Сүйіспеншілік - бала тәрбиесіндегі негізгі қағида

Oinet.kz 29-11-2019 1392

«Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, адамның бес жасқа дейін бойына сіңірген тәрбиесі бүкіл ғұмырында алған тәрбиесінің тоқсан пайызын құрайды екен. Соның ішінде сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алатын көрінеді. Бір қызығы, бала ана құрсағында болғанда, анасы нені көп үйренсе, нені көп білсе, кейін бала сол нәрсені тез игереді екен. 

Screenshot_14.jpg

Фото Massaget.kz

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған. Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін бұл қасиеттердің орны айрықша екенін ұғынғанымыз жөн. Кез келген жеткіншек ата-ана махаббатына қашан да шөлдеп, шөліркеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі, есейеді, дұрыс жолға түседі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, әрдайым іздеп тұрады. Оны ренжіткісі келмей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін айтқандарын екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, өзі жақсы көрген кісіге еліктеп, ұқсағысы келеді. Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида.

Қос дүние сұлтаны, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) барлық адамзаттан сүйіспеншілігін аямаған. Жан жүрегімен жақсы көріп, әрқайсына көңіл бөлетіндіктен, әр сахаба өзін «Пайғамбардың ең жақсы көретін адамы мен шығармын» деген ойға қалады екен. Осыдан-ақ пайғамбар тағылымының мәні зор екенін түйсінуімізге әбден болады. Зерттеушілер де басынан сипап, мейірім көрмеген, маңдайынан иіскемеген балалардың психологиялық ауруларға жиі ұшырайтынын дәлелдеген. Ата-ана немесе кез келген тәрбие беруші үшін балаға көп ұрсып, оған ұзақ ақыл айтқаннан гөрі, оның басынан сипап, мейірім көрсетіп, арқасынан қағуы әлдеқайда әсерлі және пайдалы.

Баланы әуелі тыңдай білген жөн. Ашылып әңгіме айтқан бала өзінің ішкі дүниесін де ақтарып береді. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді, десе де әр бала ақылды. Олар балалықпен ғана қате жасайды. Ал, үлкендер болса, олардан есейген жанның ісін күтеді. Қателікке бой алдырса, дереу таяқтап, ұрсып, жазғыра жөнеледі. Содан кейін де жасөспірім «үлкендер маған жамандық жасады, ата-анам мені жақсы көрмейді» деген ойға қалуы бек мүмкін. Сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысу, жазалау, қол жұмсау – дұрыс емес, онда ата-ананікі үлкен қателік болып саналады.

Ата-аналардағы қателіктердің тағы бірі – баланы не болса содан тыйып, іс-әрекетін, қызығушылығын шектей беру. Баланың қате қылығын тыйған кезде, оның дұрысын көрсеткен жөн. Олай болмағанда, бала істеген қателіктерін қайта жасауы немесе қырсық мінезділікке бейімделуі әбден мүмкін. Мысалы, үйдің қабырғасын қаламсаппен сызғыштап ойнаған баланың қолына дереу басқа бір дәптер, қағаз ұстатып, «сызсаң мынаған сыз», «жүгірсең мұнда емес, ана жерге жүгір», «көрсең бұл фильмді емес, мынау фильмді көр» дегеніміз абзалырақ.

Қорыта келе, отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.

Бағдат Абдукаримов,

Жамбыл облысы

Қазақ қызы ешқашан «мен сені қаладым» деп айтпаған
Оралхан Дәуіт. Қырым қанды безгегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу