Оралхан Дәуіт. Қырым қанды безгегі

Oinet.kz 29-11-2017 887

Screenshot_6.jpg

Сол жылдары Жамбылда «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының тілшілері қатты бәсекелес болатын. «Хабарда» - Ерсұлтан Әмірбек, «Қазақстанда» - Бақытжан Советұлы меншікті тілші болып жұмыс істейді. «Хабардың» тілшісі облыстағы тосын ақпараттарды «Қазақстаннан» бұрын беріп қойсам екен, керісінше Бақытжан ағамыз оқиға орнына Ерсұлтаннан бұрын жетсем екен деп жанұшырып жүретін. Дүниеде жаны перiште, аңғал, баладай сенгiш екi жан болса соның бiреуi осы Бақытжан, егер жалғыз болса, соның нақ өзi. Содан ба алданады да жүреді.

Бірде қыстың күні Ерекең өзінің жеке шаруаларымен жұқпалы аурулар ауруханасына барады. «Хабардың» қызметтік көлігінің ауруханаға бұрылғанын таксиде кетіп бара жатқан Бақытжан ағамыз көріп қалыпты. 

Ал, содан уайым... «Знашить, бұл ауруханада бір жағдай болған, Ерсұлтандар соны түсіруге бара жатыр-ау» деген ой Бәкеңе тыныштық бермей, ақырында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Санжарға телефон шалады. Амандық-саулықтан кейін:

- Санжар, облыс тыныш па? Ешқандай жаңалық жоқ па? – дейді ғой Бақытжан аға алыстан орағытып.

- Пәлендей жаңалық жоқ... Тыныш...

- Жұқпалы аурухана жақта ештеңе болған жоқ па бүгін...

- Жоқ, болған жоқ. Ештеңе естімедім...

- Жаңа ғана «Хабардың» көлігі солай қарай бұрылғанын көрдім... Сен Ерсұлтанға телефон шалып, ақырын сұрап көрші...

- Жақсы, Бәке, қазір сөйлесіп көрейін...

Сөйтіп Санжар Ерсұлтанға телефон шалады. 

- Ереке, қалайсыз? 

- Жақсы...

- Жұқпалы аурухана жақта жайша жүрсіз бе? Әлгінде көліктеріңіздің солай бұрылғанын көріп қалдым...

- Жай, бір шаруалармен жүр едік. 

- А, жай болса бопты да, әйтеуір... Әйтпесе Бақытжан ағамыз уайымдап жатыр. Сол ауруханада бірнәрсе боп қалды ма деп...

Бақытжан ағасының атын естігеннен кейін Ерсұлтанның ойына қулық келе қалады.

- Санжар, ауруханаға өзімнің шаруаларыммен келгенмін. Бірақ, давай... Бақытжан ағамызға «розыгрыш» жасап көрейік... Сен оған «Жұқпалы аурулар ауруханасында бір жағдай болған-ау, Ерсұлтандар мұрнынан сүрлігіп жүр... Бірнәрсе түсіріп жатыр... Маған ашып айтпады...» деп, мәселені жұмбақтау қып қоя сал... Ар жағын өзіміз дөңгелетіп әкетеміз...

Сонымен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бақытжан ағасына тура солай деп айтып барады. 

Ал, содан Бақытжан Советұлынан маза кетеді. Өзі сол күні түс қайта бір ауданға іссапарға баратын боп, басшылығымен келісіп қойған екен. Ауданға шығып кетсе, әлгі ауруханадағы жағдай бойынша іздеп қала ма деп, ойы сан-саққа жүгіреді. 

Сөйтіп алдымен Ерсұлтанға телефон шалады. Ерекең қарбалас тірліктің үстінде жүргендей өте асығыс сөйлесіпті.

- Бәке, - дейді Ерекең ентігіп. - Сіздің жағдайыңызды түсінемін. Бірақ сіз де мені түсініңіз... Біздің тілшілер сізге айтып қойғанымды білсе, оңдырмайды. Сондықтан ағам ретінде ғана сізге жасырын түрде айтайын. Бүгін жұқпалы аурулар ауруханасына төрт адам қырым қанды безгегімен түсті. Жағдайлары өте ауыр. «Хабардың» атын малданып, айқайласып жүріп, әрең дегенде анықтадық. Облздрав жасырып отыр. Бар айтатыным осы... Басқа ақпаратты енді өзіңіз тауып алыңыз...

Ерсұлтанның елді елең еткізетін жасырын ақпаратынан кейін Бақытжан ағамыз атына қамшы басады. 

Бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына телефон шалыпты. Орынбасар әйел адам еді. Ол: «Мұндай ақпаратты сенен естіп тұрмын. Ондай жағдай болған жоқ» дейді. Бәкең қайтадан Ерсұлтанға шығады. 

- Бәке-е-е, - дейді Ерекең даусын созып. - Айттым ғой сізге... Бұл ақпаратты облздрав жасырып отыр деп... Олар өлсе айта ма? Қазірдің өзінде олар біздің басшылыққа хабарласып, түсіргенімізді шығармауға барын салып жатыр. Сондықтан облздравтың өзіне тіке шыққан дұрыс шығар. Онда да қатты-қатты айтып, бетпақтық жасамасаңыз, ақпаратты ала алмайсыз...

Енді Бақытжан ағамыз шындап ашуға мінеді. Бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Бақытәлі Жетібаевқа шығады. Жетібаев аң-таң. «Мүмкін емес, ондай жағдай орын алған жоқ» дейді бірден. Бақытжан ағамыз айқайға басады:

- Сіздер тілшілерді алалағанды қашан қоясыздар? «Хабарға» ақпаратты бересіздер, ал, бізге келгенде тілдеріңіз байланып қалады... «Хабар» кешкі жаңалықтарынан беріп жатыр... Сол кезде де өтірік дейсіз бе?

Мына сөзден кейін Жетібаев Бәкеңе «Сәл күте тұрыңызшы...» деп, ішкі телефон арқылы бірден әлгі аурухананың басшылығына шығады. Екі арадағы әңгімелер естіліп тұр.

Бас дәрігер телефонды әрең дегенде көтереді. Жетібаев бірден дүрсе қоя беріпті. «Ей, сендер, мені құртайын деп жүрсіңдер ме? Төрт адам қырым қанды безгегімен ауруханаға түсіп, өлейін деп жатыр екен ғой. Оны неге жасырып отырсыңдар? Кешке «Хабардан» көрсеткенде бір-ақ айтпақшысыңдар ма маған?..»

Бас дәрігер ақталып әлек. 

- Бақытәлі Пәленшеевич, бұл өтірік ақпарат. Ешкімді жасырып отырғанымыз жоқ. 

- Жасырмағаныңды қайдам, «Хабардың» тілшілері барып түсіріп кетіпті ғой. 

- Жоқ, өтірік. Ешкім түсірген жоқ... Сосын өзіңіз ойлаңызшы... Қырым қанды безгегі деген қыстың күні болмайды ғой. Ол жаздың ыстығында бас көтеретін ауру емес пе?

- Е, айтпақшы, солай екен ғой... Жақсы, әйтеуір, абай болыңдар!

Басқарманың басшысы: «Міне, өзіңіз де тыңдап тұрдыңыз ғой... Ешқандай Қырым қанды безгегімен науқас түскен жоқ. Жалған ақпарат» деп, Бақытжан ағамен қоштасады. 

«Қазақстанның» тілшісі аң-таң. Қайтадан Ерсұлтанға телефон шалады. «Ей, Ерсұлтан, неғып өтірік айтасың? Қырым қанды безгегімен адамдар қыстың күні ауырмайды екен ғой...» деп...

Ерекең алдымен «Уһ» деп бір терең демалыпты. Сөйтеді де: «Бәке-е-е, мұның қызығы сонда болып тұр ғой... Ол төртеуді кене жаздың күні шаққан екен. Дәрігерлердің салғырттығы ғой, енді біліп отыр. Кінә өздерінен болғаннан кейін қалай болса да бұл ақпаратты шығармауға бар күштерін салуда... Біз көнбей жатырмыз. Бәке, сізді де әуреге салып қойдым-ау деймін... Біз кешкі жаңалықтардан беріп жатырмыз. Соны көріңіз. Болмаса ертең-ақ бізден алып бересіз ғой» дейді жаны ашығансып... 

Бақытжан аға тіптен жынды болады. Бұл кезде Ерсұлтан Астанаға телефон шалып, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы меншікті тілшілердің бастығы әрі досы Думан Хамитқа осындай «розыгрыш» ойнап жатқанын айтады ғой. Ол да қолдай кетіпті. 

Бақытжан ағамыз не істерін білмей, кабинетінде мәңгіріп отырғанда ұялы телефонына Думан Хамит шығады. Бастығы звандап жатқан соң Бәкең тұтқаны бірден көтеріпті. 

- Ассалаумағалейкүм, Бәке! Қалайсыздар?

- Жақсы, Думан! Өздерің қалай? Астана аман ба?

- Аман-аман... Бәке, интернеттен көзім шалып қалды, Жамбылда төрт адам қырым қанды безгегімен ауырған дей ме? Ол туралы бірдеңе білесіз бе?

Сөйтсе Бақытжан ағамыз:

- Ойбай, Думан... Масқара боп жатыр. Иә, сондай жағдай болды. Как раз сонымен айналысып жатырмын... - деп зуылдата жөнеліпті. 

- Сонда не болған? Анықтай алдыңыз ба?

- Талас ауданынан ба, әйтеуір, төрт адам қырым қанды безгегімен ауруханаға түскен. Әзірше тілшілерді кіргізбей жатыр. Бірақ мен облздравқа дейін шығып, ақпаратты анықтадым. Төрт адам тошны ауруханада жатыр... Жағдайлары өте ауыр. Өлейін деп жатыр...

- Бүгінгі жаңалыққа ол туралы бірдеңе бересіз бе?

- Әрине, беремін. Таңертеңнен бері сонымен айналысып жатыр емеспін бе? Бүгінгі жаңалықтан орын алып қоя беріңдер... Бүгінше жылдам ақпарат түрінде беремін. Ертең өлсем де, тірілсем де облздравтан біреуді сөйлетіп, ауырып жатқан адамдарды да түсіріп, кеңейтіп беремін... 

- Бүгінге үлгересіз бе? Сіз бүгін іссапарға шығамын деп едіңіз ғой...

- Сол іссапарды «отменить» ет деп, саған хабарласайын деп отырғанмын. Мынау масқара жағдай ғой. Бұны бүгін көрсетпесе болмайды. Әйтпесе, кешке «Хабар» беріп қояды. Бағана ауруханада олардың да тілшілері жылтыңдап жүрген... 

- Жақсы, Бәке! Кешкі жаңалықтардан орын алып қоя беремін. Ақпаратыңызды күтемін...

- Жақсы, Думан! Келістік...

Ал, содан Бақытжан ағамыз алдымен облздравқа телефон шалып, ит терісін басына қаптайды. Оның сөзінің аяғын тыңдамастан тұтқаны қоя салып, шырқырап Ерсұлтанға телефон шалады: 

- Айналайын, Ерсұлтан... Саған енді сендім. Бауырымсың ғой... Ағаңды құтқар... 

- Не істейін сонда, Бәке?

- Анау облздрав мүлдем жолатпай отыр... Сен түсірген видеоларыңнан бізге де бер. Тура облздравтың өзінің масқарасын шығарып беремін.

Ерсұлтан қиналғансиды. 

- Ойбай, Бәке, ертеңгі күні басшылығымыз біліп қойса, мені құртады ғой. Онсыз да осы ақпараттың дау-дамайы көп болайын деп тұрған сияқты...

- Енді Ерсұлтан... Мені өлтірмейін десең... Бір жолын қарастыр. Соның өтеуі ретінде бір жақсылап дастархан жаямын. 

- Жақсы, Бәке... Тек сізді сыйлағаннан кейін ғана осындай қадамға барамын. Бір сағаттан кейін жұмыс жаққа келіңіз... 

Бақытжан ағамыз сюжеттің текстін жобалап жасап қояды да, жарты сағатты әрең өткізіп барып, «Хабардың» кеңсесіне қарай ұшады ғой... Айтпақшы жол-жөнекей үйдегі жеңгейге телефон шалып: «Бүгін жақсылап ет ас. Ерсұлтандарды қонаққа шақырамыз» деп ескертіп қойыпты.

Ерекең айтады ғой: 

- Қар жапалақтап жауып тұрған... Бақытжан ағамыз «Келіп тұрмын, сыртқа шықшы...» деп, телефон шалды. Шықтым. Сөйтсем, екеуіміздің кездескенімізді ешкім көрмесін деп Бақытжан ағам ғимараттың бұрышында тығылып тұр екен. Маған жаны ашығаны түрі ғой... Барып, амандастым. Шыдамым соған ғана жетті. Бәкеңнің мүсәпір түрін көріп күліп жібердім. Ол ештеңе түсінбейді. Бақытжан ағаға қараймын да, қарға құлап күле беремін, күле беремін... Сөйтсем, Бақытжан: «Ей, Ерсұлтан, уақыт жоқ... Болшы, кассетаны тезірек берші...» деп, қарға аунатып пальтомның қалталарын жанұшырып тексеріп жатыр. Ал, содан кейін ағамды сендіре алсамшы... Ол тіпті материалды Астанаға жіберу үшін «Қазақтелекомға» тапсырыс та беріп қойыпты. Асығып, қайта-қайта сағатына қарай береді. Ғимараттан басқа тілшілер де жүгіріп шыққанда ғана Бақытжан ағам «розыгрыш» екенін бір-ақ білді... 

Есесіне кешке бәріміз Бәкеңнің үйінен ет жедік.

Сүйіспеншілік - бала тәрбиесіндегі негізгі қағида
Жақсылық жасаудан жалықпа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу