Евгений Леоновтың ұлы Андрейге жазған хаты

Oinet.kz 08-11-2019 948

ұлына жазған хаты.jpg

«Андрюша, сен мені мен сені қалай жақсы көрсем, солай жақсы көрсең екен. Сүйіспеншілік деген қандай байлық екенін білсең ғой. Шынымды айтсам, кей адамдар менің сүйіспеншілігімді бір түрлі, менің жақсы көргенімнен тек зиян тиеді дейді. Бәлкім, шынында да менің жақсы көргендігімнен сен үлгілі оқушы болмай қалған шығарсың? Мектепте өткізген тоғыз жылда сені бірде-бір рет жазаламадым.

Есіңде ме, тақтаға шыққанда бет-аузыңды тыжырайтып, бүкіл сыныпты күлдіртіп, кейін мұғалім мені шақырып, сөгіс берген. Түрім мәз емес. Үш қайтара айыпты адам болдым да қалдым. Өзімді бұрышта тұрған баладай сезінгем. Мұғалім бала құсатып әбден сөккен еді. Мен ендігі жерде кез келген қорлауға дайын тұрдым, ал ол тоқтай алмай жатты: «Сабақты үзіп тастады ғой... – біз бастан-аяқ қырық бес минут сабақ өтуіміз керек... – өзі дым білмейді, басқаларға да білуге мүмкіндік бермейтінін қайтерсің... – мына түрімен мектептен шығарады ғой... – сөз өтпейді балаңызға».

Жейдем де, пиджак та, мокасиныма дейін терден суланып кетті. Ал мұғалім әлі сөйлеп тұр. Қап, бәлем, бүгін қолыма түсерсің деп, тісімді шықырлатып шықтым. Осы оймен мектептің ауласынан шығып, Комсомол даңғылына түстім. Қобалжығанымнан не таксиге, не троллейбусқа отыра алмадым. Жаяу келе жаттым.

Алдымдғы әйел ауыр сөмкесін көтеріп келеді. Жанында баласы жылап барады. Мені көрді де бала жылағанын сап тыйды. Шешесі оған: «Әне, көрдің бе, Винни Пух саған күліп жатыр» деп жұбатты. Бір уақта бейтаныс адам амандасты. Күздің желі маңдайымнан өпті. Үйге жеткенше ашуым тарқап кетті. Бар соққыны өзіме алған жеңімпаздай көңілденіп келдім. Үйге кіргенде сені тәртіпке салмақ ойымды тіпті ұмытып кеттім. Сені көре салып: «Жұрттың бәрін күлкіге қарық қылатындай бетіңді не істеп тыжырайттың, қане көрсетші?» деп өтіндім. Содан екеуміз әбден күлген едік.

Келесі шақырғанға дейін. Шешең мектепке бармаймын деді үзілді-кесілді. Жатарда ойлап қоям: түнде басқа қалаға съемкаға шақырып әкетсе екен, не репетициядан жібермей қойса екен деп... Бірақ таңертең Ванда жылады. Мен ұшатын рейсті кейінге қалдырып, репетициядан сұранып, мектепке қарай құстай ұштым. Тағы да бұрышқа тұруға дайындалып бардым.

Өмірде боп тұратын кейбір ұсақ-түйек біздің қобалжуымызға татырлық екен. Бұл хатты жазғандағы түпкі ойым да дұрыс жасалмаған бірдеңені түзеу. Мүмкін сондықтан күлкілі, оғаш көрініп тұрған шығармын. Құдды өзімнің персонаждарым секілді. Бірақ бұл мен ғой! Шынымды айтсам, қарағым, әкелік жүректің уайымынан артық сүйіспеншілік жоқ.

Мен үйде болмаған кезде, сыртта жалғызсырап жүргенімде сенің әр сөзің мен маған қойған әр сауалыңды еске түсіремін. Сенімен сөйлесе бергім келеді. Саған айтқым келген нәрселерді жіпке тізсем, өмірім жетпес. Бірақ білесің бе, анам дүниеден өткеннен кейін бір нәрсені түсіндім. Эх, Андрюша, сен оның алдында кішкентай, ақымақ көрінуге ұялмайтын, қарусыз қалуға қорықпайтын, ойыңды бүкпесіз айта алатын бір адам бар ма? Сол адам сенің қорғаның. Мен сәл уақыттан соң үйде болам.

Әкең». 

Ленингрaд. 3 қазан 1974 жыл.

Аударған Шынар Әбілда

Айыптауға асықпа
Кездейсоқ жігіт кездеспейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу