Сүюдің қияметі

Oinet.kz 13-11-2019 833

Сүйікті адам бізді ештеңеден құтқара алмайды: ол құтқаруға тиісті де емес.

Көп адам өзіне жұпты басындағы қиындықтан құтылу үшін іздейді. Махаббат оларды іш пысу, торығу, мәнсіздіктен құтқарады деп адасады. Серігі өмірінде орын алған бос кеңістікті толтырады деп сенеді.

Барып тұрған адасушылық!

сүюдің қияметі.jpg

Өзімізге жұп таңдаған кезде осындай бір ойдың жетегінде кетсек, ақыр аяғы үмітімізді ақтамаған адамға деген жек көрушіліктен құтыла алмай қаламыз. Сосын? Сосын келесі махаббатты күтеміз. Одан кейін келесісін, осылай жалғаса береді... Немесе қалған өмірімізді жалғыздықта өткізуге бел байлаймыз. Қатал тағдырға жаба саламыз.

Мұндай болмас үшін өз өмірімізге тереңірек үңіле білейік, сонда алғашқы қателіктен сабақ алуға мүмкіндік туады. Біз үшін біздің өмірді ешкім түзеп бермейді. Түзеуге тиісті емес.

Өзгенің өміріне сараптама жасаудың қажеті жоқ. Одан да ортақ іске қатар қатысатын адам тауып, сонымен уақыт өткізіп, көңіл көтеріп, өсуге, дамуға талпыну керек. Тек өміріңізді өзгертуге тырыспаңыз. Іш пысудан дәрі іздемеңіз.

Махаббат барлық қиындықтан құтқарады, бар жамандықтан сақтайды, бақыт сыйлайды, сенім береді деген ой тек адамды елеске иландырып, шын махаббаттан адастырады.

Қарым-қатынасты идеалды етіп қиялдау емес, реалды бағалап қарастыру керек. Сонда өмірдегі көп қателікке көз ашылады. Сонда сүйген адамыңның жанында өзіңнің қаншалықты ашыла түсетініңді білесің.

Қарым-қатынасты бас сауғалайтын жер деп түсінбеңіз. Одан да бойыңыздағы осы уақытқа дейінгі ұйықтап кеткен сезімдердің оянуына жол беріңіз. Алға қарай бағытты айқындап жылжыңыз, бір орында тұра беруге болмайды, өзгеріп, дамуға тырысыңыз.

Бір-бірін жақсы көрген адамдардың қарым-қатынасы өркендеу үшін бұл нәрсеге басқа жағынан қарап көрген абзал. Өз санаңызды биіктетудің бірқатар мүмкіндігі деп қарастырсақ, бұрын түсінбеген шындықты көруге, тұлға болуға жол ашылады.

Өзгеден жұбаныш іздемейтін толыққанды ересек адамға айналған кезде барып дәл осындай тұлғалық бейнесі жоғары жанмен табысасыз. Ол сіздің, сіз оның бойындағы барына қанағат етесіз.

Жұптағы қарым-қатынастың бар мәні осы ғана. Жұп болу – «құтқарылу» емес, тек «кездесу». Немесе, «кездесулер».

Егер екі адам бір-бірін сүйсе, онда ой-пікірлері де егіз болуы тиіс деген ойдан аулақ болған жөн. Басқа адамды жақсы көру - дәл сол сияқты ойлау деген сөз емес. Немесе оны өзіңнен биік қою емес. Махаббаттың мағынасы – өзара сыйластық. Бастысы – көкірек көзің ашық түрде сүю.

Егер солай сүю қолдан келсе, бір бағытта өмір сүру жеңілдейді. Ортақ көрсеткішке жетуге болады. Екі адам өзара ең басты келісімге келгені. Мен сені осы күйіңде қабылдаймын. Сен де мені осы күйімде қабылдайсың.

Өзара бір-бірін сол күйінде қабылдай алу, адамдарды еркіндігінен айыратын тұсаудан құтқарады. Сезімге ерік береді. Серігіміздің өмірлік құндылықтары өзімізге мағыналы бола бастаған сәтте оның өмір сүру дағдысына терең мән беретін боламыз.

Әр адам – бүтін бір әлем. Сүю деген – бөтен адамды бүкіл оның өмір сүру құндылық жүйесімен қабылдау деген сөз. Мінезін, әдетін, ерекшелігін қабылдау. Оны өзгертуге талпынбау. Бұл үлкен еңбек. Өте ауыр. Көмекшісі жоқ қара жұмыс. Өйткені, өзгені қабылдау өзіңді қабылдаудан басталмақ.

Хорхе Букай “Көкірек көзіңді ашып сүй”.

Аударған Шынар Әбілдә

Азамат атану қиын ба?
Әлем және сен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу