір кезде ар жақтан әйелдердің шыңғырған дауысы естіліп, салдыр- күлдір болып кетті. Есік ашылып, басына шылапшын киген жездем біздің жаққа кіре бере етпетінен түсті. Түк түсінбегендей жерден көтеріп жатырмын. Алақтап есі шығып кетіпті.

-Өй, әкеңнiң...Кірсем будан түк көрінбейді. Жақындап барсам жалаңаш әйелдер...

Күлкіден жарыла жаздап, булығып әзер тұрмын. Жездем қолды бір сілтеп, киінетін жаққа кетті. Соңынан барсам маңдайына торсиып шыға келген "шишкасын" сипап, әзер демалып отыр.

-Бұл жолы қатырдың ,-дейді, -"Үндемегеннен үйдей бәле " деген. Көрерміз әлі...

Жүні жығылып қалыпты. Дауысында діріл бар.

-Ау, жездеке!-деймін, -Өзің емес пе, Алматының қыздарын айтып қоймай қойған. Көрдің бе, жаман қайның оларды жалаңаштап тұрып көрсетті ғой. Енді арманың жоқ шығар! Әкпеме менің жасаған жақсылығымды айта бар...

...Бүгінде сол моншаның тұсынан жиі өтемін. Сыртына "сауна" деп жазылып қойғаны болмаса көп өзгермеген. Көрген сайын жездем есіме түседі. Айтпақшы, сол оқиғадан соң орынсыз қалжыңдарын қойып кеткен, менің жездем!

Арман Сқабылұлы

Ібілістен хат
Атамның қарындашы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу