Нейробикадан хабарыңыз бар ма?

Oinet.kz 13-11-2019 1052

Ғалымдар тәжірибе жүзінде адамның жүйке талшықтары қайта қалпына келетінін дәлелдеді. Адамның интеллектілік қабілеті жүйке талшықтары өлетіндіктен кемімейді екен, олар бір жасушадан екіншісіне импульс беретін дентриттердің мүмкіндігі шектелетіндіктен азаяды екен. Жасушалар арасында байланыс арагідік тоқтап қала берсе, дендриттер дене қимылынсыз семіп қалатын бұлшықеттерге ұқсап жансызданып қалуы мүмкін. Бір кезде дендриттер тек баланың миында болады дейтін. Дегенмен, жақында ғалымдар нейрондардың ескілерінің орнын толтыру үшін жаңа дендриттерді өсіре алатындығын мәлімдеді. Адамның миы мұндай өзгеріске бейімделіп, өзара байланыс құрылымын трансформациялай алады екен. Осындай дәйектемелер нәтижесінде Нейробика атты мидың аэробикасы жасалды. Осы жаттығу мидың әр түрлі бөлімдері мен аумақтарын жылдам әрі сауатты әрекетке бейімдейді. Әр қадамыңызды нейробикалық жаттығуға айналдыру үшін олардың белгілі бір шарттарға сай келуін қадағалау керек. Мәселен, сіз оңқай адамсыз. Күнделікті қаламмен жазу жазасыз. Егер қаламды қарындашқа, не маркерге ауыстырып жіберсеңіз, миыңыз жаттықпай қалады. Миды жаттықтыру үшін қолыңызды ауыстыру керек. Бір қарағанға қиын, әрі қисынсыз. Бірақ миды дамыту үшін пайдасы шаш етектен.

нейробика.jpg

Нейробика қалай жұмыс жасайды?

1. Жаңа жағдайда бірнеше сезім мүшелері қатысуын қамтамасыз ету керек. Мысалы, көзді жұмып бәтіңкенің бауын байлау. Тек сылап-сипау арқылы жасау.

2. Нейробикада зейіннің барлық түрін қатыстыру маңызды. Жұмыс орныңызда суреттер, плакаттар ілініп тұрса, соларды басын аяғына келтіріп іліп қойыңыз. Немесе жұмысқа бір рет болса да балаңызды ертіп әкеліңіз.

3. Күнделікті күйбеңді өзгерте алсаңыз жақсы болар еді. Жұмысқа басқа жолмен шығыңыз.

4. Жаттығуды үздіксіз жасау. Нейробика сіз үшін өмірдің мәні, күнделікті қажеттілікке айналуы керек. Тек қана осылай жасасаңыз, қартайғанда санаңыз тұнық, ойлау қабілетіңіз мығым, әрі жүйке жүйеңіз мықты болмақ.

Нейробиканың басты ұстанымы – үнемі өзгеріп, әрі айналаңды да өзгертіп отыру. Миға арналған жаттығу өмір сүру салтына айналғаны нұр үстіне нұр. Кейде адамдар күнделікті әрекеттерін қаншалықты деңгейде автоматты түрде жасайтынын байқамайды. Өзінің кітап сияқты тез оқылатынын білмейді. Сондықтан мидың жаттығуын әр адам өзінен бастағаны дұрыс. Ең қарапайым нәрселерден бастаса да болады. Ел қатарлы болмай қалудан ұяласыз ба? 13-15 жастағы өзіңізді еске түсіріңізші. Сол жаста әр адамға кері сөйлеп, қарсылық білдіруге дайын тұратын едіңіз ғой. Өз шындығыңызды дәлелдегіңіз келетін. Әлемді таң қалдыратын жаңалық ашқыңыз келмейтін бе еді?

Таң атқаннан кеш батқанша тек жаттығу жасауым керек десеңіз, қателесесіз. Нақты бір бөлімнің бірнеше жаттығуы да жеткілікті. Нейробика жақсы десек те, кәдуілгі дәстүрлі тренингті де ұмытпайық: сөзжасам мен сөзжұмбақ шешу, ғылыми-танымдық әдебиет оқу, шет тілін меңгеру, саяхаттау, әңгіме-дүкен құрудың да зор пайдасы бар.

Жарқанат

Үйден шықпайтын адамға тастай қараңғыда қимылдаудың өзі тосын жағдаят. Көзді жұмып пәтер ішінде жүруге, жуынуға, киінуге болады. Мұндай қарапйым жаттығулар зейінді дамытып қоймай, назарды да жетілдіреді. Нейробикадағы өтірік соқыр болу бөлімін «Жарқанат» деп атайды. Мидың екі жартысын қатар іске қосу үшін әр түрлі қимыл жасаған кезде қолды алмастыру керек. Аяқкиімнің бауын байлағанда, тісті шайғанда, кесені сол қолмен ұстау секілді. Оңқайларға сол қолмен жарты бет хат жазудың өзі пайдалы. Солақайлар оң қолмен жазып көрсін.

Дыбыспен ойнау

Дыбысқа қатысты ойын жетіп артылады. Мысалы, диктафонға кеңсеге баратын жолдағы әр түрлі дыбыстарды жазып тыңдау. Бүкіл отбасыны жинап, қай дыбыс қай жерде жазылғанын табу.

Супермаркет

Көпшілік супермаркетке алдын ала таңдалған жолмен барады. Сондықтан нейробика маршрутты өзгертуді талап етеді. Қарапайымынан күрделісіне. Сөрелерді қарау кезінде де басқа амалға жүгінген жөн. Жаңа өнім көрсеңіз, қолға алып, оқып, зерттеп көру. Уақыт көп болса, супермаркетке баруды мерекеге айналдыра аласыз. Ол үшін алатын заттың тізімін жасап алыңыз, бірақ тізімге тек олардың сипатын жазыңыз. Мысалы, қара нан мен сары майды былай жазуға болады: «Қара, жұпар иісті, үстіне дәмдеуіші себілген, бетіне төртбұрышты, жылы жерде еритін сарыны» қосасыз. Кезекте ұзақ тұрыпы қалсаңыз, ақшаны көлеміне қарап анықтауды үйрене беруге болады.

Демалыста

Демалыста миды жаттықтыру оңай. Түрлі мейрамханалардың асханасымен танысу, мәзірдегі тағам аттарын жаттау, құрамына қосылатын заттарды білу. Жергілікті тұрғындарды зерттеу. Адамдардың ұқсастығын, не түрлілігін байқауға болады. Демалыста ми онсызда қатты жұмыс істейді. Ми жұмыс істей бастау үшін шетелге бару шарт емес. Бұрын-соңды көз көрмеген талай жер жақын-жуықтан да табылар.

Тіл үйрену

Шет тілі – ми үшін керемет жаттықтырушы. Құлшыныс береді. Тіл үйренгенде мидың барлық бөлігі қамтылады. Бөгде тілді үйрену, танысу миға жаңа әлемнің көкжиегін ашады. Дамуға серпін беретін сан алуан жұмыс табылады. Шет тілін үйренудің сәті түспесе, онда ыммен сөйлесуді меңгеруге болады. Ол да мидың қатпарларын қалыңдатады. Тіл байлықты молайтады. Қарым-қатынасқа бейімдейді. Мұндайды үйренген адамның қимыл-әрекеті әбжіл бола бастайды.

Аударған Шынар Әбілдә

Ғажайыпқа есік аш!
Мейірім шапағаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу